Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтидің бұйрығымен Сабыржан Зейнелғабиденұлы Есмурзин «Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы болып тағайындалды.
Ал, осы мешіттің бас има Бектұрсын Торғайбайұлы Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітіне Бас имам болып бекітілді.
Рудный шаһарында өткен жиында облыстық мешіттің найб имамы Бақытжан Икрамұлы жамағатқа жаңа имамды таныстырып, жауапты жұмысында табыс тіледі. Басқосуда Рудный қаласы әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов пен Перцовка ауылының әкімі Зейнелғабиден Амангелдіұлы дін саласында сіңірген қажырлы еңбегі үшін бұрынғы имам Бектұрсын қажы Уәлиевке алғыстарын білдіріп, иығына шапан жапты.
Сабыржан Есмурзин Нұр-Мүбарак университетінің түлегі. Ол Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Миалы ауылында дүниеге келген. Діни қызметте жүргеніне 15 жылдан асты. Алғашқы еңбек жолын облыс орталығындағы «Марал ишан» мешітінде азаншы болып бастады. Содан кейін Жітіқара қаласындағы «Ержан Тәтішев», бертін Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітіне басшылық етті.
Сабыржан Зейнелғабиденұлы алдағы уақытта жинақтаған бай тәжірибесін «Нұр» мешітінің жұмысын жандандыруға арнайды деген үміттеміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы жергілікті политехникалық колледжінде болды. Ол әлеуметтік педагог Майра Болатқызының ұйымдастыруымен өткен «Дінге артылса сенімің, имандылық болар серігің» тақырыбындағы кездесуде жастарға ой салар насихат айтты.
Студенттердің көкейінде жүрген сауалдарына нақты жауап берді. Жиналған ұстаздар мен шәкірттер бас имамға мағыналы әңгімесі үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған мешіттің найб имамы Сансызбай Беделхан шаһардағы №1 Шоқан Уалиханов атындағы мектептің 7 және 11 сынып оқушыларымен «Жат ағымнан сақтану» жөнінде сөз етті. Қозғалған тақырыпқа байланысты шәкірттер сұрақтары бойынша тиянақты жауап алды. Қатысушылар есте қаларлық тағылымды сұхбаты үшін мешіт қызметкеріне алғыстарын жаудырды.
Сонымен қатар шахардағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде Бас имамның ұйымдастыруы мен аптаның әр бейсенбі күні жамағаттың бірлігін арттыру мақсатында мешіттің жамағаттары мен шәкірттері үшін ас берілетін. Осы жолғы аста найб имам Сансызбай Беделхан жамағатқа «Исламдағы бірлік» жайлы уағыз насихат айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Облыс орталығындағы «Марал ишан» мешіті күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілгені белгілі. Жуырда имандылық ордасына Қостанай қаласының тұрғыны, кәсіпкер Бахытжан Наменұлы Тілеубаев жеңіл көліктің кілтін табыс етті.
Жаңадан тағайындалған мешіттің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев жеңіл көлікті қабылдады. Демеушілік еткен жүрегі жомарт азаматқа шынайы лебізін жеткізіп, оған ең ізгі тілегін білдірді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, имандылық ордасына қажетті жабдықтар алуда көмек қолын созып, басқа да демеушілік жасап жатқан Тұрсынбай, Бақытжан Тілеубаев, Серік қажы, Құмар Қоғабаев, Болат Қарабаев, Ахметқан, Қайрат Омаров, Орал Таңжарықов секілді азаматтарға шынайы алғыс білдірілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қаласындағы «Марал ишан» мешітінің ашылуына орай Марал Құрманұлының ұрпақтары арнайы ас берді. Оны ұйымдастыруға елімізге танымал беделді азамат Орал Таңжарықов ұйытқы болды. Бұл жиынға өңіріміздегі аудан және қала имамдары, дін жанашырлары, ақсақалдар, зиялы қауым шақырылды. Баба рухына құран бағышталды.
Оған Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан Марал бабамыздың тікелей ұрпақтары келіп, өздерінің ізгі тілектерін білдірді. Басқосуда дін қайраткерінің елге сіңірген еңбегі жан-жақты айтылды.
Облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет өңірдегі діни ахуалға тоқталып, алдағы уақыттағы жүзеге асырылар жұмыс жоспарлары жайлы ойымен бөлісті. Мешіт жанашырларының аты-жөндерін атады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітіне келуші жомарт жандар әрқашанда көмекке мұқтаж кісілерге қолұшын беріп, қайырымдылық жасауды өздерінің азаматтық парызы деп есептейді.
Олар халыққа шарапаттарын тигізіп, өзге де замандастарына өнеге боларлық жарқын істерге мұрындық болып келеді. Жуырда ғана жеті отбасыға күнделікті тұтынуға қажетті азық-түліктерді табыс етті.
Қуанышқа кенелген жанұялар жанашырлық пен мейірімділік танытқан жерлестерімізге дән ризашылықтарын білдірді. Демеушілерге жаңа басталған Қоян жылы молшылық пен береке алып келсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Денисов аудандық «Жұма» мешітінің бас имамы Руслан Маратұлы жергілікті әкімдіктің ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып, аудандық статистика басқармасы және кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Бұл жүздесу барысында өзекті тақырып - дін және діни ағымдар жайлы насихат айтылды. Жиналған қауым олардың мағыналы сөздерін ерекше ықыласпен тыңдады.
Соңғы кездері жалпы әлемдегі дінаралық келіспеушіліктер, жат ағымдар жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Олардың адамзатқа тигізер зардаптары да баршылық. Әсіресе, өскелең жас ұрпақты теріс ағымдардан сақтандыру және бойларын аулақ ұстату басты міндетке жатады.
Жиында қатысушылар қозғалған тақырыптарға байланысты өздерінің көкейде жүрген сауалдарып қойып, нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Шоқан қажы Әмірхановтың есімі күллі республикамызға жақсы таныс. Өйткені, оның дін саласында үлкен абыроймен қызмет атқарып келе жатқанына отыз жылдан асты.
Осы кезең ішінде адамгершілік қасиеттеріне ішкі жан дүниесі сай келетін, нағыз көркем мінезді, білікті де білімді азаматтың талай шәкірттердің тәлімгері атанғаны көпшілікке аян. Олар кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жақсы қырларымен көзге түсуде.
Белгілі дін қайраткері қазіргі таңда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы, өңіріміздегі өзгелерге өнеге етерлік таңдаулы мамандардың бірі.
Сондай-ақ ол республикамызда мекендеп жатқан ұлттар мен ұлыстардың арасындағы сыйластық пен ынтымақтың, ауыз бірліктің арта түсуіне қомақты үлесін қосуда.
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, өткен жылдардағы адал да жауапты қызметі талай рет өзінің лайықты бағасын алды. Жуырда ғана «Халықаралық халықтық дипломатия достастығы» ұйымының президенті Бақыт Рустемов мырза оған халықтар достығын нығайтудағы және халықаралық қызметтегі ерекше жетістіктері үшін арнайы төсбелгіні өз қолымен салатанатты жағдайда табыс етті.
Біз ел арасында беделді де құрметті Шоқан қажы Ғазизұлын мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтап, оған алдағы уақытта да қажымас қажыр-қайрат, жауапты қызметінде табыс тілейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бас мүфтиінің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы Жангелдин ауданындағы конференциядан кейін Торғай селосында Ғазиз қажы атындағы қарилар медресесінің салтанатты ашылуына да қатысты.
Елімізге белгілі дін қайраткерін жергілікті жұртшылық жылы жүзбен қарсы алды. Бұл айтулы жиында аудандық мешіттің негізін қалаған әрі талай лайықты шәкірттер тәрбиелеген қайталанбас тұлға жайлы естеліктер айтылды.
Аталмыш шараға арнайы келген Кенжетай Байкемелұлы Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, 100 Құран Кәрім мен «Әліппе және Таджуид ережелері» сыйға тарты.
Сонымен қатар аудан әкімі Шота Сәбитбекұлыда сөз сөйлеп, болашақ дін қызметкерлерін дайындайтын білім ордасының тәлімгерлері мен Жангелдин ауданының барша азаматтарына шын жүректен шыққан ізгі тілегін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бас мүфтиінің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлының Қостанай облысына іс-сапары Жангелдин ауданында жалғасты.
Мұнда ол абыз тұлға, бүкіл саналы ғұмырын ислам дінін өркендету мен ағарту саласына арнаған, алдағы ақпан айында 95 жасқа толғалы отырған Ғазиз Әмірхановтың құрметіне орай өткізілген «Ғибратты ғұмыр – ұстаз тағылымы» атты аймақтық ғылыми-теориялық конференцияға қатысты.
Жиын Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Оның жоғары деңгейде өтуіне Жангелдин аудандық білім бөлімі ұйытқы болды.
Конференциядан өңірдегі дін қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті жұртшылық кезінде елдің ыстық ықыласына бөленген тұлға жайлы мол мағлұмат алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бас мүфти кеңесшісі, елімізге танымал дін қайраткері Кенжетай Байкемелұлының Қостанай облысына іс-сапары басталды.
Ол алдымен Арқалық қаласына ат басын бұрды. Осындағы жергілікті «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде болып, жұма намазда «Нәпсі түрлері мен тәрбиелеу жолдары» тақырыбында уағыз айтты.
Имандылық ордасында жиналған мұсылман қауым оның ұлағатқа толы ой-толғамдарын ерекше ден қойып тыңдады.
Қостанай облыстық мешітініңбаспасөз қызметі