Елордамыздағы «Ақ мешіт» мешітінің имамы, РАНТ мүшесі, Дәурен Мүсілімов Қостанай облысына сапары барысында бірқатар маңызды басқосуларға қатысып, өзінің көкейде жүрген ойларымен бөлісті.
Осы сапар барысында Рудный қаласындағы Жастар ресурсы оралығында Рудный индустриалдық институтының, педагогикалық және техникалық колледждердің студенттерімен кездесу өткізді.
Ол кездесуде жат ағымнан сақтану, үлкенге, ұстазға, ата-анаға құрмет көрсету, Отанды сүю туралы тақырыптарда әңгіме өрбітті. Өз кезегінде студенттерде дүние танымдарын кеңейтетін танымдық жайларға қанықты.
Сонымен қатар Осы шаһардағы «Нұр» мешітінде «Діннің даму игілігі үшін жамағаттың имамдармен нәтижелі жұмысы» тақырыбындағы мазмұнды әңгімені жұртшылық зейін қоя тыңдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Астана қаласындағы «Ақ мешіт» мешітінің имамы, РАНТ мүшесі, елімізге танымал дін қайраткері Дәурен Мұхаметрахимұлы Мүсілімов Қостанайға келді.
Ол алдымен УК 161/2 еңбекпен түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан кісілермен жүздесіп, өзекті мәселе жөнінде әңгіме қозғады.
Содан кейін облыс орталығындағы «Жайлаубай ата» мешітінде жамағаттармен кездесті. Онда «Діннің даму игілігі үшін жамағаттың имамдармен нәтижелі жұмысы» тақырыбында сөз етті. Жиналғандар оның тағылымы мол баяндамасын ұйып тыңдап, көп жайды көңілдеріне түйді.
Сонымен бірге облыстық мешітте «Алдын-алу шараларын өткізу кезіндегі әдістемелік нұсқаулар» деген тақырыпта имамдарға, теологтарға және исламтанушыларға күнделікті жұмыс барысында берері мол семинар ұйымдастырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биыл Бейімбет Майлин аудандық «Әйет» мешітінде күрделі жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүргізілді. Мәселен, мұнда имандылық ордасының ішінде жылы еден құйылды. Сонымен қатар төбесі толықтай ауыстырылды.
Алдағы уақытта «Қамқор - Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы іске қосылмақ.
Мұндай игі істер жанашыр азаматтардың қолдауынсыз жүзеге аспайтыны белгілі. Сөздің орайы келгенде «Жас Қанат- 2006», «Әділет», «Мечта–98», «Сұлу», «Қарқын-Құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің басшылары демеушілік жасағанын атап өткен жөн.
Мешіт қызметкерлерінің оларға деген алғысы шексіз. Кәсіпкерлердің жасаған қайырымдылық шарапаттарын жергілікті халық ұмытпайды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Рудный қаласына іс-сапармен барды. Ол алдымен осындағы мүгедектер мен қарттарға арналған интернат үйінде болды. Қарияларға жылы лебізін білдіріп, сый-сияпат жасады.
Онымен «Жас қанат» жауапкершілік шектеулі серіктестігінің басшысы, облыстық маслихаттың депутаты Қайрат Әлімбайұлы бірге болып, ардагерлерге силық жасады.
Интернат үйінің директоры Татьяна Яковлевна арнайы атбасын бұрған қонақтарға шын жүректен шыққан ризашылығын жеткізді.
Содан кейін облыс имамы жергілікті «Нұр» мешітінің жанынан салынып жатқан мәйітхана құрылысымен танысты. Аталған имандылық ордасының имамы Бектұрсын Уәлиев құрылыстың аяқталуға жақын қалғанын, енді ішкі сантехникалық жұмыстар жүргізіліп жатқандығын, айдың соңына дейін пайдалануға берілетіндігін баяндады.
Бас имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлы мешітте атқарылып жатқан тәрбиелік мәні зор жайларға ерекше көңіл бөліп, заманауи үлгідегі жаңадан жасақталған дәрісханамен танысты.
Мешіт қызметкері Наурызбек Сабыров жамағаттарға, әсіресе жастарды қызықтыру мақсатында сабақтарды слайд арқылы экраннан көрсетіп, түсіндіретіндігін жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының жетекшісі, найб имам Бақытжан қажы Икрам облыстағы қыркүек аындағы жасаған жұмыстар бойынша бөлісті.
Атап атқанда өткен айында да қор бойынша облыстағы дін қызметкерлері аянбай жұмыс істеп, көмекке мұқтаж жандардың шынайы алғысына бөленді десе болады. Өңір бойынша 54 іс-шара ұйымдастырылды. Онда 6 012 отбасы қамтылды. Осы мақсатқа 39 092 496 теңге жұмсалды.
Олардың арасында Әулиекөл ауданындағы орманда орын алған өрттің салдарынан зардап шеккен кісілер мен басқа да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар да бар.
Осындай қиындыққа тап болған жанұяларға қайырымдылық танытып, дер кезінде қол ұшын созған азаматтарға әрқашан Алланың нұры жауа берсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде әйел-қыздар жамағатының ұйымдастыруымен «Қош келдің, мүбәрәк Мәуліт айы!» атты ауқымды мерекелік кеш болып өтті.
Жиын қасиетті Құранды оқумен басталып, әңгімеге Ұлы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мағыналы өмірі, көркем мінез-құлқы, адамдармен ізгі қарым-қатынасы және ұлағатты өсиеттері арқау болды. Сондай-ақ, Мәуліт айының қадір-қасиеті жайында айтылды.
Басқосуға жұртшылық көп жиналды. Оған Рудный, Жітіқара, Затобол мешітінің әйел-қыздар жамағаты қатысты. Жиналғандарға дастархан жайылып, ақ жаулықты әжелер батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы, көрнекті қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында Жангелдин ауданында қаншама танымдық-тағылымдық жағы мол игі шаралар өткізілді.
Мәселен, қазақ халқының біртуар перзентінің есімі берілген ауылда жаңа мешіт бой көтеріп, пайдалануға берілді. Осы орайда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, имандылық ордасының құрылысына елді-мекеннің жанашыр азаматтары елеулі үлестерін қосты. Облыс әкімі де қаржы жағынан демеушілік жасады.
Мешіттің салтанатты ашылуына облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет, аймақтағы аудан және қала имамдары, Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары, аталмыш ауыл тұрғындары қатысты.
Бұл айтулы шарада Баc имам имандылық ордасына ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілгендігіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, осынау есте қаларлық оқиға қасиетті Мәуліт айымен тұспа-тұс келіп отырғандығын айтып, оны қуанышты ырымға балады.
Ауыл ақсақалдары мешітті тұрғызуға белсене атсалысқан барша жомарт жүректі бауырларымызға шынайы алғыстарын жеткізіп, ақ баталарын берді. Сондай-ақ, жиында демеушілік еткен азаматтарға Алғыс хаттар табысталып, ардақты қариялардың иығына шапан жабылды.
Жалпы, Торғай өңіріндегі Ахаңның тойы дүрілдеп өтті. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына еңселі ескерткіш тұрғызылды. Мерекелік іс-шаралардың барысында ат бәйгесі мен палуандар күресі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы жыл сайын Халықаралық қарттар күніне байланысты өмірдің талай асуларынан өткен аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп келеді.
Өйткені, біздің қазақ халқы ежелден үлкен кісілерге қамқорлық жасауды өздерінің басты парызы санайды. Мұның кейінгі өскелең жастарға да тәрбиелік маңызы зор.
Бұл орайда Қостанай өңірінің имамдары да сергектік танытып, жергілікті жердегі ақсақалдарға ілтипат танытуда. Мысалы, жуырда Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің Бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегінің ұйымдастыруымен мешіт асханасында барлық ұлт ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарға мерекенің құрметіне арнайы дастархан жайды.
Аудан әкімі Азамат Аужанов жиналған ардақты жандарды осынау мерекемен шын жүректен құттықтап, оларға ең ізгі тілегін білдірді.
Жергілікті мәдениет саласының қызметкерлері ардагерлерге ән-күйден шашу шашып, бір серпілтіп тастады. Ата-әжелеріміз осындай есте қаларлық тағылымдық кешті ұйымдастырғаны үшін мешіттің ұжымына ақ баталарын беріп, алғыстарын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында көршілес Ресейдің Троицк қаласында Челябі облысы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Ислам Ресейдің тарихы және қазіргі заманғы өмірінде» деп аталатын халықаралық конференция болып өтті.
Осынау мәртебелі жиынға әлемнің 18 елінен делегаттар қатысты. Бұл маңызды басқосу осымен 11-ші рет өткізілді. Ол тұңғыш 2012 жылы Орталық Ресей мұсылмандарының мүфтиі, шейх Талғат хазірет Таджуиддиннің бастамасымен ұйымдастырылған-ды.
Биыл бұл мәртебелі конференцияға Қостанай өңірінен Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінің Бас имамы Серік Рахым қатысып, көп жайды көңіліне түйді.
Мұсылман әлеміне Зайнулла хазіреттің есімі белгілі. Бұл шаһарда «Расул» оқулары шарасын өткізу дәстүрге айналды. Оған жер шалғайлығына қарамастан қаншама кісілер қатысып келеді.
Троицк біздің ағайындарға бұрыннан таныс. Көптеген зиялы қауымдар жоғарыда аталған қалада білім алып, руханиятқа ден қойды. Оның арасында үстіміздегі жылы мерейтойын атап өткен қазақтың тұңғыш журналисі, көрнекті тұлға Мұхамеджан Сералин де бар. Кезінде ол «Айқап» журналын шығарғаны жұртшылыққа мәлім.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елімізде қалыптасқан дәстүр бойынша Республикалық ақпарат насихат тобының мүшесі уағызы Қостанай облыстық мешітінде жалғасын тапты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы, РАНТ мүшесі Бауыржан Әбдуәлі облыстық мешітте жамағат алдында «Алланы зікір ету» тақырыбында уағызын жиналғандар ұйып тыңдады.
Уағыздан соң Бауыржан Әбдуәлі жамағаттың қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі