Аллаһ қаласа 21-маусымнан Шағбан айы басталады. Бұл ай – Пайғамбарымыздың айы. Сол үшін бұл айда Аллаһ Тағаланы мадақтап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтатын ай. Мүмкіндігімізше ықылас сүресін, тәуба истиғфарды, таһажжуд, тасбих намаздарын көп оқып, салауат шәріпті көп айтқанымыз абзал. Шағбан айы өте шарапатты, берекелі. Мүминдерге рахмет, кәпірлерге азап берілетін бір ай.
Шағбан айы шарапатты әрі Аллаһ Тағаланың жақсылығына жеткзіп, иләһи нұрға бөлендіретін мұсылмандарға рахмет, кәпірлер үшін азап болған бір ай.
Айша (р.ғ.) анамыз айтады: «Расулуллаһтың (с.ғ.с.) бірінің артынан бірін ұстаған оразасына қарап, енді ораза ұстауын тоқтатпайды деп ойлайтынбыз. Ал оразаны бірінің артынан бірін ұстамаған кездері, енді Ол оразаны ұстамайтын шығар деп ойлайтынбыз. Ол шағбан айында ораза ұстағанды ұнататын. Мен: «Я, Расулаллаһ, Сенің шағбанда көп ораза ұстайтыныңды байқадым. Осының сыры неде?»-деп сұрадым. Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Я, Айша! Бір жыл ішінде қайтыс болатын адамдарыдың есімдері шағбан айында жеке дәптерлерінен өшіріліп, Азрайылға тапсырылады. Сондықтан оразалы күйімде есімім бір дәптерден өшіріліп, екіншісіне жазылуын қалаймын. Осы себептен шағбан айын жақсы көремін»-деп жауап берді.
Шағбан айында мұсылманның иманы толысып, кемелденеді. Әрі Пайғамбарымыз бұл айды ерекше ұнатып, осы айды ораза ұстаумен өткізетін. Демек, үмматтары бізге де осынау мүбарак айда шама-шарқымызға қарай ораза ұстауға талаптанғанымыз абзал екен. Усама ибн Заид (р.ғ.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Я, Аллаһтың Елшісі, айлардың ішінде шағбан айында көбірек оразада болғаныңды көремін»-дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Осы айдан пенделердің көбісі ғапыл. Бұл ай – Ережеп пен Рамазанның ортасындағы ай. Шағбанда амалдар Аллаһ Тағаланың хұзырына келтіріледі. Сондықтан амалымның оразамен көтерілгенін қалаймын»-деді. Шағбан айы көптеген қасиеттерді өз аясында қамтыған құлшылық айы. Аллаһ Тағаланың пенделеріне деген ризық-несібесін молайтатын ай. Жақсылық атаулы бүршік жарып, береке біткен артып, ғибадат-құлшылықты жан-тәнімен атқарушылардың қателіктері кешіріліп, күнәларынан арылатын ай.
Құрметті бауырлар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Менің айым» деп ерекше ұлықтаған осынау айын біз де қадірлеп ғибадат-құлшылықтарымызды арттырып, Аллаһ Тағаланың ұлық нығметтерін иеленуге қам жасайық. Әсіресе, бұл айда ораза ұстаудың сауабы ересен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабасы Ғимраннан (р.ғ.): «Шағбан айында ораза ұстадың ба?»-деп сұрады. Ғимран (р.ғ.): «Жоқ»-деп жауап берді. Сонда Пайғамбарлардың Сұлтаны (с.ғ.с.): «Олай болса екі күн ораза ұста», — деп бұйырды. Бұдан аңғаратынымыз шағбан айында ұсталған бір күндік ораза екі күнге тең. Сонымен қатар ұсталған оразаның қаншалықты сауапты екендігі осынау хадистен айқын да анық аңғарылады.
Шағбан айының тағы бір қасиеті осы айдың орта шеңінде ұлық бір түн бар. Ол – Барағат түні. Барағат мүбарак бір түн. Өйткені ол түні мұсылмандарға рахмет, берекет, жақсылық, кешірім және мағфират жауады.
Али бин Әбу Талибтен (р.ғ.) риуаят етілген бір хадис шәрифте былай делінген: «Аллаһ Тағала шағбанның он бесінші түні дүние аспанына түседі. Мыналардан өзгенің бәрінің күнәлары кешіріледі. Кешірімнен тыс қалғандар: мүшрік, мұнапық, туысымен қарым-қатынасын үзген және зинақор әйел».
Аллаһ Тағаланың «дүние аспанына түсуі» деген сөзі, Оның рахметі мен берекетінің, қайыр мен нығметінің түсуі. Көк есіктерінің ашылуы, дұғалардың дереу қабыл болуы әрі құлдарына рахым мейірімімен қарауы. Өйткені Аллаһ Тағалаға мекен тағайындау дұрыс емес.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбарак сөздерінде: «Бұл түннің төрттен бірі өткен соң, менің қасыма Жәбрәйіл (ғ.с.) келді де: «Я, Мұхаммед! Басыңды көтер де көкке қара»-деді. Қарасам, Жұмақ есіктері ашылған екен. Бірінші есіктің аузында бір періште: «Дәулет пен бақыт осы түні рукуғ етушілер үшін!»-деп жар салып тұр. Екінші есіктегі періште: «Осы түні сәжде еткендер қандай бақытты!»-деп тұр. Үшінші есіктегі періште: «Осы түні дұға еткендер қандай бақытты!»-деп тұр. Төртінші есіктегі періште: «Бұл түні зікір еткендерге Машааллаһ!» деп, ал бесінші есіктегі періште: «Бұл түні Аллаһ Тағаладан қорқып жылағандар неткен тамаша!»-деп тұр. Алтыншы есіктегі періште: «Мұсылман болған қандай бақытты, дәулетті!»-деп, ал жетінші есіктегі: «Тілеп, жалбарынған кісілер бар ма? Қажет етіп, сұралғандары беріледі!»-деп тұр екен. Ал жұмақтың сегізінші есігіндегі періште: «Осы түні тәубе еткендер бар ма? Олардың да күнәлары кешіріледі!»-деп жар салып тұрғанын көрдім.
Жәбрәйілден (ғ.с.): «Бұл түні мына есіктер қашанға дейін ашық тұрады?»-деп сұрағанымда Жәбрәйіл (ғ.с.): «Таң атқанша дейін»-деді де: «Я, Мұхаммед! Аллаһ Тағала осы түні тозақтан құтқаратын құлдарының саны Бәни Кәлб руының қойларының қылдарының санындай (Яғни, кейбіреулерден басқа, барлық мұсылмандар кешіріледі)»-деді.
Мінеки, құрметті жамағат, Барағат кешінің осы іспеттес адам баласына берер пайдасы өте көп. Бұл кештің Ислам тарихында алар орны да орасан. Аллаһ Тағала бұл түні көптеген Пайғамбарларын (ғ.с.) рахметіне бөлеген. Бұл түні – Аллаһ Тағала Нух (ғ.с.) Пайғамбарға топан судан құтылу үшін иман келтірген қауымы мен хайуанаттарын жұп-жұбымен кемеге мінуге бұйырған. Осы түні Аллаһ Тағала Мұсамен (ғ.с.) тілдескен. Сол түні Аллаһ Тағала Зәкәрия (ғ.с.) пайғамбарды Жақия есімді ұлымен сүйіндірген. Бұл түні Құран Кәрімдегі «Әл — Қамар» сүресінің бірінші аятында айтылған аспандағы айдың екіге жарылып бөлінген оқиғасы болып өткен. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) берілген бұл ұлық мұғжиза осы бәрәғат кешінде болған еді. Осы тәрізді Барағат кешінде жүзеге асқан тарихи оқиғалар жетерлік.
Бұл мүбарак түн шілде айының 3-нен 4-не қараған түні болады. Бұл түні нәпіл намаздар оқып, Құран тилауатында болу, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көбірек салауат айтудың айрықша сауабы зор. Өйткені Құран Кәрімдегі «Ахзаб» сүресінің 56-шы аяты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуды бұйырады. Осынау айда Аллаһ Елшісіне (с.ғ.с.) Жәбрайыл (ғ.с.) келіп: «Я, Мұхаммед (с.ғ.с.) егер де сенің үмматыңнан біреу саған бір салауат айтар болса, Аллаһ Тағала ол адамға он жақсылықтың сауабын жазады, он жаманшылығын кешіреді әрі ол адамның дәрежесін он есе көтереді»,-деді. Сондықтан осы түні Расулімізге (с.ғ.с.) қолымыздан келгенінше көбірек салауат айтайық.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Менің үмматымның ең жақсы құлшылығы – Құран оқу»,-деген. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім жатар алдын «Ясин» сүресін оқыса, Аллаһ Тағала ол адамның күнәсін кешіреді», — деді. Бұл түні көбірек истиғфар, яғни Аллаһтан күнәларымыздың кешірілуін сұрауымыз керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім кешкісін истиғфар айтып, сол түні дүниеден өтер болса, Аллаһ Тағала ол адамды жаннатқа кіргізеді», — деген.
Шағбан айының (13, 14, 15) күндері ораза ұстаудың сауабы зор. Бұл күндер «Аямул байд» яғни ақ күндер деп аталады. Хижри жыл санау бойынша әр айдың ортаңғы күндері ораза ұстау қажет. Себебі бұл күннің түндерінде ай толықсып, түнді нұрға бөлеп тұрады. Бұл күндері ораза ұстаған адамның жүрегін Аллаһ Тағала дүние қараңғылығынан ағартады. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының ортасының түні болғанда күндізінде ораза болып, түнінде намазға тұрыңдар»,-деді.
Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат Аллаһ Тағала алдымызда келе жатқан Мүбарак Шағбан айын және ұлық Барағат түндерін баршамызға құтты қылып, Осы айды Аллаһ разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!
Серікбай қажы Ораз ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша Өкіл имамы
ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы шәкірт тәрбиелеуге баса назар аударып отыр. Осыған орай Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлының ұйытқы болуымен адамзатты екі дүние бақытына жетелейтін Құран Кәрімнен шәкірттер арасында жарыс ұйымдастырды.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде сауат ашу курсының шәкірттері мен Рудный қалалық «Нұр» мешітінің шәкірттері өзара Құран Кәрімді жатқа оқу және мәнерлеп оқудан шәкірттер сайысқа түсті.
Бұл игі шараны өткізудегі мақсатымыз - шәкірттерді Құранды көбірек жаттауға дағдыландыру, Алланың қасиетті кітабына деген ынта-ықыласын арттыру. Өйткені, Құранды жаттап, оны көкейіне тоқып өскен ұрпақ жамандыққа бой алдырмайды.
Құран жарысына облыстық «Марал ишан» мешітінің ұстазы Нух Темиржи мен Таран аудандық «Айет» мешітінің Бас имамы Дайыр Дүйсен төрешілік жасады. Құран жарысында 30 парадан жүлделі І орынды Рудный қалалық «Нұр» мешітінің шәкірті Наурызбек Сабыров екінші орынды Арқалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің шәкірті Сыздық Баубек, үшінші орынды Арқалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің шәкірті Ербол Мұқанов иеленді.
Жақсы нәтиже көрсеткендер алғыс хаттарымен марапатталды.
Жүлделі орынға ие болғандарға бағалы сыйлықтар, кітаптар табыс етілді.
Бұл кездесуде екі қаланың шәкірттері тек сайысқа түсіп қана қойған жоқ. Өзара сұхбаттасып, бір-бірімен етене жақын араласып, бауырмалдық сезімдерін де нығайтты десек артық айтқандық болмас.
Жарыс арасында шәкірттерге тәлім-тәрбиелік мазмұнда әдептілік, көркем мінезділік уағыздары айтылды.
Сайыс аяқталған соң шәкірттер бойларын сергіту мақсатында қалалық «Олимп» және «Горняк» спорт залдарында, спорттық ойындарға қатысты. Сондай-ақ кенді қаламыздың карьеріне саяхат жасалды. Екі қаланың шәкірттері көп жайды көңілге түйді. Ал, ұстаздары болса, өзара тәжірибе алмасты.
Рудный мешіт ұжымының қонақжайлылығына дән риза болған Арқалық мешітінің шәкірттері өз алғыстарын білдірді.
Мұндай білім сайысын өткізу тек қана білім жарыстыру емес, екі жақтағы шәкірттер арасында ынтымақ-бірлікті нығайту, теріс ағымдардан барынша сақтану.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Міне, жуырда Қостанай облыстық Марал ишан мешіті мен Қазақстан қажылар қауымдастығының облыстық филиалының ұйымдастыруымен шаһардағы «Думан» мейрамханасында өткен ғибратты кеш дәл осылай аталады.
Басқосудың аты айтып тұрғандай, ол үстіміздегі жылғы Ұлы Жеңіс күніне арналды. Оған кешегі отты күндерді бастан кешкен соғыс ардагерлері,Қостанай қаласының қажылары, мешітке демеушілік жасап жүрген меценаттар, күнкөрісі төмен отбасы балалары, облыстық неврологиялық интернат үйінің тәрбиеленушілері, дін қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бұл есте қаларлықтай кешті республикамызға есімі белгілі, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин шеберлікпен жүргізді.
Осынау басқосуда алғашқы болып Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Михаил Подоляков сөз алып, ол бұл жиынның ерекше орын алатындығын, өзі секілді қанды майданды бастан кешкен аға буын өкілдеріне көрсетіліп жатқан құрмет үшін шын жүректен шыққан алғысын білдірді.
Сондай-ақ, сол сұм соғыста ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсеткен облыстағы абыз ақсақалдарымыздың бірі-Хажи Маманов та ұлы Жеңістің жалпы онайлықпен келмегендігін, онда қаншама ұлт өкілдерінің ауыз бірлігі мен ынтымағы айтарлықтай ықпалын тигізгендіне тоқталды.
Аталмыш жүздесуде өзінің қарамағындағы неврологиялық интернат үйінің бір топ тәрбиеленушілерін алып келген мекеме басшысы, іскер жан Назима Асанова өз сөзінде осындай тағылымдық-тәрбиелік мәні жоғары кешті ұйымдастырған азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Аймақта қаламгерлігімен де кеңінен таныс майдангер Қасымхан Алдабергеновтің шынайы пікірлері де көпшіліктің көңілінен шықты. Оның домбырамен орындаған ғибратты туындысы да терең ойда қалдырды.
Қостанай облысының құрметті азаматы, елімізге белгілі көрнекті тұлға, ұзақ жылдар бойы темір жол саласында басшылық қызмет атқарған Бертран Рубинштейн де жұршылық алдында Қазақстанның өзінің екінші Отанына айналғанына тоқтала келіп, Елбасына және барша жұртшылыққа мемлекетіміздің жарқын болашағы жолында игі табыстар тіледі.
Республикамызда Кәмшат қажы Дөненбаеваны кім білмейді? Қазақтың аяулы қызы да осы жарқын өмір үшін Ұлы Отан соғысында қаһармандық көрсеткен барша майдангерлерге алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасында бақыт тіледі.
Сондай-ақ ардақты әже, беделді ана жер бетінде жетім бала болмасын деген жүрек жарды сөзі де жиналған қауымға ерекше әсер етті. Осындай кештердің үлкенді-кішілі қауымға қай жағынан болсын берері мол екенін тілге тиек етті.
Кезінде бірқатар облыстарды басқарған,мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин өзінің жуырда ғана Ленинград облысынан оралғандығын баяндады. Ол көршілес Ресейдегі бауырлас азаматтардың ұзақ жылдар бойы іздестіру жұмыстарының нәтижесінде туған әкесінің хабарсыз кеткен інісі жерленген жері табылды. Стелланың жанына туған жердің топырағы салынды.
Кенжекең елімізде ынтымақ пен бірліктің нығаюы үшін бүкіл Қазақстан халқы ұйымшылдық пен ауызбірлікті барынша нығайта беру қажеттігіне ерекше тоқталды.
Мейрамханада басқосқан балалар үйіндегі ұл мен қыздар болашақта елі мақтан тұтар намысты тұлғалар болуына игі тілегін білдірді. Көпті көрген азаматтың сөзін жерлестеріміз ұйып тыңдады.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. аса танымал ақын, дін жаңашыры Ақылбек Шаяхметте өзінің ой-пікірін ортаға салып, көпшілікке өзінің өленің оқып берді.
Дәл осы кеш өтер кезде ҚМДБ-дан Республикалық ақпараттық-насихат тобын басқарып келген Нұрмухаммед Иминов арнайы шақырылған ардагерлерге шынайы лебізін жеткізді. Ислам дінінің мұсылман бауырларымыздың өмірінде алар орнына тоқталды.
Аталмыш басқосуда Ұлы Отан соғысының ардагері, өңірдегі ұзақ жасаушылардың бірі яғни, 96 жастағы Молдағали Жүнісбеков өзінің қанды шайқаста бастан өткерген ауыр күндерін еске алды. Жиналғандарға елімізді әлемге танытқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп жатқан кемеңгер саясатын қолдап, республикамыздың экономикасын өркендетуге күллі жұртшылықтың лайықты үлес қосулары қажеттігіне тоқталды.
Тағылымдық кешті жүргізген ардақты азамат Жақсылық Ғайсиннің барлық әкелерді, оның ішінде майдангерлерге ерекше құрметпен қарайтындығы жөніндегі тебіреніске толы сөздері де көпшілікті толқытты. Өйткені, ол кешегі атын өшкір сұм соғыста топырақ жат жерден бұйырған боздақтың тұяғы еді.
Кештің соныңда облыстың бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы бұл жиынды өткізудегі негізгі мақсаттарына тоқталып, кәзіргі жастар аға-ұрпақ өкілдерінің алдында мәңгілік қарыздар екендігін ұмытпау керектігін сөз етті. Сондай-ақ осы кездесуге арнайы шақырылған өзге дін өкілеріне және майдангерлерге сыйлықтар тапсырды.
Мешітте ұстаздық қызмет атқаратын Түркиялық бауырымыз Нух Темиржидің 50 жасқа толуына байланысты оған да ұлтымызға тән ырыммен сегіз өрім қамшы табыс етілді.
Мұндай кештер ән-күйсіз болмайтындығы белгілі. Онда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдин музыкалық шашу шашты. Сондай-ақ қаланың шетінде орналасқан әйелдер мен балаларға арналған бейімделу орталығындағы 11 жасар Әуезхан Нұрымның салған әндері де жиналғандарды толқытып, жүректерді тербеді.
Облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі Серік Кәкеновті әңгімеге тартқанымызда ол өздерін мұндай кешке арнайы шақырған ұйымдастырушыларға шын жүректен шыққан алғысын білдірді.
Басқосуда ел арасында үлкен құрметке бөленген Төлеубай Бірмағамбетов ақсақал өздеріне дастарқан жайып, ілтипат көрсеткен барша азаматтарға ақ батасын берді.
Ұлы Жеңістің 69 жылдығына арналған тәрбиелік мәні зор кештің жоғары деңгейде өтуіне Қостанай қаласының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов демеушілік етті. Асыл азаматқа тек Алланың нұры жауа берсін дейміз.
Оразалы Жақсанов
Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен қалаға қарасты зираттар тәртіпке келтіріліп, тазалық жұмыстарын жүргізілді. Оған шаһар тұрғындары белсене ат салысты.
Осы жұмыс барысында аталған мешіттің бас имамы Бектұсын Торғайбайұлы зиратқа жиналған жамағатқа ислам дінінде тазалыққа ерекше назар аударылатындығын айтты. Мархұм ата-бабаларымыздың қорымдарын тәртіпке келтіру кәзіргілердің борышы екендігіне де тоқтала өтті.
Аталған мешіт ұжымының бұл игі ісін қала басшылығы да қолдады. Көпшіліктің зиратқа бару үшін арнайы автобустар бөлді. Қоқыс шығаратын көліктермен қамтамасыз етті.
Осынау игі істе қала басшылығы әкімінің орынбасарларының барлығы ортақ іске өз үлестерін қосты.
Ал аға буын өкілдері сауапты жұмысқа дән риза болып ұйымдастырушылар мен қатысушыларға шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Ислам діні әлемдегі ең адал дін. Сондықтан оған деген көзқарас пен ынта-ықылас та жыл санап артып келеді. Дегенмен қазіргі уақытта Исламның атын жамылып, қоғам арасында іріткі тудырып жүрген топтардың көбейіп кетуіне байланысты, Ислам дінінің дұрыс бағытын түсіндіру ниетімен Қостанай облысына арнайы Республикалық Ақпараттық-насихат тобының мүшелері белгілі дінтанушылар Рүстем Сыздыков пен Нұрмухаммед Иминов келген болатын.
Олар бұл сапарларында «Исламның құндылықтары», «Мазхабтар арасындағы айырмашылықтар», «Ислам – бейбітшілік діні», «Мазхаб ұстанудың артықшылығы», «Ислам дініне жат ағымдар» «Ислам экстримизм және терроризм діні емес» және басқа да тақырыптарда түрлі жүздесулер өткізіп, келелі әңгімелер қозғауда.
Мәселен, 13 мамырда дінтанушы, Рүстем Сыздыков «УК-161/2» РММ (Қостанай қ.) түрмесіндегі спецконтингентпен, өңірдегі оқу орындарының бірі – Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері және зиялы қауым мүшелерімен кездесу өткізіп, кейін облыстық Л.Н.Толстой атындағы кітапханада «Деструктивті ағымдардан сақтану» тақырыбында дөңгелек үстелге қатысты. Осынау жиындарға қосымша облыстық ішкі саясат басқармасы мен дін істер депортаментінің және облыстық «Марал ишан» мешітінің қызметкерлері қатысты. Жоғарда аталған кездесулер мен жиындарда Рүстем Сыздыков қазіргі таңдағы Ислам дінінің өмірімізде алатын ерекше орнына, қоғамның татулығы мен ауызбіршілігіне зардабын тигізбей қоймайтын теріс ағымдардан аулақ болуына байланысты сөз қозғады.
Сондай-ақ Сириядағы жағдайға тоқталды. Жиналған қауымның назарын ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізге берік болып, үлкен мен кішіні сыйлау, адамгершілік қасиетті ғұмыр бойы ардақтау секілді маңызды тақырыптарды да қамтыды. Сонымен қатар студенттердің қойған сауалдарына нақты жауап беріп, өзінің дін саласындағы білімінің тереңдігін, жан-жақтылығын көрсетті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
Баспасөз қызметі
Өскелең ұрпақты түрлі теріс ағымдардан сақтандыру дін саласындағы қызметкерлердің де басты парыздарының бірі. Сондықтан да болса керек, облыстық Марал ишан мешіті ұжымы осы бағытта қыруар жұмыстар атқаруда.
Жуырда аталған мешіттің наиб имамы Бақытжан Икрам мен азаншы Ғұмар Жұмағұловтар Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің студенттерімен кездесті.
Онда жиналған жастарға «Теріс ағымға жол бермеу», «Дін мен дәстүр» сияқты аса маңызды тақырыптар әңгімеге арқау болды. Студенттердің қойған сауалдарына нақты жауап берілді.
Таяуда наиб имам Бақытжан Икрам Л. Толстой атындағы облыстық әңбебеп-ғылыми кітапханасында «Тероризм» тақырыбына байланысты кездесу өткізбек.
МДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Көктем шығысымен облыстық Марал ишан мешітінің қызметкерлері қаланы абаттандыруға өздерінің лайықты үлестерін қосуға ұмтылады. Соның бір жарқын айғағы ретінде жақында осы киелі орының ауласындағы жерлер қопсытылып, гүлдер егілді.
Бір тоқтала кетер жай, мешіт орналасқан зәулім ғимарат Қостанай шаһарындағы тарихи маңызы ерекше орындардың бірі. Соны жете түсінген мұндағы дін қайраткерлері абаттандыру, көркейту секілді маңызды жұмыстарға айрықша мән береді.
- Мешіт тек қана адамдар намазға жығылып, Құран оқытатын жер ғана емес, ол мұсылман бауырларымызға қай жағынан болсын өнеге болуға тиіс. Біздің қызметкерлер отырғызған сан алуан гүлдер күн жылысымен құлпырып, көздің жауын алады.Ол жұртшылықтың сұлулыққа, жоғары эстетикаға деген құштарлықтарын барынша арттыра түседі,- дейді облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Қостанай өңірінде де Қазақстан халқы бірлігі күніне орай түрлі шаралар ұйымдастырылды. Олар еліміздегі ұлттар арасындағы ынтымақ пен татулықты нығайтуға арналды.
Мәселен, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлының ұйытқы боуымен аталмыш шаһардағы «Қарттар мен мүгедектерге арналған №2 интернат үйінің» акт залында концерт өткізілді.
Осы мерекелік басқосу басталмас бұрын Сейіт Нұрқанов осындағы қамқорлыққа алынған қарттар мен оларға барлық жағдайды туғызып отырған мекеме қызметкерлерін айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады.
Рухани кеште мешіт шәкірттері жиналған қауымға патриоттық әндерді орындап берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітіне намаз оып үйрену үшін жұма намазына келіп жүрген жамағатқа өкіл имам Асылхан қажы Мұханбетжанұлының тапсырмасымен әр жұма намазының соңында арнайы Абу Ханифа мазһабы бойынша дұрыс намаз оқудың үлгісін үйрету дәрсі ұйымдастырылды.
Облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы Дархан Манарбекұлы мен азаншы Жумағұлов Омар жұма намазы оқылып болған соң, бірден намазды енді ғана үйреніп жүрген кісілерді жинап алып, екі ракағат намаз үлгісін сол кісілерге көз алдарында көрсетіп беріп, қойылған сұрақтарына жауап берді. Бұдан былай осынау намаз үйрету сабағы әр жұма сайын жалғасатын болады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде раджаб айында ұсталатын нәпіл оразаның құрметіне мешітке келуші жамағаттан 70 кісіге дастархан жайылып, ауызашар берілді.
Сонымен қатар жиналған қауымға аталмыш раджаб айының қадір-қасиеті мен осы айда болатын кештердің мән-маңызына тоқталып, бұл айда нендей құлшылық-ғибадаттар жасалуы қажет екендігінің төнірегінде Қостанай облысының өкіл имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы уағыз айтып, осынау сауапты іске мұрындық болған Ұзынкөл ауданының бас имамы Есенгелді Сактағанұлына және бірқатар дінге жанашыр азаматтарға ризашылығы мен рахметін білдірді.
Сөз соңында Асылхан қажы Мұханбетжанұлы қазіргі таңда маңыздылығы өте зор нәпіл оразаларға байланысты осындай ауызашарлар алдағы уақытта да Алла қаласа жалғасатындығын айтып, Қостанай шахарының мұсылмандарынан нәпіл оразаларға бейқамдық танытпауларын өтінді. Ауызашардан кейін жиналған қауым жамағатпен мешітте ақшам және құптан намаздарын оқып, үйлеріне тарқасты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
Бойынша баспасөз қызметі