Облыстық Марал ишан мешітінде жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша діни сауат ашу курсына демалысқа шыққан оқушылар діни білім алуға кірісті.
Мұнда олар жаз айында діни сауаттарын көтереді. Жат ағымдардың зияндылығы жөнінде мағлұмат алады.
Шын ықылас танытқандардың арасында 3-8 сыныптағы қыздар да бар.
Оларға мешіттегі ұстаздар ерекше көңіл бөлуде.
Маусым айынан бастап, Арқалық қалалық мешіті жанынан жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады. Ол туралы жергілікті «Арқа дидары» телеарнасы арқылы халыққа хабарланды.
Жазғы сауат ашу курсында мешіт ұстаздары имандылық тәлім-тәрбие, құран оқып үйрену дәрістерін үйретіп, үлкендерді, ата-ананы құрметтеу, әдептілік насихаттарын жүргізуде.
Арнайы дайындалған бағдарлама бойынша таңертеңнен кешке дейін балалар мұндағы ұстаздарының қадағалауында болады. Екі мезгіл тамақтанып, сабақтан тыс уақытта бойларын жазып, түрлі спорттық ойындарға қатысады. Қаладағы өлкетану мұражайларыда болып, балалар ойын-сауық кешенінде болмақ.
Сонымен қатар мешіт дәрісханасында орналасқан үлкен экранды теледидардан балаларға арналған діни мультфильмдер де көрсетіледі.
Шағбан айының тағы бір ерекшелігі ол айда қасиетті Бараат түнінің (Оттан құтылу түні) болуы. Бұл түн Шағбан айының 14-інен 15-іне сәйкес келеді(маусымның 12-нен 13-не қараған түні).
Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түннің расымен де қасиеттілігін әрі осы түні Алланың жер бетіне мейірімі түсетінін дәлдеген хадистер жеткен. Бір нешеуін төменде келтіреміз:
1) Мүміндердің анасы Айша (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бірде Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі намазында сәждеде ұзақ уақыт жатып қалды. Сәждеде ұзақ болғаны соншалық, мен тіпті қайтыс болып кетті ме деп қорықтым. Осы оймен төсегімнен тұрдым да бас бармағын қозғап көрдім. Саусағы қимылдаған соң өз орныма қайта келдім. Осыдан соң мен оның сәждеде жатып, былай дегенін естідім: «Я Раббым, Сенің азабыңнан, мейіріміңе жүгініп, үміт етемін. Мен Сенен пана тілеймін. Сені Өзің лайық болған дәрежеде мадақтай алмаймын. Сен Өзіңді сипаттағандайсың». Осыдан соң ол маңдайын сәждеден көтеріп, намазын аяқтады. Және маған қарап былай деді: «Ей Айша, Пайғамбар сені қалдырып кетті деп ойлап қалдың ба?» Мен оған: «Жоқ Алланың Елшісі, мен тек қана сенің жаныңды осы өмірден алып кетті ме деп қорықтым, өйткені сенің сәждең өте ұзаққа созылды ғой». Осыдан соң Ол: «Бұл түннің қандай түн екенін білесің бе?»,- деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның Пайғамбары жақсы біледі»,- деп жауап бердім. «Бұл Шағбан айының жартысы толған түн. Бұл түнде Алла Тағала құлдарына мейірімін жаудырып, кешірім тілегенді кешіріп, мейірім тілегендерге Өз мейірімін жаудыратын түн. Тек қана жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамға ол райынан қайтпағанша назар салмайды».
2) Басқа хадисте Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Субхана уа Тағала Шағбан айының жартысы толған түні Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды кешіреді»
Қалб тайпасы – көп қой өсіруімен танылған тайпа болатын. Сол себепті де хадисте осы түні көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.
3) Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Бұл түн Шағбан айының ортасы. Алла Тағала тозақ отынан Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды босатады. Алайда Аллаға серiк қосушыға және мұсылман бауырына деген жүрегінде кегі бар адамға, сондай- ақ туыстық қарым-қатынасты үзуші мен тәкаппарлыққа салынып, етегін тобығынан төмен түсіріп киген адамға, әрі ата-анасына қарсы шығушы мен шарап ішетін адамға назар салмайды».
4) Муаз Ибн Жәббәл (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбаны айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да барлығының күнәсін кешіреді. Теқ қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді».
Хадис риуаятшыларының тізбегінде аз ғана олқылықтар болғанына қарамастан, жалпы хадистерден бұл түннің орнының ерекше екендігін әрі осы түнді қасиетті түндер секілді құлшылықпен өткізу – негізсіз және ойдан шығарылмаған амал екендігін аңғарамыз. Алайда заманауи ғалымдар хадис тізбегіндегі олқылықтарға қарап, бұл түнге қасиетті деп баға беруден бас тартқан. Негізінде хадис мамандары келтірілген хадистердің біразын сенімді деп, ал тізбегіндегі олқылықтары хадис іліміне сәйкес жеткізушілердің санының көптігіне қарай жойылып кетеді деп есептеген. Сондықтан да үмметтің үлкендері бұл түнге ерекше мән беріп, оны құлшылықпен өткізген.
Бұл түні не істеу қажет?
Бәрат түнін дұрыс қарсы алу үшін, бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Егер кімде кімнің шамасы жетсе, бұл түнді тек құлшылықпен өткізгені жақсы. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Құлшылыққа түннің екінші бөлігін арнап, мына ғибадат түрлерін атқарса болады:
- Намаз. Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ әр намаздағы рукуғ, қиям, сәджеде ұзағырақ болғаны абзал. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Егер кімде кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.
- Тиләуәт. Қасиетті Құранды оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады. Намаз оқып болған соң я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.
- Зікір. Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. Сондай-ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.
- Дұға. Бұл түні бізге көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. Осы түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жасаған дұғасы үшін сауаптан құр қалмайды. Сонымен қатар дұға барлық ғибадаттың өзегі болып табылатын Алла мен адамның байланысын арттырады. Адам баласы қалағанынша, кез келген түрде дұға ете алады, алайда ең жақсы дұға – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғалары. Бұл дұғалар шебер сөздерімен пенденің бұл өмірдегі әрі ақыреттегі барлық мұқтаждығын қамтиды. Расында да Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы соншалықты терең мағыналы, тіпті пенденің оған баға беруге шамасы жетпейді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы жайлы көптеген кітаптар әр тілде жарық көрген. Мұсылман адам Алла Тағалаға сол дұғалар арқылы, араб тілінде я болмаса өз ана тілінде сол дұғалардың мағынасын айта отырып жалбарынуы керек.
- Нәпіл намазды я болмаса Құранды белгілі себептерге байланысты оқи алмаған адамдар болса (ауру, әлсіздік немесе шұғыл тірлігі бар болса). Ол кісілерге осы берекелі түннің сауабынан құр қалмас үшін төмендегі амалдарды орындауды ұсынамыз:
1. Ақшам, құптан және таң намаздарын мешітте, егер сырқат болып, шамасы жетпесе үйінде оқысын.
2.Үнемі зікір айту, әсіресе салауат. Кез келген халде, адам ұйықыға кетпейінше зікірде болуы тиіс.
3. Алладан кешірім тілеу. Мұны төсекте жатып та сұрауға болады.
- Әйел адамдар етеккір кезінде намаз бен Құран оқи алмайтындықтан, олар кез келген зікірді айтып, тасбих тартып, салауат айтуы керек. Сонымен қатар Құран мен хадистерде келген араб тіліндегі дұғаларды дұға ету ниетімен оқи алады.
- Сенімділігі әлсіз хадиске сәйкес, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы түні Бақый қорымында болып, сол жерде жерленген мұсылмандарға дұға еткен деп айтылады. Осыған негіздеп кейбір фақиһтар осы түні қорымға барып, ол жердегілерге «Фатиха» сүресін я болмас Құраннан аяттар оқуды ұнамды іске жатқызған. Алайда бұл амал міндетті емес әрі мұны парыз амалдың дәрежесіне көтерудің қажеті жоқ.
Бұл түні жасауға болмайтын амалдар
1. Жоғарыда атап айтылғандай Бараат түні – мұсылмандар үшін ерекеше түн. Сондықтан да осы түнді Аллаға толықтай мойұсынған күйде өткізу қажет. Әрі Алланың алдында ұнамсыз амалдардан тиылу қажет. Дегенмен әрбір мұсылман әр кезде күнәлі істерден аулақ болуы қажет. Осындай түндері күнәлі іс жасау үлкен қылмыс әрі Алла Тағалаға бойұсынудан бас тартқандық болып саналады. Мұндай амал Алланың қаһарына ұшыратады. Сондықтан да барынша күнәлі істерден тиылуымыз қажет, асылында осы түнгі жасалған күнәлар бұл түннің барлық нығыметінен құр қалдырады.
2. Кейбір жандар осы түнді атап өту мақсатында еркеше тағамдар әзірлеп, үй ішін я болмаса мешітті безендіріп жатады. Бұл амалдардың барлығы негісіз болып қана қоймай, дінсіз адамдардың ойлап тапқан амалдары. Бұл соларға еліктеу болып табылады. Еліктеудің бұл түрі күнә болып есептеледі, ал оны осындай қасиетті түнде жасау күнәні ауырлатуы ықтимал. Мұсылмандар бұл амалдан аулақ болулары қажет.
3.Кейбір адамдар бір жерге жиналып діни жиын өткізіп, ұзақ сабақтар оқиды. Мұндай амалдарды атқарудың қажеті жоқ. Бұл түні тек қана құлшылық, ғибадатта болған абзал.
4. Намаз, Құран оқу және зікір деген секілді құлшылықтарды топпен емес, жеке орындау қажет. Нәпіл намаз жамағатпен оқылмайды. Және де бұл түнді атап өту үшін жамағатты мешітке жинаудың қажеті жоқ.
Керісінше бұл түні Алла Тағаламен жеке қалудың жолын қарастыру қажет. Бұл уақыт әлемдердің Раббысымен тікелей байланысып және де Оған ғана уақыт, Оған ғана көңіл бөлетін кез. Бұл түннің қымбат сағаттарында Жаратушы мен Оның құлының арасында ешкім болмауы тиіс. Әрі Алла Тағалаға ықыласпен, яғни ешнәрсеге алаңдамастан ғибадат қылу керек. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түнді ешкімнің қатысынсыз тіпті жары Айшаның (оған Алла разы болсын) қатысынсыз өткізген. Сол себепті де рұқсат етілген нәпіл ғибадаттар жамағатпен емес, жеке атқарылады.
Шағбан айының 15- і күнгі ораза
Бәрәт түнінен соң келесі күні, яғни Шағбанның 15-і күні ораза тұтқан мұстхаб амал болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы оразаны тұтуды өсиет еткен. Алайда бірнеше ғалымдардың көзқарасы бойынша бұл хадистер сенімді болып табылмағанымен де Шағбан айының бірінші жартысындағы тұтылған оразаның сауабы мол екендігі аңғарылады. Және де сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айында көп ораза тұтқан болатын. Үмметтің үлкендері (сәләф әс- солихтар) Шағбан айының 15- і күні ауыз бекіткен. Амалға асырылып отырған бұл тәжірибеден олардың бұл хадисті сенімді деп танығандарын көреміз.
Сондықтан да Шағбан айының 15- і күні ерікті түрде сауабынан үміт етіп, нәпіл ораза тұтуға кеңес береміз. Сондай- ақ қаза болған оразаны ұстауға да болады.
Мүфти Таки Усмани
Орыс тілден аударылған Azan.kz
Жақында облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам облыс орталығындағы заманауи көпсалалы колледжде болып, студенттермен жүздесті.
Бұл басқосуға құқықтану, есеп аудиті факультетінде білім алып жатқан жастар белгілі дін қайраткерінің тағылымдық әңгімесін мұқият тыңдады. Мұнда «Ислам терроризмді қолдамайды» атты тақырып жөнінде ойын ортаға салды. Наиб имам кездесуді орыс тілінде жүргізді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
баспасөз қызметі
Жуырда ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен қала және аудан имамдарының дәстүрлі жиналыс жүйелі түрде өткізілді. Міне бүгінде бұл жиын өз жалғасын тауып, имамдар облыстық орталық «Марал ишан» мешітінде бас қосты.
Бұл кездесу айлардың сұлтаны Рамазан айына дайындықтар жүргізу үшін өз уақытынан бұрын өткізілді. Осыдан бірнеше күн бұрын өкіл имам кіші төралқа жиналысына қатысып орындалуы тиіс болған бірнеше тапсырмалар жүктелген ді. Осы орайда мүфти хазреттің бұйрығы тыңдалып, дінбасы Ержан қажы Малғажыұлының Рамазан айына орай 2014 жылғы үндеуі айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, жан-жақты талқыланып, өкіл имам төмендегі мәселелерге ерекше тоқталып өтті.
Сонымен қатар жиналыс барысында Рамазан айына орай апта сайын жарыққа шығатын діни үн парақтыңда үлгісі имамдарға таныстырылды.
Сонымен қатар, қасиетті Қадір түні кешінде арнайы ғибратты шаралар ұйымдастыру жоспарланды. Өкіл имам Асылхан қажы Мұханбетжанұлы барша имамдарды Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмаларын бұлжытпай орындау арқылы осы жылғы қасиетті Рамазан айы – мұсылмандардың ауызбіршілігін арттыратын, өзара бауырмашылдығын нығайтатын қасиетті айды жоғары деңгейде өткізуге бәріміз бір кісідей атсалысуымыз қажет екендігін баса айтты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Асылхан қажы Түсіпбек басқаратын облыстық Марал Ишан мешіті Халықаралық балаларды қорғау күніне орай игілікті іс атқарды.
Осы арада бір айта кетер жай, киелі орынның ұжымы әрдайым қайырымдылық жасап, көпшіліктің алғысына бөленіп келеді.
Жуырда ғана мешіт қызметкерлері осы дәстүрді жалғастырып, облыстық балалар үйіндегі тәрбиеленіп жатқан төрт қызға елу мың теңгеге жаз айына арналған киім-кешек алып берді.
Сондай-ақ балалардың мерекесіне байланысты он баланы демалыс саябағына алып барып, серуендетті. Мына дүниеде бүлдіршіндердің жүзіндегі қуанышқа ештеңе де жетпейтіндігіне тағы да көзіміз жетті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
баспасөз қызметі
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров Қостанай шаһарына екі күндік сапарда болды. Бұл көрнекті дін қайраткерінің аса жауапты қызметке кіріскелі бері аталмыш қалаға алғаш келуі.
Мәртебелі қонақты әуежайда облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов, облыстық дін жөніндегі басқармасының басшысы Нұрқан Нөгербеков, облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек қарсы алды.
Осы арада бір тоқтала кетер жай, Ержан қажы Малғажыұлы өзінің қартты сыйлап өскен азамат екендігін де көрсетті. Сондықтан болар, ол облыс орталығына ат басын бұрғаннан кейін жуырда ғана 80 жасқа толған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Жолбарыс қажы Баязид пен құрметті ақсақал Мырзағали қажы Ғабдоллаұлының киелі қара шаңырағында болып, ардақты ақсақалдарға шын жүректен шыққан ең ізгі тілегін білдірді.
Дінбасының шаһарымызға келуі қостанайлық мұсылмандар үшін де үлкен оқиға болды. Өйткені осы сапардан құлағдар болған жұртшылық облыстық Марал ишан мешітіне көп жиналды. Осындағы Жұма намазына қатысушылардың арасында жастар да аз емес еді.
Осы басқосуды облыстың бас имамы Асылхан қажы ашып, сөзді Бас мүфтиге берді. Ол жиналған қауымның алдында тәлімдік-тағылымдық жағы мол уағыз айтты. Өзінің тұңғыш рет Қостанайға табан тіреп тұрғанына қарамастан, мұндағы ағайындардың шынайы пейілдеріне шексіз ризашылығын жеткізді.
Жұма намазынан кейін Бас мүфти, Ержан қажы Малғажыұлына облыс өкіл имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы, облыс әкімі Нұралы Мұстафаұлының қайырымдылық көмегінің арқасында жасалған облыстық «Марал ишан» мешітінің ресми жаңа сайтымен таныстырып, мешітке келуші жамағатқа арналған онлайн жүйесіндегі сабақтың көрсетілуіне арналған үлкен экранды телевизордың орналастырылғандығын атап көрсетті.
Бұдан соң Бас мүфти, Ержан қажы Малғажыұлы Облыстық «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының арнайы сұхбатына қатысып, қазіргі уақыттағы еліміздегі діни ахуал төңірегінде сөз қозғады.
Сол күні кешке облыс орталығындағы балалар шығармашылық мектебінің ғимаратында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан қажылар қауымдастығының ұйытқы болуымен «Дін мен дәстүр» деп аталатын рухани танымдық кеш жерлестерімізге ұмытылмастай әсер қалдырды.
Осынау кешті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ақжол қажы Мейірбеков жүргізіп, жиынның мақсаты мен мәніне кеңінен тоқталып өтті. Содан кейін қасиетті Құран оқылды.
Алғашқы сөз Ержан қажы Маямеровке берілді. Өткен уақыт ішінде өзінің терең білімімен, ұлағатты сөздерімен күллі республика мұсылмандарының жүрегінен берік орын алған азамат тебірене келе:
— Құрметті қауым! Мен бұл өңірге тұңғыш рет қадам басып отырмын. Бірақ мұндағы мұсылман жұртшылығының дінге деген ықыласы өте жақсы екен. Қостанай — қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың және басқа да көптеген ұлы тұлғалардың Отаны.
Сондықтан да осы сапарымда сіздермен жүздесіп отырғаным үшін өзімді шексіз бақытты сезінемін. Осынау құт, қыдыр дарыған өңірде алдағы уақытта да имандылық өрістеп, дініміз өркендей беретіндігіне ешқандай шүбә келтірмеймін. Өйткені бүгін де, байқап отырмын, залда отырғандардың арасында еліміздің жарқын болашағы болып табылатын жігіттер мен қыздар да жеткілікті екен.
Өздеріңіз де басылымдардан оқып, теледидардан көріп жүрген боларсыздар, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тікелей ұйытқы болуымен «Дін мен дәстүр» деп аталатын берері мол құнды кітап жарық көрді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылды «Дін мен дәстүр» деп атағанымыз да көпке белгілі.
Қазір ең басты құндылық — халықтардың ауызбірлігі, достық пен ынтымағы екендігі даусыз. Мемлекет басшысының ұстанып отырған кемеңгер саясатын қолдай отырып, туған жерімізді гүлдендіру, адам бойындағы асыл қасиеттерді ардақтау мақсатында бәріміз де бір үйдің адамдарындай жұмыла еңбек ете беруіміз керек, — деді.
Қазақ еліне Еркін Дуанаевтың есімі де жақсы таныс. Ол Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы болмас бұрын да Ислам дінінің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан азамат. Сондықтан да болар, жерлестеріміз оның нақты деректер мен дәйектерден құрылған ұлағатты сөздерін барынша ұйып тыңдады.
Жұртшылық Қазақстан қажылар қауымдастығы төрағасының орынбасары, көрнекті ғалым, Руханият университетінің ректоры, профессор Мұрат қажы Мыңбаевтың атқарып жатқан еңбегіне әбден қанық. Осынау айтулы тұлға да кеште көпшілік алдында сөз сөйлеп, тағылымды әңгімелер айтты.
Сондай-ақ бұл жүздесудің соңында белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет Қостанай жұртшылығы атынан жоғарыда аталған танымдық кешті ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдіріп, өзінің имандылық тақырыбына арнаған жаңа өлеңін оқыды.
Кеш соңында Ақжол Мейірбеков бастаған өнер тарландары Қазақстанның халық әртісі, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін асқақтата шырқағанда залда жиналған қауым орындарынан тік тұрып, өздерінің ерекше құрметтерін көрсетті.
Ертеңіне, яғни сенбі күні сағат 10-нан аса қала жұртшылығы облыс орталығындағы 9-шы шағын аудандағы белгілі кәсіпкер, «Ерлан» компаниясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Төлеген Жайлаубаевтың өз қаржысына тұрғызған жаңа мешітке қарай судай ағылды.
Алматыдан арнайы шақырылған дарынды әнші Ақжол Мейірбеков бұл басқосуды да өзіне тән шеберлікпен жүргізді. Алғашқы сөзді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына берді.
Дінбасы жаңа мешіттің салтанатты түрде ашылуы Қостанай шаһарындағы үлкен тарихи оқиға екендігіне тоқтала келіп, жалпы мұндай мешіт салу сауапты іс екендігін айтты. Осындай киелі орынды тұрғызып, мұсылман бауырларымыздың игілігіне беріп отырған кәсіпкер Төлеген Ғалымұлының бұл игі қадамы барша жігіттерге өнеге екендігіне ерекше тоқталды.
Оған шынайы алғысын білдіріп, қасиетті Құранды көпшілік алдында табыс етті. Енді осы мешіттің бас имамы болып ұзақ жылдар бойы дін саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан Шоқан қажы Әмірханов қызмет атқаратындығын да тілге тиек етті.
Осы зәулім мешіттің салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов сөз сөйлеп, барша жерлестерімізді бұл қуанышты күнмен шын жүректен құттықтады. Алдағы уақытта мешіт парасат ордасына айнала беретіндігіне нық сенімді екендігін де жеткізді.
Ал кәсіпкер Төлеген Жайлаубаев болса өздері үшін есте қаларлық сәтте қолдау көрсетіп, арнайы келіп отырған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына, облыс әкімі Нұралы Мұстафаұлына және басқа да құрметті қонақтарға, күллі жұртшылыққа әулеттерінің атынан шынайы алғысын білдірді.
Мәртебелі қонақтарға ата-бабамыздан келе жатқан қазақы салтымыз бойынша иықтарына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Мешіттің символдық кілтін дінбасына тапсырды.
Содан кейін жиналған жұртшылық жаңа мешіттің ішін аралап көрді. Осынау қуанышты күнге орай жайылған ақ дастарқаннан дәм татты. Құран оқылды.
Бұдан соң Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жаңадан ашылған мешіттің ішінде, облысымызға қарасты барлық қала, аудан және ауыл имамдарына мәжіліс өткізіп, имам-молдалардың көкейлеріндегі сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қостанай қаласында салынып жатқан облыстық зәулім мешіттің құрылысымен де танысып, жасалған жобасына өз ризашылығын білдірді.
Осыдан кейін мүфти Ержан қажы Малғажыұлы облыс әкімі Нұралы Мұстафаұлымен кездесіп, имам-молдалардың сапасын арттыру, жас кадірдерді тәрбиелеу, және келесі жылы қаламызда жаңадан салынып жатқан облыстық мешітті халық қолданысына беру мәселелері турасында сөйлесті.
Оразалы Жақсанов
Жақында рухани орда болып табылатын Л. Толстой атындағы отбасылық кітапханада нәубет жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған кеш болып өтті.
Онда зиялы қауым өкілдері жиналды. Жұртшылық алдында облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам сөз сөйлеп, жазықсыз жапа шеккендердің әруақтарына бағыштап құран оқыды.
Сондай-ақ шаһардағы Жеңіс саябағындағы есмкертшік жанында өткізілген митінгіге де жерлестеріміз қатысып, саяси – қуғын сүргін құрбандарын еске алды.
Өткен жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеровтың Қостанай шаһарына сапары басталды. Бұл көрнекті дін қайраткерінің аталмыш қалаға аса жауапты қызметке кіріскелі бері алғашқы келуі.
Мәртебелі қонақты әуежайда облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрқан Нөгербеков, облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек қарсы алды.
«Қарты бар елдің қазынасы бар» демей ме? Дінбасы республикаға белгілі ақын, Қостанай қаласының құрметті азаматы, жуырда ғана 80 жастың сеңгіріне көтерілген Жолбарыс қажы Баязидтің құтты шаңырағында болып, қадірмеңді ақсақалға ең ізгі тілегін білдірді.
Сол күні Ержан қажы Малғажыұлы облыстық Марал ишан мешітіндегі жұма намазда мұсылман бауырларымызға арнап уағыз оқыды.
Кешке қалалық балалар шығармашылығы мектебінің ғимаратында өткен «Дін және дәстүр» тақырыбындағы танымдық шараға қатысты.
Осы сапарында Бас мүфтиді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов қабылдады. Содан кейін Ержан қажы шаһардың 9 – шы шағын ауданындағы жаңа мешіттің салтанатты түрде ашылуына қатысып сөз сөйлейді деп күтілуде.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
30.05.2014 ж.