Жыл сайын өңіріміздегі мешіттерде ұлты мен ұлысына қарамастан барлық ардақты аналарымызға ілтипат таныту дәстүрге айналды. Осы орайда сөзіміз нақты болу үшін деректерге сүйенелік.
8 наурыз –Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Федоров аудандық «Жиентай қажы» мешітінің бас имамы Ерлан Тілегенов ақ жаулықты апаларымызға ақ дастархан жайды.
Оларға шын жүректен шыққан жылы лебізін білдіре келіп, есте қаларлықтай сый-сияпат көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы, Зекет және қайырымдылық қорының жетекшісі Бақытжан қажы Икрамның айтуына қарағанда, өткен ақпан айында да бірқатар игі істер жүзеге асырылды.
Нақты деректер мен дәйектерге сүйенетін болсақ, өңір бойынша 40 қайырымдылық іс-шарасы өткізілді. Қолдауға мұқтаж 187 отбасына көмек көрсетілді. Осы мақсатқа 2883120 теңге жұмсалды.
Жиналған қаражатқа облыстағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұяларға азық-түлік, отын-су, киім-кешек, дәрі-дәрмек алып берілді. Сондай-ақ ақшалай да өтініш-тілектер қанағаттандырылды.
«Кең болсаң, кем болмайсың» дегендей, осындай шаралар облыс бойынша мешіттердің және ондағы демеуші жомарт жандардың арқасында атқарылды. Оған мұрындық болған жандарға Алла тағаланың нұры жауа берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен өңірімізде дін саласында тәжірибесі мол қос азамат жауапты қызметтеріне кірісті.
Мәселен, Денисов ауданына Азамат Серікбайұл Мурзаканов Бас имам болып тағайындалды. Ол осыған дейін Қостанай ауданы «Маңдай батыр» мешітінде найб имамдық жұмысты абыроймен атқарды.
Сондай-ақ, осы күнге дейін Денисов ауданының Бас имамы болған Руслан Жиенбаев Алтынсарин ауданы «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің Бас имамы қызметіне бекітілді.
Жаңадан тағайындалған дін қызметкерлері муфтияттың алға қойған нақты міндеттерін жүзеге асыруда іскерлік пен біліктілік танытады деген сенімдеміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев облыс орталығында келімді-кетімді кісілер жиі болатын орындардағы намаз оқитын бөлмелерді аралап тексеріп шықты.
Мұсылмандарға жағдай жасалған орындар қаламыздың адамдардың көп шоғырланатын және өте қажетті орындарында орналастырылған. Атап айтқанда намаз бөлмелері бұдан бұрын жазғанымыздай «Kostanay plaza» сауда орталығында, шаһарымыздағы әуежай және теміржол вокзалында орналасқан.
Жалпы алғанда құлшылыққа арналған бөлмелер мен тазаланатын орындар ұқыпты, артық заттар жоқ халыққа ыңғайлы. Сол орындарды таза ұстап жағдай жасап отырған аталмыш ғимарттағы басшыларға рахмет.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда қалалық «Марал ишан» мешітінде қызметкерлермен келелі жиын болып өтті. Бұл басқосу Түркия мен Сириядағы мұсылман жұртының зілзаладағы амандығын тілеп, оларға арнайы дұға жасаумен басталды.
Бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы күрделі жөндеуден өткен имандылық ордасындағы жаңадан тағайындалған кадрларға алда тұрған міндеттерді жан-жақты түсіндірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үстіміздегі жылды «Ислам және ізгі қоғам» деп атағаны белгілі. Сондықтан «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту» және «Жат діни ағымдардан сақтандыру» деген бес бағыт бойынша жұмыс атқару қажеттігін еске салды.
Сонымен қатар биыл жоғарыда аталған мешіттің 130 жылдығы аталып өтеді. Мерейтойға орай облыс Бас имамының тапсыруы бойынша жүзеге асырылуға тиісті жоспарлар да таныстырылды.
Қазіргі таңда бекітілген кестені басшылыққа ала отырып, жүйелі түрде жас ерекшеліктеріне қарай ер және әйел жамағатына дәрістер жүргізілуде. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы өткізілетін сабақтарға да ерекше назар аударылуда.
Бұл күндері ұжымда бас имам, екі найб имам, ерлер және әйелдер ұстазы, молда, шаруашылық меңгерушісі және екі еден жуушы қызметкерлерді қосқанда, барлығы тоғыз адам жұмыс атқаруда.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Алла Тағала әрбір ораза ұстауға денсаулығы жарайтын, балиғатқа толған, ақыл-есі бүтін мұсылманға оразаны парыз етті. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген: فَمَنْ شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ وَمَنْ كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِنْ أَيَّامٍ أُخَرَ يُرِيدُ اللَّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلا يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ
«Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал кім (осы айда) науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді» . Бұл аяттың мағынасынан Алла Тағала құлдарының кейбіріне Рамазан айында белгілі бір себеппен ораза ұстамауға рұқсат еткенін аңғарамыз. Солардың ішінде Рамазан айында ораза ұстамайтын, бірақ содан кейін қазасын өтейтін адамдар бар. Олар мыналар:
1. Жолаушы. Шариғат тұрғылықты жерінен таң атқанға дейін ең кемі 86 км. (ханафи мазһабына сәйкес) қашықтыққа сапарға шыққан адамға ораза тұтпауға рұқсат етеді. Бірақ кейін қазасын өтеп береді. Егер таң атқаннан кейін жолға шықса, онда оған бұл күні ораза ұстау қажет болады да, оразаны бұзуға тыйым (харам) салынады. Дегенмен ораза ұстау жолаушыға қиындық тудырмаса оған ораза тұту мұстахаб болады.
2. Дертке шалдыққан адам. Рамазан айында науқас адам ораза себепті денсаулығы нашарлаудан немесе дертінің жазылуы баяулаудан қауыптенсе, оған ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Әрине бұл жерде тәжірибеге немесе білікті дәрігердің нұсқаулығына жүгінеді. Ауруы себепті ораза ұстай алмаған жандар емделгеннен кейін ұсталмаған ораза күндерінің қазаларын өтеулері қажет.
3. Жүкті және емізулі баласы бар әйел. Жүкті әрі емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстау өзіне не баласына зиян беруден қорықса ораза тұтпауға рұқсат етіледі. Әнәс ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте: رَخَّصَ رَسُولُ اللَّهِ (صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمْ) لِلْحُبْلَى الَّتِى تَخَافُ عَلَى نَفْسِهَا أَنْ تُفْطِرَ وَلِلْمُرْضِعِ الَّتِى تَخَافُ عَلَى وَلَدِهَا. «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі және сәбиі үшін қауыптенетін жүкті әйелге мен емізуші әйелге ауыз ашуға рұқсат етті» , - дейді. Сонымен қатар дәрігер, бала емізетін әйелге сәбидің еміне қажетті дәрумендер қабылдауды жазып берсе, онда оған ораза ұстамауына рұқсат етіледі.
4. Өміріне қауыптену. Аузы берік адам ауыр жұмыс істеу арқылы қатты шөл мен аштыққа шалдығып, сол үшін өмірінен не есінен айырылатындай жағдайға душар болса, онда оған оразасын бұзуға рұқсат етіледі. Кейіннен бұл күннің қазасын өтеп береді. Алайда мұндай кісілерге оразаны басынан бастап ауыз бекітпей бірден ұстамауға рұқсат етілмейді. Сондықтан Рамазан айында ауыр жұмыс істейтін адамдар оразасын аяғына дейін ұстауға кедергі келтіретін тым көп жұмыс істемеген жөн.
Сондай-ақ жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және созылмалы дерті бар кісіге (өмір бойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға күніне бір міскінді тамақтандыру (таңғы және кешкі ас) уәжіп болады. Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген: وَعَلَى الَّذِينَ يُطِيقُونَهُ فِدْيَةٌ طَعَامُ مِسْكِينٍۖ فَمَن تَطَوَّعَ خَيْرًا فَهُوَ خَيْرٌ لَّهُۚ
«Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек. Ал енді кімде-кім қайырымдылық жасап (аталмыш мөлшерден) асырып берсе, онысы өзі үшін қайырлы әрі жақсы болмақ» .
Дархан Манарбекұлы, Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы
Қостанай облыстық «Айтмағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Әлішер Балахмет және аталмыш мешіт ұстазы Нұрлан Сейдағалиев ЖАНТ сапармен Әулиекөл ауданында болды.
Олар ондағы бірқатар мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерімен кездесті. Мәселен, аудандық ішкі істер, өрттен сөндіру бөлімдері және мектеп ұстаздарымен жүздесулер өте әсерлі өтті.
Жас мамандар «Ислам және жастар», «Қазақстандағы дәстүрлі ислам түсінігі», «Диструктивтік ағымдарға ілінудің қауіптілігі» деген тақырыптарда әңгіме өрбітті.
Аудандағы кездесулер аяқталған соң дін қызметкерлері «Әмит ишан» мешітіне атбасын бұрды. Наиб имам Әлішер Ертайұлы жұма намазына жиналған жамағатқа «Миғраж түнінің артықшылығы» туралы уағыз-насихат айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Есімдері өңірімізге белгілі имамдар, ЖАНТ мүшелері Сабыржан Есмурзин және Азамат Мурзаканов Ұзынкөл ауданында болып, өзекті тақырыптар бойынша кездесулер өткізді.
Танымал дін қайраткерлері осы сапар барысында аудандағы жалпы білім беретін № 2 және Киев елді мекеніндегі мектептердің ұжымымен жүздесіп, көптің көкейінде жүрген маңызды тақырыптарды қозғады. Жиналғандар басқосулардан үлкен әсер алып, өздерінің ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде өткен жылдың қыркүйек айында сауат ашу курсы басталған болатын. Курсты мешіттің ұстазы Саидаббос Мираманов жүргізді.
Онда түрлі жастағы шәкірттер жаңадан бастаушы және жалғастырушы топтарға бөлініп, Құран әліппесі, тәджуид ережесі, ислам әдебі және ислам ғибадаты пәндері бойынша дәріс алды.
Аталмыш курстың алғашқы тобында 17 шәкірт тәлім-тәрбие алып, курсты ойдағыдай тәмамдады. Оларға арнайы сертификат пен Құран кәрім кітабы табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Науырзым аудандық «Түркебай ата» мешітінің ұйымдастыруы және ҚМДБ-ның жанынан ашылған «Қамқор шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының бастамасымен діни жоралғылар шариғат талабына сай болуы хақында жиын өткізілді.
Аталған маңызды бастаманы қолдау және діни жоралғыларды шариғат шеңберінде жүзеге асыру, оны бәсекеге айналдырмау, әркім мүмкіндігінше ысырапшылдыққа жол бермеу жайы халықпен кездесуде әңгіме арқауына айналды.
Онда елге сыйлы жергілікті ақсақалдар ауылда жаңадан қорым ашып, онда баршаға міндетті тәртіпке сүйену жайы сөз болды. Атап айтатын болсақ, дүниеден өткен кісінің жаназадан кейінгі, марқұмның қырқындағы жайылған дастарқандарында, жылдығына арналған астарында шығынға жол бермеу жан-жақты айтылды.
Жиынның соңында ауыл халқы бір ауыздан ҚМДБ ұйытқы болып қолға алған «Зират және Зиярат», «Ас беру мәдениеті» секілді маңызды құжаттарды толық қолдайтындарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі