Сұрағы:
Әссәләмуалай кум! Намаз оқып жүріп уақыт өте иман әлсіреп намаз мені тастап, иман көтерілген соң қайтадан бастадым. Осылай 3 рет болды. Қорқам қазыр оқимын бирақ қаза намаздың орны қалай болмақ. Жылдап оқылмай қалды, кеңес беріңіз ші?Жауап:
Уаалайкум ассалам! Оқып жүрген намаздарыңызды Алла Тағала қабыл етсін! Шынымен де әрдайым намаздарды қаза қылып оқу дұрыс емес. Сонымен қатар қол бос уақытта намазды оқып, ал тығыз шаруа шыққан кезде немесе қолы босамаған уақытта намазды оқымай тастап қоюға шариғатымыз қатаң тыйым салған. Себебі Алла Тағала Құранда былай деген:
وَاعْبُدْ رَبَّكَ حَتَّىٰ يَأْتِيَكَ الْيَقِينُ
«Өзіңе айқын нәрсе /өлім/ келгенге дейін Раббыңа құлшылық қыл!»
Сондықтан иман әлсіремес үшін, Алла Тағаланың бізге берген нығметтерін, сыйларын өте көп еске алып жүру қажет. Сол кезде Алла Тағаланың бұйрықтарын орындауға деген ынта-ықыласымыз арта түседі. Қосымша сізге қаза намаздардың қалай өтелетіндігі жөнінде қосымша мәліметті бере кетейін.
Қаза намаздар қалай өтеледі?
С: Өткізіп алған намазды қашан өтейді?
Ж: Есіне түскен кезде өтейді. Тек мәкруһ уақыттарда болмауы тиіс.
С: Бірнеше намазын қаза қылған адам қалай өтейді?
Ж: Тәртіп иесі болатын болса намаздарды рет-ретімен орындайды.
С: Тәртіп иесі деген не?
Ж: Фиқһ ғалымдары алты намазы қаза болған адамды тәртіп иесі деп атайды. Тәртіп иесіне қаза намаздары мен уақыты келіп тұрған намаздарын ретімен оқуы керек. Қаза намаздарын жүйелеп алып, уақыты келіп тұрған намазды қазаларынан бұрын оқымауы тиіс. Егер бұрын оқыса қайтадан ретімен оқу керек. Оны мына мысалдардан көруге болады. Егер тәртіп иесінің қазалары бесін және екінті намаздары болып, бірінші екінтісін оқыса дұрыс болмайды. Біріншісі бесінін, сосын екінтісін ретімен оқу уәжіп. Екінші мысал: егер тәртіп иесі өткізіп алған намазын бесін уақыты болғанда есіне түсіріп, бірінші бесінді оқып алуы дұрыс емес. Оған бірінші қаза намазын сосын бесін намазын ретімен оқу уәжіп.
С: Бұл тәртіп үтір намазы мен парыз намазы арасында да сақталуы тиіс пе?
Ж: Иә. Тәртібін сақтау уәжіп іс. Үтірді құптаннан бұрын оқып қойса, қайталап ретімен оқуы тиіс. Тек үтірді қаза қылып, таң намазына тұрса, бірінші үтірді, сосын таң намазын оқуы керек. Егер керісінше қылса, таң намазы қайталап қайталап оқылады.
С: Осы тәртіп қашан мойыннан түседі?
Ж: Бұл тәртіпті үш жағдайда сақтамауға болады: Қаза намаздардың (үтірді есептемегенде) саны алтыдан асып кетсе. Қаза намазын ұмытып кетсе. Уақыт тығыз кезде. Қаза намаздар алтаудан асып кетсе ретін сақтамаса да болады. Мұндай уақытта уақыты келген намазды бірінші орындап алса да болады. Бірінші уақыты кіріп тұрған парызын оқып алып, сонан кейін қаза намазы есіне түссе, оқыған намазын қайталап оқымайды. Күн шығуға аз уақыт қалғанда ұйқыдан тұрып, құптан, үтір намаздарының қаза болғандығы есіне түссе, уақыттың тығыздығына байланысты бірінші таң намазын оқиды. Сосын күн найза бойы көтерілгенде қаза намаздарын оқиды. Реттілік сақтамағаны үшін таң намазын қайталап оқымайды.