Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбет іс сапар барысында өңіріміздің шалғайда жатқан Жітіқара ауданына атбасын бұрып, жергілікті ағайындардың хал-жағдайларымен танысты.
Ол ҚМДБ-ның Зекет және қайрымдылық қорының "Ел үлесі - пәтерге" жобасы аясында баспанаға мұқтаж болып отырған отбасыға 720-шы үйдің кілтін табыс етті. Шексіз қуанышқа бөленген Наутанов Азамат Мурзабекович атты азамат Бахытбек Нұрғабылұлына ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақ халқы «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөзді берік ұстанады. Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Қамысты ауданындағы сапар барысында өңірімізге танымал тұлға, жергілікті абыз ақсақал Сейітбек Есенбаевтың шаңырағына арнайы атбасын бұрды. Оның хал- жағдайын біліп, сәлем берді. Онымен жанында өзге де әріптестері бірге жүрді.
Өмірдің талай белестерінен өткен ардақты ағамыз Сейітбек Бендекұлы қазір 84 жаста. Ол 1939 жылы 1 наурызда жоғарыда аталған ауданның Красногор ауылында дүниеге келген. Кезінде ел ардақтысы аудан әкімінің орынбасары, әкім лауазымын да уақытша атқарған.
Басқа да жауапты қызметтерде болды. Осы уақытқа дейін ардагерлер кеңесін басқарды. Талай азаматтарға шапағатын тигізіп, кейінгі жастарды тәрбиеледі. Көпті көрген ақсақалға Бахытбек қажы Нұрғабылұы бастаған имамдар қарияның деніне шипа тілеп, отбасына ізгі тілегін білдірді.
Дін қайраткерлерінің кішіпейілдігіне тәнті болған ағамыз қуанышын жасырмай алғысын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Дерт меңдеп, дауа іздегенде алдымен дәрігерлердің көмегіне жүгінетініміз ақиқат. Сондықтан да "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" демекші, осынау ақ халатты абзал жандардың атына қанша жылы лебіз білдірсек те артық болмайды.
Қостанай облыстық "Аймағанбет қажы Спанұлы" мешітінің найб имамы Тимур Туребаев Денисов селосында болғанда аудандық аурухана дәрігерлерімен жүздесті.
Кездесу барысында медицина қызметкерлерінің халықтың денсаулығын сақтау мен оларды емдеуде сіңіріп жатқан орасан зор еңбектеріне тоқталып, алдағы уақытта да жұртшылыққа аянбай қызмет ете беретіндіктеріне тілектестігін білдірді. Жиын соңында аурухана басшылары имам Тимур Құрманғазыұлына әсерлі де маңызды әңгімесі үшін шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбет арнайы іс-сапармен Қамыстыда болды. Ол аудандық әкімдікке қарасты барлық ұжыммен кездесті. Белгілі дін қайраткері онда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының үстіміздегі жылды "Ислам және дәстүр" деп жариялағанына тоқталып, осынау бағдарламалық баяндаманың мәні мен мақсатын жан-жақты түсіндірді.
Өскелең ұрпақты дініміздің баға жетпес құндылықтары және ұлттық дәстүрімізбен тығыз ұштастырып, патриоттық рухта тәрбиелеу қажеттігін сөз етті.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Айдын Шеденов Бас имамға әкім және барлық қызметкерлердің атынан ерекше алғысын білдіріп, жауапты қызметінде табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Алла Тағалаға шүкір биыл қар өңірлерге қалың түсуде. Осы ретте Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешітінің жамағаты көмекке мұқтаж үйлердің аулаларында қар тазалау акциясын ұйымдастырды.
Қайырымдылық адам бойындағы ең асыл қасиет. Бұл тек ғана қажылай не материалдық емес екендігін жете түсінген Асылхан қажы Түсіпбек басқаратын имандылық ордасының қызметкерлері осындай шақтарда қиналғанға қол ұшын беруді өздерінің азаматтық басты парызы деп түсінеді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің Бас имамы Әкімбек Асанов қасиетті жұма намазынан кейін мешітке жиналған жамағатқа Осман Тоханың Құран кітабын табыс етті.
Ол сонымен қатар Рамазан Құран айы жөнінде насихат айтты. Бас қосқан қауымға құнды еңбектің мән-маңызын түсіндіріп, үстіміздегі жылы әрбір отбасыға ырыс-береке мен молшылық тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қыстың көзі қырауда үйіңде жылу болмаса береке болмайтыны айдан анық. Осы орайда Әулекөлдік қайырымды азаматтарының қолдауымен "Жылулық сыйла" қайырымдылық акциясының аясында сол елдің жалғыз басты отбасына жақсы сапалы шұбаркөл көмірі түсіріліп берілді.
Бұл шара күн суытып, пешке от жағу мерзімі басталғаннан бері аталмыш ауданда дәл осындай көмек көрсетілген 8-ші жанұя. Әрине, қамқорлыққа бөленген жандар мешіт қызметкерлері мен демеушілерге шынайы алғысын білдіруде. Біздің күшіміз бірлікте деген ұранды ұстанған жомарт жандар көбей бергей.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының қызметкерлері үстіміздегі жылдың алғашқы айын да нәтижелі жұмыстармен бастады.
Мәселен, найб имам Бақытжан қажы Икрамның айтуына қарағанда, өткен қаңтар айында өңір бойынша қайырымдылық үшін 38 іс-шара ұйымдастырылды.
Онда 121отбасына нақтылы көмек көрсетілді. Осы мақсатқа 3 378 300 теңге жұмсалып, қолдауға мұқтаж жандардың шынайы алғысына бөленді. Бұл орайда демеуші және жанашыр азаматтардың тарапынан айрықша қамқорлық танытылғанын атап өткеніміз жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысы бойынша «Қамқор - шарапат» орталығының өкілі Ерлан Өмірбекұлы және Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дархан Манарбекұлы Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Тынымбайұлымен кездесіп, өзекті мәселені талқылады.
Олар жүздесуде «Зират және зиярат мәдениеті» туралы құжаттың маңыздылығы хақында әңгімеледі. Елімізде қалыптасқан дәстүр бойынша дүниеден өткен кісіні жерлеуді бірізділікке түсіру және ауданда жер телімін бөлу жайын сөз етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Аудандық «Әмит ишан» мешітінің Бас имамы Нұрбол қажы Балахмет Аманқарағай ауылындағы қазақ орта мектебінің ұстаздарымен кездесті.
Онда белгілі дін қайраткері қатысушыларға деструктивтік ағымдардың алдын алуға байланысты насихат айтты. Сонымен қатар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының үстіміздегі жылды «Ислам және дәстүр құндылықтары» деп жариялағанына тоқталды.
Жасөспірімдерге дініміздін баға жетпес құндылықтарын ұлттық дәстүрмен ұштастырып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу аса маңызды екендігін сөз етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі