«Тазалық – иманның жартысы» екендігі хадисте босқа айтылмаған. Түсінген кісіге оның астарында үлкен мән-мағына жатыр. Жалпы, мұсылманның сыртқы келбеті қандай тартымды болса, жан-дүниесі сондай сұлу әрі кіршіксіз таза болуға тиіс.
Ал, көпшіліктің имандылық ордасы болып табылатын киелі орынның тазалығы ерекше орын алады. Сондықтан да алдағы келе жатқан қасиетті Рамазан айының қарсаңында облыс орталығындағы «Марал ишан» мешітінің «әйел-қыздар» жамағаты ұйымшылдық танытып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Сол күні мұнда олардың бастамасымен 20-дан астам еріктілер ғимаратты айнадай жарқыратып, іші-сыртын шаң-тозаңнан арылтты.
Сенібілік соңынан жамағатқа дастарқан жайылып, шын жүректен шыққан ізгі-тілектер мен лебіздер ақтарылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет қасиетті Рамазан айы қарсаңында Қостанай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде алаңында брифинг өткізді.
Оған Қостанай облыстық әкімдігі дін істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Сапарғали Әбдиев және Алтынсарин аудандық «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің бас имамы Аңсаған Абдрахман қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Жиын қазақ және орыс тілдерінде жүргізіліп, журналистердің Оразаға байланысты қойылған сауалдарына нақты жауап берілді. Оның алғашқы күні Орта Азия ғұламалар кеңесінің ортақ пәтуасы бойынша 11 наурыз болып бекітілгені айтылды.
Ал Тарауық намазы 1 күн бұрын Құптан намазынан кейін оқыла бастайды. Қадыр түні алдағы сәуір айының 5-нен 6-на қараған түні болады. Ораза Айт мейрамы 10 сәуірде басталады.
Биыл пітір садақасы жан басына шаққанда 640 теңге болып бекітілді ол республика бойынша екі келі ұнның орташа бағасына тең келеді. Ораза ұстаған кісілерге қолайлы болу үшін Қостанай қалалық әкімдігі тарапынан тарауық намазына келушілерге арнайы автобустар жүретін туралы ақпараттар айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал даму» бөлімінің технолог маманы Нұрбек Қанатұлы Қостанай облысына арнайы іс-сапармен келді.
Ол алдымен Қарабалық ауданындағы «Терра» қасапханасы мен «Жас қанат–2006» құс фабрикасына ат басын бұрып, мекемелердің атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Тексеріс барысында қызметкерлердің халық үшін жасап жатқан істеріне лайықты бағасын берді.
Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Донер–ist» және Түрік дәмханаларында арнайы аудит жүргізіп, орын алған кемшіліктерді тиісті дәрежеде жоюға кеңес берді.
Нұрбек Қанатұлы үш күндік сапарында өңірдегі 27 ірі кәсіпорынды Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы «Халал даму» бағытына жауапты Әлішер Ертайұлымен бірге тексеруде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы Ғұламалар кеңесі «Зират және Зиярат мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» туралы құжаттарды қабылдағаны баршамызға мәлім.
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің Бас имамы Әкімбек Асанов осы құжаттарды негізге ала отырып, алқа мүшелері мен жамағатқа қарапайым халықтың босқа ысырапқа жол бермеуі жөнінде өз ойын ортаға салды.
Жиынға қатысушылар оның тұжырымды пікірін және алдағы уақытта жаназа рәсімдері діни басқарма тарапынан бекіткен тәртіп бойынша жүзеге асырылатындығын бірауыздан қолдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Федоров ауданында «Жылулық сыйла» атты қайырымдылық шарасы өткізілді. Онда жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен көмекке мұқтаж отбасыға бір тонна көмір түсіріліп берілді.
Оған аудандық «Жиентай қажы» мешітінің қызметкерлері ұйытқы болды. Шаңырақ иелері жанашыр азаматтардың тарапынан тапсырылған қысқы отынға шексіз ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет осы ақпан айында өңірдің аудандары мен қалаларында арнайы іс сапарда болғаны жұртшылыққа белгілі.
Бұл жолы Науырзым ауданына атбасын бұрып, аудан әкімі Мәди Ихтиляповпен жүздесті. Онда дін қайраткері үстіміздегі жыл «Ислам және ұлттық құндылықтар» жылы деп бекітілгенін айта келіп, жергілікті мешітте де жүзеге асырылатын жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Содан кейін Бас имам Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінде өткізген жиынға білім ордасының ұстаздары, ауыл тұрғындары және еліміздің жарқын болашағы болып табылатын жастар қатысты.
Белгілі дін қайраткері онда ұлттық құндылықтарды жаңғырту мен күнделікті өмірде балалар тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу керектігін сөз етті. Әсіресе, өскелең ұрпақты жаман әдеттерден сақтандыру баршаның басты парызы екендігін ұмытпауға шақырды.
Сондай-ақ Бахытбек Нұрғабылұлы аудандық кітапханада бүкіл саналы ғұмырларын туған елін көркейтуге арнаған қадірменді ақсақалдар және зиялы қауым өкілдерімен ұйымдастырылған жиында зират және зиярат әдебі жайлы баяндады.
Ол сапарының соңында аудандық мешіттің тыныс-тіршілігімен танысып, асхананың жайына ерекше назар аударды. Ондағы жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Әулиекөл ауданында болды. Алдымен аудан әкімі Жансұлтан Таукеновпен кездесіп, өңірдегі қалыптасқан діни ахуал жөнінде тілге тиек етті. Үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын маңызды міндеттер жайлы пікір алысты.
Содан кейін дін қайраткері бірқатар тағылымы мол кездесулерге қатысып, өзінің көкейде жүрген ойларын ортаға салды. Мәселен, аудандық кітапханадағы басқосуда аға ұрпақ өкілдері – ақсақалды қарттар мен ақжаулықты аналармен дидарласып, «Ислам және ұлттық құндылықтар» тақырыбы жөнінде тебірене сөз сөйледі.
Сондай-ақ аудандық аурухана қызметкерлерімен жүздесуде отбасындағы сыйластық жөнінде әңгіме өрбітті. Онда отағасының жанұядағы беделі және шаңырақтың ұйытқысы әйелдің алатын орны жайлы айтылды. Ата-ана әрдайым өз ұрпағына үлгі-өнеге болуға тиіс екендігіне баса назар аударылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өңірде бірнеше күннен бері қаһарына мінген аяздың беті әлі қайтар емес. Алайда, соған қарамастан аянбай қызмет етіп жатқан коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің еңбегін қалай мақтан етсек те әбден лайықты.
Олар уақытпен санаспай облыс орталығының көшелерін қар мен мұздан тазалап жатыр. Міне, қиындыққа мойымай, өз кәсіптеріне адалдық танытқан жерлестерімізге Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің ұжымы ыстық шай мен тәтті тоқаштар ұсынып, қайырымдылық ықыластарын көрсетті.
Имандылық ордасы тарапынан көрсетілген құрметке жұмысшылар дән риза болып, алғыстарын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Нұрлан Сейдағалиев өңіріміздегі Ұзынкөл және Меңдіқара аудандарында іс-сапарда болды.
Ол алдымен Ұзынкөл ауданындағы №1 орта мектебінің мұғалімдерімен жүздесті. Онда «Теріс ағымдардың зияны және оның алдын-алу», «Бала тәрбиесі» жайында әңгімеледі.
Содан кейін ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Меңдіқара ауданына ат басын тіреді. Онда жергілікті «Қарамақы» мешітінде жамағатпен кездесіп, «Алланың үйіне қызмет ету» тақырыбын қозғады.
Сондай-ақ, аудандық аурухана дәрігерлері және медбикелеріне «Деструктивтік діни ағымдар және олардан сақтану әдістері» жөнінде өмірден нақты мысалдар келтіре отырып, тақырыптың мәні мен мазмұнын түсіндірді.
Ал, Мендіқара аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен өткен басқосуда «Жат ағымнан сақтану жолдары» хақында баяндап, олардың қойған сұрақтарына жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбеттің Меңдіқара ауданындағы сапары да жергілікті халыққа ұмытылмас әсер қалдырды.
Ол аудандық кітапхана ұжымына және жиналған қауымға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл бекіткен «Ислам және ұлттық құндылықтар» жылы хақында әңгімелеп, оның жан-сарайыңды рухани байытар терең мазмұны жайында баяндады.
Қатысушылар тың тақырыпқа орай өздерінің көкейде жүрген сауалдарын қойып, тиянақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі