Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істер комитеті, «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасы арасында діни-рухани салада өзара ықпалдасып жұмыс істеу туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының Бас директоры Мұхамеджан Тазабек қол қойған үш жақты меморандум Қазақстанда дәстүрлі Исламды, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын, халыққа жалпы діни қағидаларды дұрыс жеткізуді көздейді.
Қабылдан келісім негізінде жоспар бойынша дін мен дәстүрдің мәнін ашатын, төл мәзһабымыздың асыл құндылықтарын насихаттайтын, діни және мемлекеттік мерекелердің мазмұнын баяндайтын арнайы бағдарламалар дайындалып, эфирден көрсетілмек.
Тараптар өзара тең құқықтарын басшылыққа ала отырып, өз құзыры шеңберінде дін саласындағы тұрақтылықты нығайту, діни экстремизмді алдын алу, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігін арттыру мақсатында бірігіп жұмыс істеуге келісті.
«Баршамыздың мақсатымыз бір: халқымыздың иманын күшейту, ізгілікті, мейірімділікті насихаттау, бірлігімізді бекем ету. Біз бірігу арқылы діни, рухани салада өнімді, нәтижелі еңбек ете аламыз», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин меморандум зайырлы қоғамның ортақ құндылықтарын насихаттауға септігін тигізетінін атап өтті.
«Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының Бас директоры Мұхамеджан Тазабек арна ұжымы ортақ игі істерге ақпараттық тұрғыдан атсалысуға, қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін мәлімдеді.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
www.muftyat.kz