Жақында Қостанай облыстық мешітінде әйел ұстаздар мен белсенді әйел жамағаты жиын өткізіп, бір жылдық жұмыс жоспарын талқылады. Онда өңіріміз бойынша әйел-қыздар секторының басшысы Жансая Халим Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген міндеттер жөнінде баяндады.
Онда жыл бойы әр ай сайын жүзеге асырылатын іс-шаралардың аса маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Әйел жамағатының ауыз бірлігі мен қоғамдағы алатын орны хақында сөз болды.
Сектор жетекшісінің айтуына қарағанда, олар жұмыс барысында ұлттық негізді басшылыққа алады. Оны дінмен сабақтас құнды дәстүрімізбен тығыз байланыстырады.
Бұл басқосудан әйел ұстаздар мен қатысушылар алдағы уақытта атқарылатын міндеттерді айқындап, жалпы жүрегі нәзік жандардың отбасында, күнделікті өмірде алатын орындары туралы көп жайды көңілдеріне түйді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет Спанұлы» мешітінде Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбеттің төрағалығымен өңірдегі имамдар бас қосқан жиын болып өтті.
Онда Бахытбек қажы Нұрғабылұлы осынау «Ислам және ізгі қоғам» жылында ерекше назар аударылар маңызды бес бағытқа жан-жақты тоқталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту» және «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бойынша атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырды.
Ол өз сөзінде мешітке келуші жамағатпен, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандармен байланысты нығайту қажеттігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, уағыз айту әдебі, оқу-ағарту, насихаттауда заманауи тиімді тәсілдерді қолдану, жамағат және қоғаммен тығыз байланыс орнату, рухани ұлттық құндылықтарды, дін мен дәстүрді дәріптейтін іс-шараларды барынша жандандыру, жастарды жат ағым арбауынан сақтандыру, өңірді білікті кадрлармен қамтамасыз ету, дін қызметкерлерінің тұлғалық бейнесін қалыптастыру, тазалықты сақтау, мешіттің құжаттамаларына ұқыпты болу мәселелерін тұрақты назарда ұстау керектігін баса айтты.
Жиын соңында Бас имам дін қызметкерлерін өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығын сақтай отырып, еліміздің басты құндылығы – халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлікті күшейтуге лайықты үлестерін қосуға шақырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының жұмысы биыл да жандана түсті. Найб имам Бақытжан қажы Икрам жетекшілік ететін жанашыр азаматтар уақытпен санаспай, ұйымшылдықпен жұмыс істеуде.
Мәселен, өткен қаңтар айында өңір бойынша 43 іс-шара ұйымдастырылды. Онда 238 отбасына көмек көрсетіліп, қолдауға мұқтаж жандардың үлкен алғысына ие болды. Осы мақсатқа 3531218 теңге қаражат жұмсалды.
Бақытжан қажының айтуына қарағанда, қайырымдылық жасау – адам бойындағы ең ізгі қасиет. Бұл шарапаты мол игі іс алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы жергілікті өрт сөндіру қызметкерлерімен жүздесті. Онда ол «Ислам – бірлік діні» тақырыбында әңгіме өрбітті.
Имам кездесу барысында тағылымы мол уағыз-насихат айтумен қатар, теріс діни ағымдардан сақ болуға, әлеуметтік желіні дұрыс пайдалануға және адамгершілікке, мейірімділікке, имандылыққа байланысты ойын ортаға салды.
Ал, жүздесуге қатысушылар өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, толыққанды жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде Ережеп айының құрметіне ораза ұстаған және оған ерекше ықылас танытатын келуші жамағаттарға дастарқан жайылып, ауызашар берілді.
Содан кейін найб имам Бақберсін Избасаров жиналған намазхандарға Ахирет жайлы уағыз-насихат айтты. Оны ұйып тыңдаған көпшілік Құптан намазын оқып, тарқасты. .
Ертесінен жұма күні Жұма намазынан соң демеушілердің көмегімен намазға келуші жамағатқа қыстың қымызы атанған "Құрт көже" таратылды. .
Әрқашан имандылыққа айрықша назар аударатын Шоқан қажы Әмірханов басқаратын мешіт ұжымының ізгі ниеттері мен тілектері қабыл болсын! .
.Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.
Ережеп – Исламдағы қасиетті үш айдың бірі. Бұл үш айдың ерекшелігін Алла Тағала мен оның Елшісі (с.ғ.с.) жұртшылыққа көрсеткен болатын. Төрт маңызды және мүбәрәк түн (Рағайб, Мираж, Бәрәт және Қадір) осы айлардың қасиеттілігіне жатады.
Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің жамағаттары мен демеушілерінің арқасында көп балалалы 7 отбасына Ережеп айының «Рағайып түнінің» құрметіне сыйлық беру яғни, қайырымдылық жасау бақыты бүйырды. Кезінде ұлы Мұхаммед пайғамбарымыз қасиетті үш айда көбірек ораза тұтып, қосымша құлшылықтарын көбейтуге, кедей-кепшіктерге шапағатын тигізуге айрықша көңіл бөлген.
Сол себепті жоғарыда аталған «Жайлаубай ата» мешітінде қасиетті Ережеп және Шағбан айларында әр дүйсенбі және бейсенбі күндері Ауыз ашар өткізу дәстүрге айналды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай өңірінде мұсылман бауырларымыздың сапарға шыққанда алаңсыз намаз оқулары үшін қолайлы жағдай туғызуға ерекше назар аударылған.
Мінекей тоғыз жолдың торабы болып табылатын Тобыл кентіндегі темір жол вокзалында мұсылмандар үшін намаз бөлмесі ашылды.
Осынау жұртшылықты имандылыққа ұйытатын вокзал ішіндегі орын облыстағы аудандар арасында алғашқы болып отыр. Оның дүниеге келуіне аталған кенттегі темір жол басшылары мен Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет ұйытқы болғанын атап өткен жөн.
Аталмыш намаз бөлмесінің лентасын Рудный қаласының бас имамы Сабыржан Есмурзин, Тобыл кентінің әкімі және жергілікті ақсақалдар қиды. Бейімбет Майлин ауданының бас имамы Ислам Хамзиннің айтуына қарағанда, намаз бөлмесіне жүрегі жомарт дін жанашырлары демеушілік еткен. Оларға Алланың нұры жауа берсін.
Бір тоқтала кетер жай, дәл осындай намаз бөлмесі бұдан бұрын облыс орталығындағы темір жолы вокзалы мен «Kostanay plaza» үлкен сауда орнында да ашылған еді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтидің бұйрығымен Нұрсұлтан Шамшиден Амангелді аудандық «Сатыбалды ишан» мешітіне Бас имам болып тағайындалды.
Оны жамағатқа бұрынғы бас имам таныстырды. Жиында аудан әкімі Талғат Тойшыбекұлы Қостанай қаласына қызметін ауыстырып жатқан Жандарбек Мүбәракұлына қажырлы еңбегі үшін алғысын білдіріп, иығына шапан жапты. Жаңа бекітілген имамға жауапты қызметінде табыс тіледі.
Сол өңірге сыйлы ақсақал ғұмырларын дін жолына арнаған қос азаматқа ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтидің бұйрығымен Сабыржан Зейнелғабиденұлы Есмурзин «Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы болып тағайындалды.
Ал, осы мешіттің бас има Бектұрсын Торғайбайұлы Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітіне Бас имам болып бекітілді.
Рудный шаһарында өткен жиында облыстық мешіттің найб имамы Бақытжан Икрамұлы жамағатқа жаңа имамды таныстырып, жауапты жұмысында табыс тіледі. Басқосуда Рудный қаласы әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов пен Перцовка ауылының әкімі Зейнелғабиден Амангелдіұлы дін саласында сіңірген қажырлы еңбегі үшін бұрынғы имам Бектұрсын қажы Уәлиевке алғыстарын білдіріп, иығына шапан жапты.
Сабыржан Есмурзин Нұр-Мүбарак университетінің түлегі. Ол Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Миалы ауылында дүниеге келген. Діни қызметте жүргеніне 15 жылдан асты. Алғашқы еңбек жолын облыс орталығындағы «Марал ишан» мешітінде азаншы болып бастады. Содан кейін Жітіқара қаласындағы «Ержан Тәтішев», бертін Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітіне басшылық етті.
Сабыржан Зейнелғабиденұлы алдағы уақытта жинақтаған бай тәжірибесін «Нұр» мешітінің жұмысын жандандыруға арнайды деген үміттеміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы жергілікті политехникалық колледжінде болды. Ол әлеуметтік педагог Майра Болатқызының ұйымдастыруымен өткен «Дінге артылса сенімің, имандылық болар серігің» тақырыбындағы кездесуде жастарға ой салар насихат айтты.
Студенттердің көкейінде жүрген сауалдарына нақты жауап берді. Жиналған ұстаздар мен шәкірттер бас имамға мағыналы әңгімесі үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған мешіттің найб имамы Сансызбай Беделхан шаһардағы №1 Шоқан Уалиханов атындағы мектептің 7 және 11 сынып оқушыларымен «Жат ағымнан сақтану» жөнінде сөз етті. Қозғалған тақырыпқа байланысты шәкірттер сұрақтары бойынша тиянақты жауап алды. Қатысушылар есте қаларлық тағылымды сұхбаты үшін мешіт қызметкеріне алғыстарын жаудырды.
Сонымен қатар шахардағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде Бас имамның ұйымдастыруы мен аптаның әр бейсенбі күні жамағаттың бірлігін арттыру мақсатында мешіттің жамағаттары мен шәкірттері үшін ас берілетін. Осы жолғы аста найб имам Сансызбай Беделхан жамағатқа «Исламдағы бірлік» жайлы уағыз насихат айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі