Биылғы Қадір түні облыстық мешітте тыңғылықты дайындықтың арқасында жоғары деңгейде өтті. Сөздің орайы келгенде имандылық ордасында қызмет атқаратын барша қызметкерлердің біліктілік пен ұйымшылдық танытқандығын айтып өткеніміз лазым.
Алдын-ала жасалған бағдарламаға сәйкес Құптан, Тарауих, хатым дұғасы оқылды.
Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбеттің «Мың айдан қайырлы-Қадір түні» тақырыбындағы уағызы көпшілікке терең мазмұны және танымдық-тағылымдық жағымен ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар, осынау кеште Бас имам шәкірттерге сертификат табыс етті. Қасиетті Рамазанның барысында білімділігімен жерлестерімізді баурап алған Қариға бата беріп, ежелден келе жатқан ата-дәстүріміз бойынша иығына шапан жапты. Басқа да сый-сияпат жасады.
Қадір түнінде жастардың дүниетанымын кеңейту мақсатында сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды. Содан кейін «Рамазан - күнәларға кешірім айы» атты орыс тіліндегі уағызды да жамағат ұйып тыңдады.
Кештің соңында «Қаза және Тасбих» намазы оқылып, сәресі ішілді. Үлкенді-кішілі қауым таң намазына жығылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі