Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы әрдайым жамағатқа берері мол тағылымды кештерді ұйымдастыруға айрықша көңіл бөледі. Осы жуырда ғана имандылық ордасында Ережеп айының құрметіне «Бай дүйсенбі» деп аталатын жиын өткізілді.
Онда дастархан жайылып, қатысушыларға ауыз ашар берілді. Басқосуға арнайы шақырылған «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы және найб имам Нұрлыбек уағыз-насихат айтты. Көпшілік оны ұйып тыңдады. Жамағат құптан намазын оқыды.
Өңіріміздегі мешіттердің арасындағы сыйластық пен құрметке құрылған мұндай тәрбиелік мәні зор кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деген үміттеміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық әйел-қыздар секторынын ұйымдастыруымен облысымызда әйел жамағаттың қатысуымен «Қош келдің мұсылман сіңілім» атты рухани танымдық кеш болып өтті.
Оның басты мақсаты – жүрегі нәзік әйел қауымына олар басына тағатын орамалдың қадір-қасиетін түсіндіру. Жиында ол жайында тағылымы мол уағыз-насихат айтылып, танымдық бейнебаяндар көрсетілді.
Жамағаттар бір-біріне сый-сияпат ұсынып, дастарқан басында мазмұнды әңгіме өрбіді. Қатысушылар ұмытылмас әсер алды. Рухани кештің жоғары деңгейде өтуіне облыстық мешіттің әйел-қыздар секторының меңгерушісі Жансая Халим мен қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұстазы Сәуле Дүйсеке атсалысты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің жаңадан тағайындалған бас имамы жауапты қызметіне кірісті.
Бас имам бесін намазынан кейін үстіміздегі «Ислам және ізгі қоғам» жылына байланысты ауызбірлік, ынтымақ жайында тағылымы мол уағыз айтты.
Жиында имандылық ордасының жанашырлары болып табылатын алқа мүшелерін сайлады. Бас имам жұмысты жандандыру мақсатында қатысушыларға алдағы тұрған маңызды міндеттер жайлы баяндады. Шешімін күтіп тұрған мәселенің бірі - мешіт жанынан мәйіт сақтайтын арнайы орын керектігіне тоқталды.
Шаһардағы 90 жастағы абыз ақсақал Сәндібек Шаяхметов Әкімбек Нұрханұлына және алқа мүшелеріне ізгі тілегін білдіріп, ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі