Ислам діні әлемдегі ең адал дін. Сондықтан оған деген көзқарас пен ынта-ықылас та жыл санап артып келеді. Дегенмен қазіргі уақытта Исламның атын жамылып, қоғам арасында іріткі тудырып жүрген топтардың көбейіп кетуіне байланысты, Ислам дінінің дұрыс бағытын түсіндіру ниетімен Қостанай облысына арнайы Республикалық Ақпараттық-насихат тобының мүшелері белгілі дінтанушылар Рүстем Сыздыков пен Нұрмухаммед Иминов келген болатын.
Олар бұл сапарларында «Исламның құндылықтары», «Мазхабтар арасындағы айырмашылықтар», «Ислам – бейбітшілік діні», «Мазхаб ұстанудың артықшылығы», «Ислам дініне жат ағымдар» «Ислам экстримизм және терроризм діні емес» және басқа да тақырыптарда түрлі жүздесулер өткізіп, келелі әңгімелер қозғауда.
Мәселен, 13 мамырда дінтанушы, Рүстем Сыздыков «УК-161/2» РММ (Қостанай қ.) түрмесіндегі спецконтингентпен, өңірдегі оқу орындарының бірі – Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері және зиялы қауым мүшелерімен кездесу өткізіп, кейін облыстық Л.Н.Толстой атындағы кітапханада «Деструктивті ағымдардан сақтану» тақырыбында дөңгелек үстелге қатысты. Осынау жиындарға қосымша облыстық ішкі саясат басқармасы мен дін істер депортаментінің және облыстық «Марал ишан» мешітінің қызметкерлері қатысты. Жоғарда аталған кездесулер мен жиындарда Рүстем Сыздыков қазіргі таңдағы Ислам дінінің өмірімізде алатын ерекше орнына, қоғамның татулығы мен ауызбіршілігіне зардабын тигізбей қоймайтын теріс ағымдардан аулақ болуына байланысты сөз қозғады.
Сондай-ақ Сириядағы жағдайға тоқталды. Жиналған қауымның назарын ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізге берік болып, үлкен мен кішіні сыйлау, адамгершілік қасиетті ғұмыр бойы ардақтау секілді маңызды тақырыптарды да қамтыды. Сонымен қатар студенттердің қойған сауалдарына нақты жауап беріп, өзінің дін саласындағы білімінің тереңдігін, жан-жақтылығын көрсетті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
Баспасөз қызметі