Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде өткен жылдың қыркүйек айында сауат ашу курсы басталған болатын. Курсты мешіттің ұстазы Саидаббос Мираманов жүргізді.
Онда түрлі жастағы шәкірттер жаңадан бастаушы және жалғастырушы топтарға бөлініп, Құран әліппесі, тәджуид ережесі, ислам әдебі және ислам ғибадаты пәндері бойынша дәріс алды.
Аталмыш курстың алғашқы тобында 17 шәкірт тәлім-тәрбие алып, курсты ойдағыдай тәмамдады. Оларға арнайы сертификат пен Құран кәрім кітабы табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Науырзым аудандық «Түркебай ата» мешітінің ұйымдастыруы және ҚМДБ-ның жанынан ашылған «Қамқор шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының бастамасымен діни жоралғылар шариғат талабына сай болуы хақында жиын өткізілді.
Аталған маңызды бастаманы қолдау және діни жоралғыларды шариғат шеңберінде жүзеге асыру, оны бәсекеге айналдырмау, әркім мүмкіндігінше ысырапшылдыққа жол бермеу жайы халықпен кездесуде әңгіме арқауына айналды.
Онда елге сыйлы жергілікті ақсақалдар ауылда жаңадан қорым ашып, онда баршаға міндетті тәртіпке сүйену жайы сөз болды. Атап айтатын болсақ, дүниеден өткен кісінің жаназадан кейінгі, марқұмның қырқындағы жайылған дастарқандарында, жылдығына арналған астарында шығынға жол бермеу жан-жақты айтылды.
Жиынның соңында ауыл халқы бір ауыздан ҚМДБ ұйытқы болып қолға алған «Зират және Зиярат», «Ас беру мәдениеті» секілді маңызды құжаттарды толық қолдайтындарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биыл «Ислам және ізгі қоғам» жылы болып жарияланғаны белгілі. Соған орай өңіріміздің мешіттерінде тәрбиелік мәні зор шаралар өткізілуде.
Жақында Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің жамағаты қасиетті Ережеп айының «Миғраж түніне» орай жұма күні көп балалы отбасыға азық-түліктей қайырымдылық көмек жасады.
Қамқорлыққа бөленген шаңырақ иелері жомарттық танытқан азаматтарға шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің найб имамы Азамат Серікбайұлы және ұстаз Думан Сәндібекұлы «Мәжбүрлі оңалту орталығында» кездесу өткізді.
Шара барысында емделушілермен «Өз бойларыңыздағы жағымсыз дерттермен күресу» осы «Борьба со своими пороками» деген тақырыпта қазақ және орыс тілдерінде әңгіме өрбітті. Қатысушылар олардың ойлы да тағылымды пікірлерін ұйып тыңдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің Бас имамы Есенкелді қажы Сақтағанұлы жергілікті кітапханада «Кітап сыйлау» күніне орай оқырмандарға рухани жағынан берері зор тағылымды кездесу ұйымдастырды.
Жиында аталмыш кітапхана ұжымына «Дін мен дәстүр» және «Религия и традиция»" атты қос кітап тарту етілді. Мәдениет саласының өкілдеріне аталған құнды еңбектің терең мәні мен мазмұны жан-жақты түсіндірілді.
Жүздесудің соңында кітапхана қызметкерлері Бас имамға мұндай игі шаралардың жұртшылыққа тигізер әсері ерекше екендігін айта келіп, шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұстазы Бақытбек Мешітбаев жергілікті полиция басқармасы кадр саясаты тобынын аға инспектор – психологы, майор Гүлбаршын Мирашқызының ұйымдастыруымен тәрбиелік маңызы жоғары кездесу өткізді.
Онда көптің көкейінде жүрген «Суицид және оның алдын алу» жайы әңгіме өзегіне айналды. Жиында қоғамдық тәртіп сақшылары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиянақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде Ережеп айының құрметіне жамағатқа ауызашар берілді. Бұл орайда намазхандар үйымшылдық танытып, берекелі дастарханнан дәм татты. Соңында найб имам Бақберсін жиналғандарға уағыз-насихат айтты.
Бас қосқан ағайындар зілзаладан зардап шеккен түрік бауырларымыздың қайғысына шын мәнінде қайғырып, қабырғалары қайысатындықтарын білдірді.
Сонымен қатар жоғарыда аталған мешіт жамағаты қасиетті жұма күніне байланысты намазхандарға қайырымдылық жасап, ыстық тамақ таратты. Жомарттық танытқан азаматқа көпшілік ризашылықтарын көрсетіп, дұға оқыды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Дархан Манарбекұлы мен найб имам Азамат Мурзаканов аталмыш ауданға қарасты Мәскеу ауылында болды.
Олар жергілікті жұртшылықпен кездесіп, «Ислам және ізгі қоғам» тақырыбында әңгіме өрбітіп, насихат айтты. Қатысушылардың көкейінде жүрген сауалдарына нақты жауап берді.
Дін қайраткерлерінің ой-толғамдары көңілінен шыққан тұрғындар дән риза болысып, шынайы алғыстарын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биылғы «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Қостанай облысының жастар ісі секторының тапсырмасы аясында Жітіқара аудандық "Ержан Тәтішев" мешіті жамағаты арасында стол теннисінен турнир өткізілді.
Оған 15 адам қатысып, бақтарын сынады. Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Мәлік Тулубаев, екінші орынды Азамат Елбаев, үшінші орынды Азамат Бекежанов жеңіп алды.
Турнир жүлдегерлеріне марапат қағаздары мен бағалы сыйлықтар тапсырылып, лайықты құрмет көрсетілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі