Жуырда Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің найб имамы Азамат Мурзаканов Тобыл қаласындағы ауылшаруашылық колледжінің студенттерімен кездесу өткізді.
Ол мұнда қазіргі таңдағы өзекті мәселе экстремизм және терроризм тақырыбы жайлы кеңінен әңгіме қозғады. Жастарға теріс ағымдардан сақ болу және оның алдын алу жөнінде тілге тиек етті.
Қысқасы, колледжде білім алып жатқан болашақ мамандық иелері оның сөзін ерекше ден қойып тыңдады. Өздерін толғандырып жүрген сауалдарға тиянақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Амангелді аудандық «Сатыбалды ишан» мешітінің қолдауымен “ Дені саудың – рухы сау ” атты мешіт жамағаттары арасында шағын футболдан жарыс өткізілді.
Бұл салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған сайыста аталмыш мешіттің бас имамы Жандарбек Амирхамзин қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша жамағаттар арасында “Бірлік” тобы бірінші, “Сұңқар” тобы екінші, “Достық” тобы үшінші орынды иеленіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сайысқа қатысушы жамағаттардың құрметіне дастарқан жайылды. Уағыз-насихат айтылды. Бас имам жеңімпаздарға сыйлықтар мен мақтау қағаздарын табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дархан Сыздықов қайырымдылық адам бойындағы ең ізгілікті қасиеттердің бірі деп есептейтін иман жүзді азамат.
Ол аталған имандылық ордасына басшы болғалы бері бірқатар кейінгілерге өнеге боларлық игі істерге мұрындық болғандығын ерекше атап өткеніміз жөн.
«Алтын алма, алғыс ал» деген аталы сөзді ұстанатын дін қайраткері жетекшілік ететін ұжым жуырда ғана 5 көмекке зәру отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің ауласында жұма намазынан кейін Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының құрметіне «Жомарт жұма» іс-шарасы ұйымдастырылды.
Оның аясында аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және 30 көп балалы отбасына ет таратылды. Жиналған халықтың алдында мешіттің бас имамы Еркебұлан Қошан сөз сөйлеп, дұға оқыды.
Қамқорлыққа бөленген жанұялар осынау шараға демеушілік жасағандарға және мешіт қызметкерлеріне дән ризашылықтарын білдірді. Имандылық ордасында мұндай сауабы мол шаралар алдағы уақытта да жалғаса беретіндігіне сенімдіміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің қызметкерлері Рудный қалалық «Нұр» мешітінің жамағатын бейсенбі күнгі ауызашар мейрамына шақырып, дастархан жайды.
Жиналған жамағаттың білім деңгейін көтеру мақсатында интеллектуалдық сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Топ жарып, үздік шыққан шәкірттерге естелік сыйлықтар табыс етілді.
Құптан намазының алдында мұсылман бауырларымызға Рудный қаласы «Нұр» мешітінің найб имамы Шайкемелов Балғабай мен облыстық мешіттің найб имамы Бердіғожин Мейіржан тағылымы мол уағыз айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қай салада болмасын өз мамандықтарына аса бір жауапкершілікпен қарап, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген абзал да сыйлы азаматтар аз емес. Мұны жете түсінетін Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дархан Манарбекұлы өзі басқаратын киелі орындағы әріптестеріне қолдан келгенше ілтипат көрсетуді өзінің басты парызы санайды.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде ол еліміздегі ұлы мереке Тәуелсіздік күніне орай мешіттің қаржылық мүмкіндігіне байланысты бірқатар кісілерді марапаттауға ұйғарым жасады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ұжымдағы дін қызметкерлері мен ортақ іске сүбелі үлес қосып жүрген жандарға ақшалай сыйлықты табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің жанындағы Қайырымдылық және Зекет қорының қызметкерлері уақытпен санаспай жұмыс істеп, өтіп бара жатқан жылы өңірде қаншама қамқорлықа мұқтаж жандардың ризашылығына бөленді.
Осы қордың жетекшісі әрі найб имам Бақытжан қажы Икрамның айтуына қарағанда, желтоқсан айында облыста 359 отбасына көмек көрсетілді.
Аймақта 38 қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Әрине, бұл игілікті жұмыстардың бәрі де демеушілер мен жүрегі жомарт азаматтардың қолдаулары арқасында жүзеге асырылды.
Бұл қайырымдылық шаралары мешіттердің негізі жұмыстарының бірі және бірегейі. Сондықтан алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Ат салысам, демеушілік көмек көрсетем деушілер мешіттерге хабарласса болады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қыс келіп, жерге қар түсісімен шаһарымыздағы жұмысшыларға қарбалас басталады. Бұл әрине, халқымыздың мүддесі үшін жасалып жатқан игі істер екендігі белгілі.
Олардың мамандықтарының ерекшеліктерін жете түсінетін Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінің қызметкерлері дер кезінде қолдау көрсетуді ұйғарды. Имандылық ордасының ұйымдастыруымен өткен жұмада шаһарымыздағы тазалық жұмысымен айналысып жатқан кісілерге жұртшылық "қыстың қымызы" деп атап кеткен құрт көже апарып берді.
Мұндай мешіт тарапынан ыстық ықыласқа бөленген жұмысшылардың қуанышында шек болған жоқ. Олар шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар жұма намазынан шыққан намазхан бауырларымызға да құрт көже таратылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппаратында өткен Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай облыс имамдарын арнайы алғыс хатпен марапаттады.
«Сіздің асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне, тәуелсіз еліміздің 30 жылдық мерейлі белесінде жеткен әрбір жетістігіне қосқан үлесіңіз мол. Рухани құндылықтарымызды насихаттау жолындағы белсенді қызметіңіз бен ыждаһатты еңбегіңіз үшін Сізге айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, ізгі ісіңізге береке тілеймін!
Алла Тағала дін саласында ықыласпен атқарған әрбір ісіңізге мол сауаптан жазғай. Жаратушы Жаббар Иеміз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, халқымызға бірлік пен береке нәсіп еткей. Әмин!» делінген Бас мүфтидің алғыс хатында.
Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бір жыл бойы жақсы жұмыс нәтижесін көрсеткен барша дін қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен өтіп жатқан Төралқа мәжілісінде облыс бас имамдары 2021 жылдың қорытынды есебін баяндады.
Төралқа жиынында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың бас имамдары өңірдегі биыл әртүрлі бағытта атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін жеке-жеке баяндап, слайд түрінде ұсынды.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлерінің жыл бойына атқарған жұмысына оң баға беріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ жетілдіруі қажет тұстарын екшелеп, кемшін түсіп жатқан бағыттар бойынша әлі де жұмыс істеу керектігін атап өтті.