Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының қызметкерлері өткен сәуір айында да уақытпен санаспай жұмыс істеді.
Мәселен, өңір бойынша 51 іс-шара өткізіліп, 2 335 отбасына көмек берілді. Осы мақсатқа 33 646 996 теңге жұмсалды.
Баршаға мәлім, аталған айда өңірде бірқатар елді-мекендердегі тұрғындар күтпеген табиғат апатынан зиян шекті.
Облыстық мешіттің найб имамы, қор жетекшісі Бақытжан қажы Икрамның айтуына қарағанда, негізінен қайырымдылық көмектер су тасқынынан зардап шеккендер мен өзге де әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұяларға көрсетілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі.
Адамзаттың санаулы ғұмырында көптеп кездесетін, сананы еліктіріп өзіне тартатын нәрсенің бірі – құмар ойындары десек болады.
Құмар негізі арабша сөз, бірақ аятта «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл жолмен мал табу мағынасын білдіреді.Асыл дінімізде құмар ойындарына тыйым салынып, лағынеттелген.
: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالْأَنصَابُ وَالْأَزْلَامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاءَ فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَعَنِ الصَّلَاةِ ۖ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ «Әй мүміндер! Арақ, құқмар, тігілген тастар(пұтттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды?».
Мінеки Құранда құмар ойындарының адамды мас қылатын ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, қоғамға, моральдық құндылықтарға тигізетін кесірінің бірдей екендігі анық айтылған. Сонымен қатар құмар ойындары дос- жаран мен туған- туыстың арасына да іріткі салатын нәрсе.
Құмар ойындары сондай-ақ, қоғамды жалқаулармен, еріншектермен, ар-ұятын сатушылармен толтырып, өзін, отбасын, айналасын, дінін ұмыттырады. Ондайға ұшыраған жанның барар жері белгілі.
Осы орайда дана Абай атамыздың: -Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ, - немесе: -Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, аздырар адам баласын, - деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.
Шын мәнінде, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салған. Бұл туралы Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ : «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін»,-дейді. Бұдан аңғаратынымыз, кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс жасаса оның садақа беруі - міндет. Демек, ол күнәсі үшін садақа беріп қана құтыла алады деген сөз.
Сонымен қатар, хадисте айтылып тұрған мағынада ойынды ойнау былай тұрсын, тек шақырудың өзі де харам екенін білдіреді. Сол себепті өтеу ретінде садақа беру - үкім болып табылады. Пайғамбарымыздың ﴾ﷺ﴿ бұл хадисте садақа беріңдер деп меңзеп тұрғаны ол жеке адам емес, бүкіл қоғамға зиян келтіретіндіктен жеккөрінішті құмар ойындарға тыйым салынғандығын көрсетеді. Өйткені қазіргі таңда құмар ойыны адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізіп отыр. Бұдан да сорақысы құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін, т.б. қажеттіліктерін бәске тігушілердің де кездесетіндігі жасырын емес. Осылардың салдарынан қаншама отбасы ойран болып, жапа шегуде.
Ғалымдар еңбексіз келетін табыстың негізгі түрлерінің бірі ретінде құмар ойындарын алға тартады. Сахаба Абдулла ибн Омардың ﴾р.а.﴿: «Құмар ойын – еңбексіз, оңай табыспен келеді», – деген сөзі бар.
Сондықтан, Ислам діні әр мұсылманды Алланың көрсеткен жолымен өз ризығын тауып, адал ас ішіп, иманның кәусардай таза бұлағынан сусындауын қалайды. Ал, құмар ойындардың адамды еңбек етуден тыйып, оны бос армандарға жетелейтіндігі анық. Құмаршы құмарға берілудің нәтижесінде Алланың алдындағы, қоғам, өзі мен отбасы алдындағы барлық жауапкершілікті ұмытып, өзіне берілген мүмкіндіктерден айырылады.
Расына келгенде, шариғатта рұқсат етілген ойындардың да бар екендігін айтуға тиіспіз. Ондай ойындардың басты ерекшеліктері – олардың адамға пайдалы және мағыналы болуында деп түсінуіміз керек. «Адамның денесі секілді, жүрегі де қалжырайды, сондықтан мағыналы ойын-сауық құрыңыздар», «Жүректі уақытымен демалдырып тұрыңдар, әйтпесе демалмаған жүрек соқыр жүрекке айналады», дейді.
Мысалы, той-томалақтарда, салтанатты кештерде және сәби дүниеге келген кездерде мұсылман үмметі жиналып, өзара қуаныштарын бөліседі. Мұндай басқосулар шариғатта рұқсат етілген амалдар арқылы жүзеге асырылса құба-құп. Ал, арақ-шарап ішу, даңғазалық жасап билеу, дарақы күлкіге,бос әңгімелер мен өсек-аяңдарға жол беру – шайтанның істерінен саналатындықтан олардан сақтану қажет. Сондықтан демалыстың түрін жан-жақты өлшеп барып қана таңдаған дұрыс. Сонымен қатар, шариғатта әртүрлі спорттық ойындар мен жарыстарға да ерекше назар аударылады. Жалпы, спорт адамның денсаулығын жақсартып, өз-өзін сергек сезінуге күш беретіндіктен онымен айналысушы күнделікті діни құлшылықтарын да құштарлықпен жасайтын болады. Өйткені, спортшыда қалжырау, еңсесі түсу деген болмайды.
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына өзіндік кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ерекше ықпал ететіндігі сөзсіз екендігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзейік десек, құмар ойындарына шатылып, шайтанның арбауына түспейік. Иманымызды күшейтіп, өзімізге, отбасымызға, айналамызға, қоғамға, қоршаған ортаға пайдалы істермен айналысайық. Алла тағала біздерді құмар сияқты лас ойындардың шырмауына түсуден сақтасын деп тілейік.
Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің имамы Рахым Серік
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы еліміздің барлық өңірлерінде зират тазалығына айрықша назар аударуда.
Мәселен, облыстағы Федоров ауданына қарасты мұсылман зираттарында тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл орайда осынау игілікті іске өздерінің лайықты үлестерін қосқан азаматтар да аз емес.
Сөздің орайы келгенде, Федоров ауылдық округінің әкімі Болат Арманұлы, техника жағынан қол ұшын берген «Ақжан және біз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Рахым Жұмағалиұлы және барша жергілікті тұрғындар белсене атсалысты.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, аруақтарға құран бағышталып, қабірлеріне зиярат етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жоспарына сәйкес Қостанай облысына қарасты мешіттердің ұйымдастыруымен «Өткенге құрмет – тіріге міндет» атты тақырып аясында «QАМQOR-SНARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының қатысуымен зираттарда тазалық жұмыстары жүргізілді.
Өңірдегі мұсылман зираттарының айналасын тазарту - бізге жай ғана міндет емес, ізгі амал екендігі белгілі. Оны имандылықты жоғары қоятын азаматтар жете түсінгендіктен өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.
Осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде жоғарыда аталған игі іске барлық мешіттердің қызметкерлері, ерікті жамағаттар, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер де белсене атсалысты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов имандылық ордасының жанындағы Қайырымдылық мекемесінде екі айлық білім беру курсын аяқтаған түлектерге сертификат тапсырды.
Адам баласына оқу жасқа қарамайды әрі кеш болмайды екен. Өйткені, бұл жолы маңызды құжат алғандардың қатарында 73 жастағы Қасым қарт, астаналық Айбол, көршілес Ақмола облысының Красивое ауылының тұрғыны Жанат есімді азаматтар өздерінің табандылығының арқасында мақсаттарына жетті.
Осынау түлектерге қазыналы қарттар бата беріп, алдағы уақытта асыл дінімізге аянбай қызмет ете беретініне нық сенім білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
ҚМДБ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы аясында Қостанай облыстық мешіті Бейімбет Майлин ауданына қарасты Новольин, Валерьянка, Әйет, Набережный ауылдарындағы су тасқынынан зардап шеккен және көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық мақсатында қолдау көрсетті.
Онда 100 отбасыға 1 тонна картоп, 500 келі пияз, 300 келі сәбіз, 200 келі қырыққабат таратылды. Олар өз кезегінде демеушілік жасаған азаматтарға ризашылығын білдірді.
Осындай қиын кезде парасаттылықтың жарқын үлесін көрсеткен жүрегі жомарт бауырларымызға Алланың нұры жауа берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен ағайындармен штаб мүшелерінің бірлескен арнайы жиыны болып өтті. Бұл штаб құрамында облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы, Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" және «Марал ишан» мешіттерінің Бас имамдары Шоқан қажы Ғазизұлы мен Бектұрсын Торғайбайұлы да бар.
Елімізге танымал дін қайраткерлері аталған басқосуда табиғат апатын бастан өткерген отбасылармен бетпе-бет жүздесіп, сұхбаттасты. Оларды сабырға шақырып, мұқтаждықтарына ерекше көңіл бөлді.
Жергілікті ағайындарға рухани қолдау білдіріп, штаб мүшелері олармен қашанда бірге екендіктерін айтты. Кездесуге келгендер олардың тағылымды әңгімелерінен кейін өздерінің бойларына тың күш-қайрат біткендей сезінді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Ораза айт мерекесіне орай Әулиекөл аудандық 'Әмит ишан" мешітінің ұжымы бірқатар қайырымдылық шаралар ұйымдастырды.
Мәселен, 18 мұқтаж отбасыға азық-түлік сатып алынды. Сонымен қатар 10 көмекке зәру жанұяға 3 қойдың еті таратылды. 50 балаға айттық қоржыны үлестірілді.
Сондай-ақ, Әулиекөл ауылының тұрғыны Әнуарбек Әділ Бағдатұлына мүгедектер арбасы табыс етілді. Жалпы аталған қайырымдылық шараларына 525000 теңге жұмсалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы тапсырмасымен өңірімізге қарасты Арқалық қаласы, Жангелдин және Амангелді аудандарында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға "Зекет және қайырымдылық" қоры атынан азық-түлік және киім-кешекпен көмек көрсетілді
Ал Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет осы апат болған аймақтарға барып, болған жайды өз көзімен көрді. Жергілікті бауырларымыздың хал-жағдайымен танысып, халықтан жиналған азық-түлік пен қажетті заттарды таратты.
Өңірдегі іскер азаматтар да лайықты үлестерін қосты. Мысалы, «Best Uno» және «Олжа агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің де басшылары да ұн және басқа да тұтынатын тауарлармен демеушілік жасады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ауыл шаруашылығының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың есімі тек Қостанай өңірі ғана емес, күллі елімізге белгілі. Өз саласының білгір маманы, зиялы азамат, адамгершілік қырларымен де көпке танымал.
Ол қасиетті Рамазан айының құрметіне қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде облыс орталығындағы Ораза ұстаған қауымға дастарқан жайып, ауызашар берді.
Онда әруақтарға бағышталып, Құран оқылды. Қадірменді ақсақалдар ризашылығын білдіріп, бата жасады.
-Сайран Балкенұлының ғұмыры өзінен кейінгі інілері мен жастарға ғибрат. Ол біздің мешітке, Ислам дінімізге үлкен құрметпен қарайды. Бүгін беріліп отырған ауызашар соның жарқын айғағы. Ардақты ағамызға алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасына ырыс-береке, молшылық тілейміз,- дейді «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі