Баршаға мәлім, үстіміздегі жыл еріктілер жылы болып жарияланды. Соған байланысты облыстық мешіттің бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің ұйытқы болуымен өзгелерге өнеге болар түрлі шаралар жүзеге асырылуда.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде облыс орталығымен іргелес жатқан Тобыл қаласында орналасқан «Маңдай батыр» мешітінің жамағатынан «Еріктілер тобы» құрылып, үлкен жұмыс атқарды.
Олар мешіт ауласындағы қарларды тазалады. Имандылық ордасы терезелерінің жан-жағын ауыстырды. Сөйтіп, еріктілер белсенділігінің арқасында жаңарып шыға келді.
Жуырда Федоров ауданының «Жиентай қажы» мешітінің ұйымдастыруымен «Толағай» отбасылық сайысы өткізілді. Онда Бас имам Е.Тілегенов өз сөзінде шаңырақтың ерекше құндылығы жайлы уағыз айтты.
Бұл сайысқа 6 отбасы қатысып, өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетті. Әділқазылар алқасы оларға лайықты бағасын берді. Жарыстың қорытындысы бойынша 1-ші орынға «Достық» тобы Айтбаевтар, «Қыран» тобы Бейбітхандар отбасылары ие болды.
2-ші орынға «Өрмекші Адай» тобы Бейбітхандар, «Таусоғар» тобы Амал отбасылары көтерілді. Ал жүлделі 3-ші орынды «Болашақ» тобы Ахметовтар, «Алға» тобы Халидолда отбасылары иеленді.
Жеңімпаздарға грамота мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сайыстың жоғары деңгейде өтуіне аудандық әкімдік қолдау көрсетіп, жанашыр азаматтар демеушілік етті.
Жақында Меңдіқара ауданындағы "Зұлқарнайұлы Мұса қажы" мешітінің бас имамы Еркебұлан Қошанның ұйымдастырумен Боровской селосындағы Ғ.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияның 5-8 сыныптар аралығында ҚМДБ-ның 30-жылдығына байланысты әрі Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай 30 игі іс-шара аясында Хәкім Абайдың өлең-жырларынан жарыс өтті.
Осы жарыста Абай өлеңдерін нақышына келтіріп әрі мәнерлеп оқып көзге түскен оқушыларға лайықты құрмет көрсетілді. Оларға жүлделі орындар беріліп, бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Жоғарыда аталған мешіт қызметкерлері мұндай мазмұнды жарыстар мен кештерді болашақта да өткізе бермек.
Осы Ережап айының алғашқы күндерінде Рудный қаласында ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай «Ғибратты қазына» атты рухани кеш болып өтті.
Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – жастардың діни көзқарасын дәстүрлі дініміздің талаптарымен, әдет-ғұрпымыздың құндылықтарымен, ұлттық болмысымызбен ұштастыра отырып, иманды, зайырлы, қоғамның қалыптасуына үлес қосу, жастарға ой салу еді.
Кеште ҚМДБ-ның бүгінде ел игілігі үшін жасап жатқан игі жұмыстары жайлы арнайы ақпараттық фильм көрсетілді. Шағын фильмнен діни басқарманың қоғам пайдасы үшін атқарған істері жиналғандар назарына ұсынылды.
Жиынға арнайы қатысқан облыстың Бас имамы Бахытбекқажы НұрғабылұлыҚМДБ-басшылығымен қабылданған «Жеті рухани қазық» құжаттамасы бойынша аталмыш құжаттаманың мән-мағынасын түсіндіріп, уағыз айтты.
Дәстүрімізді дәріптеп, дінімізді ұлықтауға бағытталған рухани кештің тағы бір тағылымды бағдарламасы – бүгінде қоғамда жиі ұшырасатын отбасындағы тұрақсыздық, ажырасушылардың жиілеуіне орай санаға ой салар «Ана қадірі»атты сахналық қойылымы болды.
«Ғибратты қазына» атты рухани кештеұлы ақын ел тарихында өшпес із қалдырған А.Құнанбайұлының 175 жылдығы да қамтылып, жас өрендер хакім Абайдың қара сөздерін жатқа оқыды.
Шырқалған иләһи әндер, дәстүрлі-ғибратты жыр-термелер, бейне фильмдержиынның әрін кіргізіп, көпшілік қауымды бір серпілтіп тастады.
Басқосу соңында қалалық мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев келген қонақтар мен кешті ұйымдастыруға мұрындық болған қала әкімдігі мен «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіне», сондай-ақ мәдениет пен БАҚ өкілдеріне шынайы алғысын жеткізді. Қатысушылар мерекелік дастарқаннан дәм татты.
Тобыл қаласының орталық мәдениет үйінде мешіт қызметкерлерімен ішкі саясат бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдығына орай оқушылар арасында семинар болып өтті.
Жиынды Маңдай батыр мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек жүргізіп, басқосудың ерекше мәніне тоқталды.
Семинарға Нұржан Наушабаев орта мектебінің 10 сынып және Заречный орта мектебінің оқушылары, ұстаздары қатысты. Қостанай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бахыт Жакенова Қарасу ауданының бас имамы Халық қажы Қабиұлы, Айсары орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Иса Байзақұлы, №19 орта мектебінің мұғалімі Толқын Бектепбергенқызы жиналғандар алдында баяндама жасады.
Онда Абайдың қара сөздері мен тәлім- тәрбиелік мән мағынасы терең өлеңдері оқылды.
Кезінде «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», деп данышпан Абай атамыз айтқандай кітап- адам баласына бала кезінен бастап өмірінің соңына дейін сырлас досы.
Рудный қалалық «Нұр» мешіті «Кітап –білім бұлағы» атты сайыс өткізді. Сайыс мақсатын мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы түсіндіре келіп: «Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал. Біз жастарымыздың кітап оқуға деген құлшыныстарын арттыра түсуіміз керек,-деді.
Аталмыш сайыстың негізгі көздегені«Дін мен дәстүр» кітабын оқып шығып, мазмұнын қатысушыларға жеткізу болды.Сайыс соңында жеңімпаздар анықталып, оларға діни кітаптар, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Бұл шара мешіттің ер жамағаты арасында өтсе, әйел жамағаты арасында да Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған»-атты әдеби іс-шара ұйымдастырылды.
Мұнда Хакім Абайдың қара сөздерін жатқа оқудан жарыс ұйымдастырылды. Жарысты ұйымдастырушы әйел-қыздар секторының ұстазы Аяулым Ермекқызы ерекше көзге түскендерге сый-сияпат көрсетті.
Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан шаһарының төрінде орналасқан, мыңдаған шәкірттерге діни ілім беріп, олардың біліктіліктерін жоғарылатуға қомақты үлестерін қосып жатқан «Астана» медресесінің түлектері аз емес.
Солардың бірі Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Нұрлан Сейдагалиев. Осынау ізденімпаз дін қызметкері жуырда аталмыш «Астана» медресесінде болып, онда оқып жатқан Қостанайлық шәкірттермен кездесті.
Жүздесу өзара ортақ өзекті тақырыптарға арналып, ізгі насихатқа толы сұхбаттардан тұрды. Шәкірттердің тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.
Кездесу соңында наиб имам Нұрлан Сейдагалиев болашақ дін қызметкерлеріне ұлағатты тілектерін айтты.