Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Рудный қалалық «Нұр» мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Онда шаһардағы білім бөлімінен аты-жөні берілген 22 балаға оқуға қажетті сөмке мен құрал-жабдықтар табыс етілді.
Бұл өткізілген ізгі шараның негізгі мақсаты-жаңа оқу жылына дайындыққа орай әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан ұл мен қыздарға қолдау көрсету болатын.
Қамқорлыққа бөленген балалардың ата-аналары мешіт ұжымына шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін айтып, дән ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде өңіріміздің өзге аудандары мен қалаларындағыдай «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізілді. Онда көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетілді.
Осы ізгі мақсатқа жүрегі жомарт әрі жанашыр азаматтардан 65 мың теңге қаражат жиналды. Бұл ақшаға биыл мектеп табалдырығын аттайтын 20 ұл мен қызға оқу барысында ең қажетті құрал-жабдықтар алынып, жұртшылық алдында тапсырылды.
Жиын соңында мешіт қызметкерлерінің қамқорлығына бөленген балалардың ата-аналары акцияны ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті ұжымының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы өткізілді. Онда мешіттің Бас имамы Нұрхан Асанұлы жиналған балаларға шынайы лебізін білдіріп, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Акция барысында 20 әлеуметтік жағынан қолдауға мұқтаж көп балалы және қамқорлыққа зәру отбасылардағы мектепке баратын ұл-қыздарға сөмкелер таратылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Федоров ауданына арнайы іс-сапары барысында бірқатар мекемелерде болып, қазіргі таңда қалың жұртшылықты көкейінде жүрген өзекті мәселелерді қозғады.
Осы басқосулардың бірі - аудандық ішкі істер бөлімінде ұйымдастырылды. Дін қайраткері қоғамдық тәртіп сақшыларымен «Елдің тыныштығы – ең басты құндылық» атты тақырыпта әңгіме өрбітті.
Жиында Бахытбек қажы Нұрғабылұлы ел өмірінде жауапкершілік пен қырағылықтың, азаматтық борышқа деген адалдықтың қаншалықты алатын орны жөнінде айта келіп, полиция қызметкерлерінің қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет арнайы іс-сапармен өңіріміздің Федоров ауданында болды. Ол алдымен жаңадан салынатын мешіттің орнын белгілеу рәсіміне қатысты.
Онда құрбандық шалынып, дұға оқылды. Oсынау игі істі қолға алған барша жанашыр азаматтарға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, аудан орталығындағы кітапханада дөңгелек үстел өткізілді. Жиналған жұртшылық алдында «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген маңызды тақырыпта келелі әңгіме қозғалды.
Бас имам қазіргі таңда тәуелсіздігіміз баянды, ел іргесі мен бірлігіміз мықты, мемлекетіміз заманға сай қуатты болуы үшін өскелең ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беру керек екендігіне жан-жақты тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қаласындағы темір жол вокзалы тоғыз жолдың торабы ғана емес, өңіріміздегі келіп-кетушілердің қақпасы десек орынды болар. Күнделікті жолаушылар пойызы да судай ағылып жатады. Сондықтан халықтың игілігі үшін аталмыш жерде намаз оқитын орынның қажеттігі уақыт талабынан туындады.
Жұртшылықтың өтініш-тілектерін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Қостанай магистралдық желі бөлімшесі филиалындағы азаматтар қолдады.
Олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы өкілдігімен келісе отырып, өткен қасиетті жұма күні вокзалдан намаз оқитын шағын бөлменің ашылуына мұрындық болды.
Салтанатты жиынға облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет қатысып, лентасын қиды. Ол аталмыш темір жол саласындағы жауапты қызмет атқаратын Александар Исмұхамедов, Төлеген Саматов және Нұрлан Байғаниндерге шынайы ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттарды көпшілік алдында табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен биыл да өңірде «Мектепке жол» акциясы жалғасын табуда.
Жуырда облыстық мешітте аталмыш қайырымдылық акциясы болып өтті. Онда Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет жиналған қауымның алдында сөз сөйлеп, қамқорлыққа алынған отбасылардың балаларына жаңа оқу жылында табыс тіледі.
Осы басқосуда әлеуметтік жағынан аз қамтылған шаңырақтарда тәрбиеленіп жатқан 260 ұл мен қызға мектепке қажетті сөмкелер табыс етілді.
-Менің Бахытбек Нұрғабылұы жетекшілік ететін облыстық мешіт қызметкерлеріне деген алғысым шексіз. Бүгін де қолдауға мұқтаж жанұялардың мектепке баратын перзенттеріне көмек берілді, - дейді көп балалы ана Эльвира Айдарқызы.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
05.08.2022
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Денисов ауданына арнайы сапары кезінде бірқатар ұжымдар мен мекемелерде болып, қазіргі таңдағы халықты толғандыратын аса маңызды тақырыптар бойынша кездесулер өткізді.
Соның бірі – жергілікті аудандық емханадағы жүздесу. Онда әңгімеге Исламдағы жауапкершілік міндеті, тазалық және ақ халатты абзал жандардың еліміз үшін тындырып жатқан елеулі еңбегі өзек болды.
Басқосу өте тартымды да әсерлі өтті. Бас имамға медицина саласының қызметкерлері сауалдарын қойып, оған жан-жақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өзіміз азаматы болып табылатын тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі берік, елі мен халқының аман-саулығынан артық бақыт жоқ. Соны қашан да ғұмырының басты мәні санайтын Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет өңіріміздегі Денисов ауданына сапарында жергілікті қорғаныс саласының жауапты қызметкерлерімен кездесті.
Онда Бахытбек Нұрғабылұлы Бас мүфтидің бастамасымен қолға алынған «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» деген аса маңызды тақырыпты әңгімеге арқау етті. Оның өміріміздегі алатын орнына ерекше тоқталды.
Жүздесу барысында қазіргі таңда өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді молынан сіңіру, оларды отансүйгіштік, елжандылық және туған жерге деген құрмет, ата-бабамыздың өшпес ерлік рухында батылдық пен қайсарлыққа тәрбиелеу қажеттігі сөз болды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің Сарыкөл ауданына сапары жергілікті халық үшін өте әсерлі де есте қаларлықтай өтті десек орынды болар.
Ол мұнда жергілікті имандылық ордаларына арнайы ат басын бұрып, тыныс тіршіліктерімен жете танысты. Асылхан қажы Түсіпбек басқаратын «Аққозы қажы» мешітінде жамағатпен кездесіп, маңызды тақырыптар бойынша уағыз айтты.
Сонымен қатар осыдан біраз жыл бұрын аудан орталығында пайдалануға берілген «Қабдеш ата» намазханасында болып, халыққа қызмет көрсетіп жатқан 150 орындық асхананың жай-жапсарын көзбен көріп, тындырылып жатқан жұмыстарға байланысты өзінің ізгі лебізін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі