Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешіті жанындағы ақылдастар алқасының кезекті жиыны болып өтті. Онда Бас имам Бектұрсын қажы Торғайбайұлы өткен жылғы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмалары жайлы айта келіп, биыл жүзеге асырылатын нақты міндеттерді тілге тиек етті. Соның ішінде қасиетті Рамазан айына тиісті деңгейде дайындық жасау, өмірден озған имамдарды еске алу, бата сайысын, Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына байланысты конференцияны, діни басқарманың 35 жылдығына орай спорттық жарыстар мен басқа да маңызды шараларды ұйымдастыру жөніндегі тың ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар, облыстық мешітте екі айлық курс жұмысын жандандыру мақсатында білікті қари қызметке алынғандығы, алдағы уақытта ақылдастар алқасының жиынын әр айда өткізуді дәстүрге айналдыру хақында да сөз болды.
Басқосуда жиналғандар өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, болашақта ортақ мүдде жолында жұдырықтай жұмыла еңбек етуге шешім қабылдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі