Федоров аудандық «Жиентай қажы» мешітінің Бас имамы Руслан Маратұлы Мәншүк Мәметова атындағы мектептің оқушыларымен кездесті.
Жүздесу барысында ол жастардың тәрбиесіне байланысты уағыз-насихат айтты. Мәселен, өскелең ұрпақты зиянды әдеттерден сақтандыру, оның ішінде құмар ойындарының тигізетін зардабына тоқталды.
Мектеп оқушылары өздерінің толғандыратын сұрақтарына нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айы басталғалы бері өңірдегі мешіттерде қайырымдылық акциялары өткізіліп, Ораза ұстаған қауымға ауызашарлар беріліп жатқаны белгілі.
Жуырда Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінде де облысқа белгілі «Зерновая Индустрия» агрохолдингі мекемесінің ұжымы сауабы мол игі шара өткізді.
Алдымен, көмекке мұқтаж 30 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті. Кешке жамағатқа дастархан жайып, ауызашар берді. Жиналған жұртшылық оларға алғысын жаудырып, ақсақалдар бата жасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айы кезінде Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы өңіріміздің бірқатар аудандарында іс-сапармен болды. Алдымен, көршілес Ұзынкөлдегі «Құрман баба» мешітіндегі іс-шараға қатысса, содан кейін ат басын Мендіқара ауданына бұрды.
Мұнда жергілікті «Қарамақы ата» мешітінің жамағатымен кездесті. Жүздесу барысында тағылымдық-тәрбиелік мәні зор «Сабырлылық-Оразаның құндылығы», «Түнгі құлшылықтардың сауаптылығы» тақырыптарын қозғады.
Жиналған қауым Бас имамның уағыз-насихаттарын ұйып тыңдап, кездесуден үлкен әсер алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жылда қалыптасқан дәстүр бойынша Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев бастаған бір топ азаматтар қасиетті Рамазан айының құрметіне облыс орталығындағы “Жайлаубай ата” мешітінде Ораза ұстаған бауырларымызға ауызашар берді.
Онда аталған мешіттің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов көпшіліке дастархан жайған шаһар басшысы мен өзге де іскер жігіттерге шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, аруақтарға бағыштап Құран оқыды.
Ал, имандылық ордасының алқа мүшесі Бақытбек қажы Оспанов тебірене сөз сөйлеп, батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде қасиетті Рамазан айына байланысты қайырымдылық шарасы өткізілді.
Онда кішкентай бүлдіршіндерге «Рамазан тәттісі» қоржыны үлестірілді. Шексіз қуанышқа бөленген балақайлардың ата-аналары мешіт қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінде қасиетті Рамазан айында «Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясы өткізілді.
Онда демеушілердің қолдауымен көмекке мұқтаж 15 отбасыға азық-түлік пакеті таратылды. Қуанышқа кенелген шаңырақ иелері мешіт қызметкерлері мен жүрегі жомарт азаматтарға шынайы ризашылығын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Арқалық қалалық № 1 Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп директорының орынбасары Ақмарал Шалдыбаеваның ұйымдастыруы және ата-аналар, ұстаздардың қатысуымен оқушыларды жат ағымнан сақтандыру тақырыбына байланысты тәлімдік-тәрбиелік мәні зор кеш болып өтті.
Бұл басқосуға жергілікті «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлы арнайы шақырылды. Ол жиналғандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Көтеріліп отырған маңызды мәселе бойынша өз ойын ортаға салды. Қойылған сұрақтарға нақты жауап берді.
Кеш соңында ұйымдастырушылар Бас имамға барша қатысушылар атынан шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде Рамазан айының құрметіне Жарапазан жырын айту эстафетасы Қостанайда жалғасты.
Бұл эстафета облыстың Бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы бастаған жергілікті мешіттердің имамдары және руханият саласының қызметкерлері тарапынан қолдау тапты. Қостанай шаһарының орталығындағы «МАRТ» және «ЦУМ» сауда үйлерінде, сонымен қатар орталық алаңда «Жарапазан жыры» айтылды.
Сонымен қатар, қайырымдылық мақсатында 200 адамға «Ауызашар себеті» таратылып, олардың алғысына бөленді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Лисаков қаласында "Әбдіхаим Саламатұлы" мешітінің Бас имамы Әкімбек Асановтың қолдауымен "Тілдерді оқыту" ұжымы Көрісу күнінің құрметіне орай "Ақ бата" атты байқау өткізді.
Имандылық ордасындағы осынау танымдық-тағылымдық басқосуға алқа мүшелері мен қала ақсақалдары қатысты. Аталмыш іс-шараның мақсаты - қазақ халқының бірлігі мен ынтымағы жолындағы ұлттық құндылығымыз бата беру дәстүрін өскелең ұрпаққа үлгі ету және насихаттау.
Байқау барысында батагөй ақсақалдар парасаттылық пен көрегендіктерін танытты. Жиын соңында Бас имам аға ұрпақ өкілдеріне алғысын білдіріп, жеңімпаздарға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің Бас имамы Әкімбек Асанов бастаған мешіт ұжымы және жергілікті жамағат Рамазан айы қарсаңында ізгілікті істі қолға алды.
Мәселен, әйелдер қауымы мешіттің ішкі жағына ерекше көңіл бөлсе, ал ер кісілер мешіт ауласын жиналған қардан тазартты. Аталған маңызды жұмыстың ойдағыдай жүзеге асуына «Устаплюс» мекемесі техника жағынан көмек көрсетті.
Қарқынды атқарылған жұмыстан кейін жамағат дастарқан басында жиналды. Бас имам өздерінің лайықты үлестерін қосқан барша жамағатқа шынайы ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі