Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» бөлімінің Қостанай облысындағы филиалының да жұмысы барынша жанданып, жұртшылық тарапынан үлкен сұранысқа ие болуда.
Мысалы, биыл өңірімізде ет өнімдерін дайындайтын ұжымдар, халыққа дәмді тағамын ұсынатын дәмханалар, ұн зауыттары, тағы да басқаірі кәсіпорындар «Халал даму» сертификатын алуда.
Өткен қасиетті жұма күні облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет «Happy cake» кондитер өнімдерінің Қостанай өңірі бойынша иесі, жас кәсіпкер Ғалинұр Баянбековке «Халал даму» куәлігін жамағат алдында табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Қостанай облыстық "Марал ишан" мешітінің наиб имамы ТимурТөребаев Жітіқара ауданына арнайы іс-сапарымен барғаны белгілі.
Ол жергілікті «Ержан Тәтішев» мешітіне ат басын бұрып, имандылық ордасының қызметкерлерімен кездесті. Тындырылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, көңіліне түйді.
Аудан орталығындағы жамағатпен жүздесіп, "Білім алу барша мұсылманға парыз" атты тақырыпта уағыз-насихат өткізді. Жиналған қауым Тимур Құрманғазыұлының тұжырымды да нақты ойларын ұйып тыңдап, өздерінің дән ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рудный қаласындағы «Нұр» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы жергілікті жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беріп жатқан оқу орындарында, білім ошақтарында жастармен келелі әңгіме өткізуді дәстүрге айналдырған.
Сөзіміз нақты болу үшін деректер мен дәйектерге жүгінелік. Мысалы, ол жуырда шаһардағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте және қалалық кітапханадағы жиында деструктивті ағымдар жайлы өз ойын ортаға салды.
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының есімі берілген білім ордасындағы 8-9 сынып оқушыларымен ұйымдастырылған жүздесу де құнды тақырыпты қозғауымен қатысушылардың есінде қалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет аудандарды аралап, жергілікті мешіттердің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысып жатқандығынан жұртшылық хабардар.
Осынау сапарларында көпшілікке үлкен ой салар мәселелерді көтеріп, жиналған халықтың ыстық ықыласына бөленуде. Мысалы, ол Қамысты ауданының Қамысты селосында болғанда да маңызды кездесулер өткізді.
Аталмыш аудандық әкімдік ғимаратында ұйымдастырылған жиынға әкімдіктің іскер жастары мен бөлім басшылары қатысты. Бахытбек Нұрғабылұлы "Отанды сүю иманнан" тақырыбындағы танымдық мәні жоғары семинарда біліктілігі әрі білімділігімен көпшілік назарын аударды.
Семинар қатысушылардың қызығушылығын арттырып, өздерін толғандырған сауалдарына тиісті жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ешқашан апат айтып келмейді. Биыл Әулиекөл ауданында тілсіз жау өрттің кесірінен 91 үй иелері зардап шеккен болатыны баршамызға мәлім. Осы ретте мемлекет басшысынан бастап, қарапйым халық, барлық жүректері ізгілікке толы кәсіпкерлер, күллі саланың мамандары қиын кезде оларға қамқорлық жасап, дер кезінде қол ұшын созды.
Осындай ұйымшылдықтың арқасында үй-күйсіз қалған кісілер қысқа мерзімде заман талабына сай қызыл кірпіштен өрілген тұрмысқа әбден қолайлы баспанамен қамтамасыз етілді. Газ бен су тартылып берілді.
Осынау ауыртпалық тудырған шақта еліміздегі дін саласының қайраткерлері мен қызметкерлері де азаматтықтың нағыз жарқын үлгісін танытты. Қостанай облыстық мешіті ұжымының тікелей ұйымдастыруымен және Республикалық «Зекет» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев қатысуымен жаңа баспанаға қоныстанған жерлестерімізге 91 қап ұн, өзге де азық-түліктер, 91 данадан күнделікті тіршілікте тұтынатын заттар яғни, кілемдер, төсеніштер, көрпелер және басқа да мүліктер табыс етілді.
«Көп түкірсе көл» демей ме. Қамқорлыққа бөленген отбасылардың айтар алғысы шексіз. Осы жоғарыда аталған күтпеген апат халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің мызғымас беріктігін көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Жітіқара ауданындағы сапары барысында аудандық әкімдіктің лауазымды қызметкерлері және бөлім басшыларымен кездесу өткізді.
Ол жүздесуде Отанға және елге адал жұмыс істеудің жауапкершілігі жөнінде әңгіме өрбітті. Бұл орайда халқымыздың біртуар перзенті, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ұлағатты сөзін басшылыққа алды. Оның өмірі барша азаматтарға жарқын үлгі екендігі белгілі.
Қазіргі таңда мемлекетіміздегі әрбір азаматтың басты міндеті-тәуелсіз әрі жаңа әділетті Қазақстанымызды өркендетуге лайықты үлес қосу екендігіне жан-жақты тоқталды.
Бас имамның көтерген тақырыбы қатысушыларды қызықтырып, өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы Тимур Төребаев Жітіқара ауданында іс-сапармен болып, жастарды толғандырып жүрген аса маңызды мәселе бойынша кездесу өткізді.
Тың ізденістерімен халық арасында құрметке бөленген дін қызметкері жергілікті политехникалық колледждің 3-ші курс студенттерімен жүздесіп, келелі әңгіме қозғады.
Бұл білім ордасындағы жиында «Діни экстремизмнің алдын-алу» тақырыбы өзек болды. Наиб имамның маңызды әңгімесі жастарға үлкен әсер қалдырды. Олардың көкейінде жүрген сауалдарға нақты мысалдармен жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
«Рудный қаласы Нұр» мешітінің бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы білікті мамандарды даярлап жатқан Әлеуметтік-гуманитарлық, Рудный құрылыс және көлік, Музыкалық және Технология-сервис колледждеріндегі кездесулерге «Дін – тәрбие діңгегі» тақырыбы арқау болды.
Бұл ұжымдардағы басқосуларда дін құндылықтары, имандылық жөніндегі тәлім-тәрбие, ата-аналар мен ұстаздарды құрметтеу, студенттердің тіршіліктегі жаман әдеттер және жат ағымдардан аулақ болулары сөз болды.
Өңірімізге танымал дін қайраткерінің мазмұнды әңгімесі жастар тарапынан қызығушылық туғызды. Олардың сұрақтарына тұшымды жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы кезекті іс-сапарында өңірдің шалғайда жатқан Жітіқара шаһарында болып, біраз жайға қанықты.
Ол аудандық "Ержан Тәтішев" мешітіне арнайы ат басын бұрып, осынау имандылық ордасында "Ислам-ынтымақ және бірлік діні" атты тақырыпта жамағатқа уағыз-насихат өткізді.
Жергілікті мұсылмандар қауымы дін қайраткерінің өзекті тақырыпты арқау еткен әңгімесін ұйып тыңдап, шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі