Ақын, ағартушы Әлмұхаммед Оспанұлының есімі ұлт көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов ақталғаннан кейін ғана ел арасына тарай бастаған тұлғалардың бірі. Торғай уезі, Тосын болысында 1886 жылы өмірге келген Әлекең саналы ғұмырын имандылық ілімін насихаттауға, ұстаздыққа арнаған, иманды да ізгі жан. Ол өмірінің көп бөлігін қуғын-сүргінде өткізген.
ӘЛМҰХАММЕД 13 жасын да Торғай қаласындағы 4-кластық орыс қолөнер мектебіне түсіп, «ағаш ұстасы» деген мамандық алып шығады. Содан кейін 17 жасында осы Торғай қаласындағы 6 жылдық орыс мектебінің 4-класына қабылданып, оны 1905 жылы бітіреді. 1911 жылы Троицк қаласындағы Зейнолла ишан салдырған «Расулия» медресесіне түседі. Оқи жүріп, «Айқап» журналына, «Қазақ» газетіне өлеңдерін бастырып, мақала жазып тұрады.
1917 жылы туған жері – «Бестау», «Суықбұлақ», «Шилі» маңындағы, «Үшқарасу» басындағы медреселерді «Бостандық» мектебі деп атап, ауыл балаларына орысша-қазақша білім бере бастайды.
1920 жылы Орынбордағы ағарту бөлімі мектепті қазақ тіліндегі бастауыш мектеп етіп, осында үш айлық курс ұйымдастырады, Торғай уезі бойынша осы «Бостандық» мектебінен 75 адам мұғалімдік куәлік алып шығады. Әлекең сол курста А. Байтұрсыновтың емлесін алғашқылардың бірі болып қолданып, сабақ береді.
1925 жылдың соңына таман Торғай қаласында үлкен діни мәжіліс болып, Нәуен хазірет жасының ұлғайып, денсаулығының нашарлауына байланысты өзін мұхтасибтік жұмыстан босату туралы өтініш жасайды. Торғай уезіне қарасты 13 болыстан келген дін қайраткерлері мен 54 мешіттің имамдары Нәуен хазіреттің өтінішін қанағаттандырады. Оның орнына бір ғана Әлекеңнің кандидатурасы ұсынылады.
1926 жылдың басында, Уфа қаласындағы мүфтиятқа барып, өзін Торғай уезінің мұхтасифтігіне бекіткен жарлығын алып қайтады.
Сөйтіп Әлекең 1925 жылдың аяғынан 1929 жылдың соңына дейін Торғай үйезінің мұхтасибі болып адал қызмет атқарады. Діни жұмыстарды жақсы жолға қояды. Уездегі 54 мешіт пен 4 медресенің дінімізді өркендетуге лайықты үлес қосуын қамтамасыз етеді. Болыстарды үнемі аралап, мешіт-медреселердегі жүргізіліп жатқан жақсы жұмыстардың барысын қадағалап, бақылап отырады».
Әлмұхаммед Оспанұлының өлең-жырлары да елді әрдайым адамгершілікке, оқу-білімге, ынтымақ-бірлікке үндейді.
1911 жылы басылып шыққан «Қазағыма» деген өлеңінде былай деп жазады:
Қараңғы надан елдің күні құрсын,
Бұралқы қадірі жоқ иттен жаман.
Кел, қазақ, надандықтан қоштасалық,
Қайрылмас қанша айтқанмен кеткен заман,
Жастарды жасөспірім, жаңа талап,
Сақталық бұл адасқан беттен аман.
Әлекеңнің отызыншы жылдары үшінші рет айдалып бара жатқанда жазған «Жазушыдан ақырғы сөз» деген өлеңінде оның болашаққа деген сенімі бейнеленген:
Жазушы Әлмұхаммед Оспанұлы,
Тағдырға бой ұсынбақшы хақтың құлы.
Мұхтасиф үш ауданға болдым рас,
Жасқанып жасыра алман, сірә дә оны.
Ғылымның азды-көпті арқасында,
Халқымнан қадір-құрмет көрдім шыны.
Ырзамын әуелі Алла һәм халқыма,
Иншалла ұмытпасам керек мұны.
Жалпыға жалпақ келген бұл бір нәубат,
Демей-ақ жақсы-жаман, ұсақ-ірі.
Көреміз нәтижесін көппен бірге,
Тысқары топырақтан болсақ тірі.
Торғай өңірінің тумасы, өткен ғасырдың бас кезінде (1911) Зейнулла хазреттің медресесін тәмамдап, Саналы ғұмырын дін жолына ілім жолына бағыштаған, сол жолда бақытын тауып ел құрметіне бөленген, адалдықты, парасаттылықты ту еткені үшін кеңестік дәуірдің қанқұйлы зобалаңына ұшырап, жазықсыз жапа шегіп, тауқымет тартқан бірегей тұлға, ақиық азамат.
Құдай тағаланың сүйген құлы, халқының біртуар перзенті, көкірегі алтын көмбе шежіреші, ағартушы ақын. Ол кісінің білім деңгейі, діндар-тақуалығы өте зор болды. Сол кездегі Діни басқарманың муфтиі Бабаханов Зияуиддин, уфалық Шәкір қари, алматылық Садуақас хазрет, Әбдірахман ишандармен деңгейлес шығып, олардың өзара сыйластығы ел аузында жатталған.
Сол үшінде Торғай-Қостанай өңіріндегі атақты діндарлар: Мұстафа қажы, Файзулла қари, Ысқақ, Жүніс, Аймағамбет сияқты тақуа моллалар Әлекеңді ардақ тұтып, оның даналығына, кемеңгер тереңдігіне тәнті болған.
Әлмағамбет Оспанұлының халыққа сіңірген еңбегін бүгінде тәуелсіз еліміз өз деңгейінде бағалауда. ҚМДБ-ның шешімімен 2007 жылдың 6-шы қыркүйекте Арқалық қалалық мешітіне есімі берілді...
Бүгінде бұл мешіт: Қостанай облысы, Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті деп аталады.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің
Бас имамы Бақтыбай Нүрхан Асанүлы