Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев әкімшдіктің кіші залында, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шығарған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітабын көпшілікке таныстыру мақсатында мәжіліс өткізді.
Мәжілісті бас имам өзі жүргізіп, аталмыш кітаптың негізгі мақсаты – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізділікке келтіру, ысырапшылыққа, шариғатқа қайшы келетін әрекеттерге жол бермеу болып табылатындығын айтып өтті.
Одан кейін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасов шығарылған еңбектегі негізгі деген мәселелерге жеке-жеке тоқталып, өз ой-пікірін айтып, түсінбеген тақырыптары жайында сауалдарын қойды.
Қатысушылар кітаптың бүгінде қоғамымызға өте қажетті екендіктерін айтып ҚМДБ-на шынайы алғыстарын айтты.
Қалалық мешіттің алқа мүшесі, дін жанашыры Мираш қажы да өз ойын айтып, жалпы баршамыз да мұсылман болғандықтан бәріміздің де дініміз бір, құранымыз бір басшылығымыз да бір. Сондықтан мүфтияттың шығарған фәтуаларды талдап-талқыламай-ақ оны орындаға және арнайы дін өкілдеріне бағыну ол – парызымыз екенін жадымыздан шығармайық. Келешекте де халық ішінде дәстүрлі дініміздің кең қанат жайылуына әрқайсымыз үлесімізді қосып, мешіт қызметкерлеріне шынайы жанашыр бола берейік деп сөзін қорытындылады.
Жиын соңында аталмыш кітаптың бір данасын мешіт имамы, орталық кітапхана қызметкеріне табыстады.
Мәжіліске әкім орныбасары З.Мырзағалиқызы, Ішкі саясат бөлім басшысы М.Кәрімқызы, Теолог маман Ә.Бауыржанұлы, ақсақалдар алқасы, кітапхана қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет сан қырлы азамат. Ол тек өз саласының білікті маманы ғана емес, руханиятқа да жаны жақын екендігін дәлелдеді.
Облыс орталығындағы жаңа мешіт пайдалануға берілгелі де қаншама игі істер атқарылды. Жұртшылыққа берері мол конференциялар және басқа да маңызды тақырыпта басқосулар жиі өткізіліп тұрады.
Міне, осы жайларды бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің халыққа жеткізуде сіңіріп жатқан еңбектері де зор. Мұны бас имам жете түсінеді.
Үстіміздегі жылғы журналистер қауымының мерекесіне де айрықша назар аударды. Өңірдегі газет және телевидения саласында жемісті жұмыс істеп жатқан бір топ тілшілерді арнайы шақырып, оларға құрмет көрсетті.
Бахытбек Нұрғабылұлы әріптестерімізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің атынан Алғыс хаттарды салтанатты түрде тапсырып, сый-сияпат жасады.
-Журналист ағайындар мешіт пен оқырмандар арасындағы алтын көпір болып табылады. Біз алдағы уақытта да бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істей береміз, — дейді өкілдіктің жауапты қызметкері Қанат Орынтайұлы.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Еліміз жыл сайын Құрбан айт мейрамын ұлан-асыр тойлап келеді. Бірақ биыл Тобыл жұртшылығы қасиетті Рамазан айынан кейін келетін Ораза айт мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Облыстық мешіттің ұйытқы болуымен Қостанайдағы «Махито» демалыс кешенінде ұйымдастырылған рухани шараға өңіріміздің барлық аудан-қаласы мен еліміздің бірқатар аймақтарынан арнайы келген қадірлі меймандардың қатары көп.
— Соңғы жылдары Қостанай аймағында руханият жағынан үлкен сілкіністер болды. Облыс орталығында сәні мен сәулеті жарасқан мешіт ашылып жатыр. Діни мерекелерді атап өтудің де артықшылықтары байқалады. Бұл да асыл дініміз бен ұлттық болмысымызды арттырудың бір көрінісі, — деген белгілі ұстаз, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Сансызбай Құрбанұлы енді өңірде Тобыл өзенінің жағалауында дүйім жұрттың басын қосып, ұйымдастырып отырған Ораза айт мейрамы көпке үлгі боларлық әрі қызығарлық іс екенін жасырмады.
ҚМДБ Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола облысы бойынша өкіл-имамдары да ұлық мерекеге ақжарды тілектерін білдіріп жатты. Ал есімдері Алашқа белгілі қос айтыскер ақын Айбек Қалиев пен Елордадан арнайы келген Серікзат Дүйсенғазин сөз сайыстырып, кестелі жырға сусап отырған көпшілікті бір серпілтіп тастағанын айта кетейік. Замандастар бүгінгідей рухани күннің артықшылығын, еліміздің діни тұрақтылыған айналып өткен жоқ. Дегенмен олардың әдемі әзілдеріне жұрт қиқу салып отырды. Әсіресе, Айбек ақынның Серікзатқа қарап, «Біздің өңірімізге келген бас имамдарды көп ұзатпай Астанаға алып кететін әдеттерің бар. Ендігі кезек Бахытбек Тәжімбетке жетіп жүрмесін» деп қағытып өтті. Қарсыласы да қарап қалған жоқ: «Біз имамадарыңызды іскер, көпке абыройлы болған соң алып кетіп жатырмыз» деді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет елдің ыстық ықыласына бөленген екі ақынға демеушілер атынан қос арғымақ мінгізді. Өткен Рамазан айында облыстық мешітте пайғамбар хадистерін жатқа айтудан сайыс өткен екен. Бас имам аталған жарыстың жүлдеді орын иегерлерін марапатсыз қалдырған жоқ. Ал көмекке мұқтаж З.Нұрғалиеваның отбасына және ұлты басқа болса да, ана тілімізді кеңінен насихаттап жүрген И.Хусайыноваға сый-сияпаттар жасалды.
— Бүгінгі сыйлықтың зоры – үлкен қажылыққа жолдама. Демеушілер атынан алдағы Құрбан айт мерекесіне орай, қасиетті Мекке қаласына мешітіміздің жамағаты Қайрат Қалабайұлы баратын болады, — деді Б.Тәжімбет.
Аймағымыз бен көршілес облыстардан келген өнерпаздар, ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академияның тыңдаушылары қойған әскери ұрыс жаттығуларынан көрініс, өңіріміздегі Түрік этно-мәдени орталығы «Горцы Ахыска» ансамблінің кавказ биі мерекелік шараның көрігін қыздырып әкетті. Демалыс кешенінің бір бөлігінде «Социум және мен» қоғамдық бірлестігі түрлі ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өткізгенін айта кету керек. Ал мереке соңында барша жамағатқа дастархан жайылып, дұға бағышталды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Құран - адамзаттың екі дүниелік бақыты үшін шырақ етіп түсірген Алла Тағаланың қасиетті кітабы.
Жақында Қарабалық ауданының орталығындағы «Ғашура ана» мешітінде берекелі Рамазан айының құрметіне Құран Кәрімді жатқа оқудан сайыс өткізілді. Бұл сайыстың негізгі мақсаты - мешіт шәкірттерінің осы уақытқа дейінгі алған білімдерін шыңдау және енді үйренушілердің қасиетті кітапқа деген қызығушылығын ояту.
Талапкерлердің сауаттылығы мен діни білім деңгейіне қари Ихромудин Замиров және мешіт жамағаттары Байқал, Роза және Райхан қажылар әділ қазылық етті.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен мақтау қағаздары табыс етілді. Бұл берері мол рухани шараға қатысушы шәкірттердің барлығы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Марапаттау салтанатынан кейін жиналған жамағатқа арнайы ауыз ашар дастарханы жайылып, ас берілді.
«Ғашура ана» мешітінің бас имамы Төлеген қажы Арғынбайұлы жоғарыда аталған жарысты өткізуге демеушілік еткен Мәлік Молдахметовқа аудан мұсылмандары атынан шынайы алғысын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Құрметті Қостанайлықтар және қала қонақтары сіздерді ү.ж. 27 маусым сағат 10.30-да, Гашека көшесінің бойында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы саябағында (КЖБИ ауданындағы Тобыл жағалауы) өтетін Ораза айт мейрамына арналған мерекелік рухани кешімізге шақырамыз.
Бұл, Ораза айтты атап өтудегі негізгі мақсат – Алла Тағаланы мадақтап, пайғамбарымыз Мұхаммадты (ﷺ) құрмет тұту, ел бірлігін насихаттап, жастарға имандылық қағидаттарын ұғындыру, қоғамымыздағы адамдарды Отан сүйгіштікке, бауырмалдылыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс пиғыл-қылықтардан ада болуға шақыру.
Осынау айтулы мейрамды атап өту арқылы, дәстүрлі Ислам дінінің негізі мен мән-маңызын тереңірек түсінуді Алла Тағала баршамызға да нәсіп етсін.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Рудный қаласының Қашар кентінде тұратын қазақ қызы Марина Аманова барша жүрегі нәзік жандарға тағылым боларлықтай игі іс атқарды.
Ол өзінің бір күнін "Мейірімді шаштараз" деп атап, қасиетті Рамазан айының құрметіне барлық келушілерге тегін қызмет көрсетті. Оның осы қайырымдылық жұмысына жерлестері дән риза болды.
Өзінің парасаттылығын танытып, имандылық қырынан көзге түскен Маринаға алдағы уақытта тек ғана сәттілік тілейміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Таяуда Қостанай облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Қостанай ауданының «Маңдай батыр» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің атынан ауызашар берілді.
Осынау ауызашар рәсімінде облыс мешіттің найб имамы Бақытжан қажы қатысып, Рамазан айының ерекшелігі мен қадір-қасиеті жайында уағыз-насихат айтты. Аталмыш басқосуда осы қасиетті айда кімде-кім мүмкіндігінше жақсылық жасайтын болса, Алла Тағала тарапынан сауапқа молынан кенелетінін сөзге тиек етті.
Ауызашарға қатысқан жамағат муфти хазреттің атынан берілген ауызашарға шынайы ризашылықтарын білдірді. Оған жауапты да абыройлы қызметінде табыс, деніне саулық тіледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінде «Халал астың маңыздылығы» деп аталатын семинар болып өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының халал өнімдерін стандарттау және қажылық бөлімінің басшысы Бейбіт Мырзагелдиев «Халал даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас сарапшы маманы Алмагүл Әбілдинова және өңірдегі аудандар мен қалалардың имамдары, халалға байланысты мейрамханалары бар азаматтар мен қасапшылар қатысты.
Семинарды Қостанай облысының өкілі бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет ашып, басқосудың мәні мен мақсатына тоқталды.
Содан кейін есімі елімізге кеңінен танымал Бейбіт Мырзагелдиев сөз сөйлеп, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қазіргі таңда бүгін әңгіме арқауына айналып отырған халал жайына ерекше назар аударып отырғандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан ашылған өзі басқаратын бөлімнің тыныс-тіршілігі жайлы жиналған жұртшылықты жан-жақты хабардар етті.
Бұл күндері «Халал даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы да аталған діни басқарма екендігін айта келіп, республикамыздың барлық өңірлерінде оның бөлімшелері де жұмыс істейтін болатындығын мәлімдеді.
Ал Қостанай өңірінде осы маңызды мәселемен айналысу облыстық мешіттің наиб имамы Сейіт Темірбекұлына үлкен сеніммен тапсырылып отырғандығын айтып өтті.
Сондай-ақ бұл жиында өз саласының білікті маманы, «Халал даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас сарапшысы Алмагүл Әбілдинова күн тәртібіндегі маңызды мәселе хақында өзінің ойын ортаға салып, еліміздегі осы бағытта атқарылып жатқан игі жұмыстарға шолу жасады.
Басқосуда өңірімізден арнайы келген азаматтар өздерін толғандырған сауалдарына нақты жауап алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
ҰБТ – алтын ұясынан ұзамаған бозбала мен бойжеткен үшін оңай сынақ емес. Сіздің болашағыңыздың бір кірпіші осы ұпаймен қаланады. Ендеше ҰБТ-ға бармас бұрын мына бес кеңеске назар салыңыз.
1. Үйден шыққанда айтылатын дұғаны ұмытпау.
«Бисмилләһ, тәуәккәлту ъаләллаһ, уә лә хаулә уә лә қууата иллә билләһ» («Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім. Алла Тағаланың күш-қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ»). Кімде-кім үйден шығарда осы сөздерді айтса, оған: «Сен тура жолдасың, құтылдың әрі қорғаулысың» деп айтылады. Сол кезде шайтан ол адамнан қашады да басқа шайтанға барып: «Сен тура жолдағы, құтылған әрі қорғалған адамға не істей аласың?» – деп айтады»
. Ғалымдар осы хадистегі «құтылу» сөзіне қатысты: «Ол адам екі дүниеде уайым салатын нәрсенің бәрінен құтылады» деген [1].
2. Ниетті түзеу.
«Әрбір амал ниетке байланысты..»
[2]. Яғни, адамның ниеті дұрыс болған сайын Аллаға ұнамды, Алланың жәрдемі жақын. ҰБТ балы саған не үшін керек? Біріншіден, білім талап ету – әрбір мұсылманға парыз етілген. Ол осы арқылы надандықтан құтылады, өзгелерге көмектеседі. Екіншіден, білімді, мықты болған, кәсібін кемел игерген мұсылман – әлсіз мұсылманға қарағанда Аллаға сүйіктірек. Егер ол сол меңгерген кәсібі арқылы Отанына, қоғамға, туған-туысына пайда келтірсе, тағы да Аллаға ұнамды болады. Төртіншіден, ата-ана баласымен мақтанғысы, оның жетістігін көргісі келеді. Оның жоғары балл жинап, жақсы мамандықтың оқуына түсуі – ата-анасын разы ететін істерден. Ал Алланың разылығы – ата-ананың разылығында. Ендеше, бауырым, сен де ниетіңді ізгілікке қарай баста!
3. Тәуекел ету. Құранда: «Кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (Тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші. Алла әрбір нәрсеге өлшем белгілеген» [3] делінген. Жеткілікті! Аллаға дұрыс тәуекел жасаған адамға басқа ешнәрсе қажет емес деген сөз. Дұрыс тәуекел екі ретпен жасалады: біріншісі – себептерін орындау, екіншісі – Аллаға тапсыру. Мәселен, сапар алдында мұздақтың болуынан хабардар болған жүргізуші, сапалы әрі жаңа дөңгелегіне емес, емтихан тапсырғалы отырған студент не оқушы біліміне яки ақшасына, танысына емес, бір Аллаға сенуі тиіс. Өйткені, кейде жаңа дөңгелекті көліктер апатқа ұшырайды, жақсы оқитын, ақшасы мен танысы көп оқушылар да төмен ұпай жинайды. Сонда оқушы, бар күшін салып дайындалып болғаннан кейін: «Я, Мейірімді де Құдіретті Алла! Міне, мен қолымнан келгенін жасадым, ары қарай ешнәрсеге күшім жетпейді. Тек сен қолдасаң, сен қаласаң ғана ісім оңға баспақ! Өзіңнен ғана жәрдем сұраймын!» деп нәтижені Аллаға тапсыруы тиіс. Ал Алла Тағала оған «Мен саған жеткіліктімін, ісіңді соңына жеткіземін» деп уәде беріп қойған. Күллі әлем қазыналарының, жүректердің, істердің иесі болған Аллаға тәуекел еткеннің уайымы болмайды.
4. Тестілеуді Алланың атымен бастау. «Бисмилләһир-рахманир-рахим» (Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен) деген сөзбен басталған іс берекелі болады. Алла Тағала да Құранда Өз аяттарын осы сөзбен бастайды және Мұхаммед Пайғамар да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) істерін Алланың атымен бастаған. Сондай-ақ, тестілеу барысында сабырлы қалыпты сақтап, уақытты күзетіп, асығыстыққа берілмеген дұрыс. Қазақ халқының «асыққан – шайтанның ісі» деген сөзі қасиетті хадис мәтіндерімен астасып жатыр. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Сабыр – Алладан, асығу – шайтаннан»
, деген [4]. Оқушы Алланың Мейірімді, Естуші, Көруші, Әділ, Білуші екенін ұмытпасын. Сен Оған дұға жасадың ба, Оған ғана тәуекел еттің бе, онда Алла Тағаланың сен үшін қайырлы нәрсе нәсіп ететіндігіне сен. Өзіңе ғана жақсылық тілеп, басқаларға теріс ниетті болудан сақтан. Керісінше, сыныптастарың, аудиторияластарың үшін де дұға жаса. Сонда ұтасың! Өйткені, хадисте:«Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағанды берсін»
деп айтады [5]. Қандай керемет! Сен адам үшін дұға етсең, сен үшін періште дұға етеді!
5. Тағдырға разы болу. Қандай да біркелеңсіздік, сәтсіздік болса да бар иманыңды жинап, бұйырғанға разы болуғатырыс. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді». Өйткені, сен басқа жаратылыстан емес, әлемдердің Раббысынан сұрадың, Оған әлдеқашан ісіңді тапсырып қойғансың. Демек, болған істе сен үшін үлкен қайыр бар. Алайда, сен оны білмейсің. Керісінше, қиындықтың артынан келетін жақсылықты күт. Сондай-ақ, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Сендердің біреулерің қандайда бір қиындыққа тап болғанда, егер де мен бұлайістемегенде, бұл нәрсе болмас еді» демесін, «Бәрі де Алланың қалауымен» десін. Өйткені, «егер» шайтанға есік ашады»
, [6] деген. Олай болса, «Құдайсыз қурайдың да сынбайтынын» ұмытпағайсың, бауырым!
[1]Әбу Дәуд
[2] Бұхари, Муслим
[3] Талақ» сүресі, 3-аят
[4] Байхақи, Абу Яғла
[5] Муслим
[6] Муслим
Міне үстіміздегі жылдың оразасы да аяқталуға жақындап қалды. Облыс орталығындағы зәулім мешітте демеушілердің қолдауымен күніне 500-ден астам ораза ұстаушыларға ауызашар берілуде.
Мұндай игілікті шара облысымыздың көптеген мешіттерінде жүзеге асырылуда. Жалпы, облыс көлемінде күніне шамамен 2350-ге жуық халыққа дастарқан жайылып, жүрегі жомарт азаматтар олардың шынайы алғысын алуда.
Әрине, бұл тек ас ішіп, аяқ босату емес. Әрбір ауызашар рәсімінде имамдар уағыз айтса, Қалқаман Жақып, Ақылбек Шаяхмет секілді елге танымал тұлғалар дін мен дәстүрді дәріптейтін ұлағатты да әсерлі әңгімелерімен көпшіліктің ілтипатына бөленуде.
Сонымен қатар, мешітіміздің жас мамандары Әлішер Балахмет пен Тимур Туребаевтар өздерінің ой-өрістерінің кеңдігін көрсетіп, оразаға қатысты түрлі викториналық сұрақтармен жамағаттың көңілінен шығуда.
Сондай-ақ гір тастарын көтеруден, планкада тұрудан және басқа да спорт түрлерінен тағылымдық жағы мол шаралар да өткізіліп келеді.
Бұл берері мол басқосуларда қазіргі кезде мұсылмандардың үйлену тойы, баланың ақиқасы мен шілдеханасын өткізуге белсене атсалысып жүрген Азамат пен Талғат секілді асабалар сөз маржанын төгіп, ауызашарлардың көркін барынша аша түсуде.
Сонымен бірге, Федоров ауданындағы «Жиентай қажы» мешітінде Рамазан айының құрметіне жамағат арасында волейболдан жарыс өткізілсе. Әулиекөл ауданындағы «Әмит ишан» мешіті «Ораза айында ішімдік сатпау» акциясын ұйымдастырды. Бұл игі бастамаға аудандағы 10 дүкен қолдау көрсетті. Әрине, бұл да түсінген кісіге салауатты өмір салтын ұстануға бастайтын ізгі амалдың бастауы.
Жалпы, әрбір ауызашарларға қатысқан жерлестеріміз өздерінің дән ризашылықтарын білдіріп жатқаны бәрімізді де қуантады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі