Қостанай ауданына қарасты Қостомар ауылының тұрғындары жаңа жылды үлкен қуанышпен бастады. Өйткені, осындағы Медет Байзақовтың тікелей жанашырлығы және елді-мекен азаматтарының ұйытқы болуымен жаңа мешіт ашылып, халық игілігіне берілді.
Осынау имандылық ордасының құрылысы «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, небәрі алты ай мерзімде салынып бітті. Оған сонау Құлсарыдан, Алматы шаһарынан да бауырларымыз лайықты үлесін қосты.
Мешіттің ашылу салтанатында облыстық мешіттің найб имамы Бақытжан қажы Икрамұлы жергілікті ағайындарды ауыл өміріндегі үлкен оқиғамен шын жүректен құттықтады.
Бұл басқосуға бірқатар аудандық және қалалық мешіттердің имамдары да қатысып, қуаныштарына ортақтасты. Жиын барысында көпшілікке аталмыш мешіт имамы Амангелді Бегжанов таныстырылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Зекет және қайырымдылық қорының «Ел үлесі -пәтерге» жобасы аясында ауыл мешітіне 601-ші пәтердің кілті тапсырылды. Сондай-ақ, 11 отбасыға азық-түлік үлестірілді.
Ал, Айсары ауылдық округінің әкімі Бауыржан Нұрғазин мешіт құрылысына белсене атсалысқан жомарт жүректі жандарға алғысын білдірді. Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиевтің салиқалы сөзі мен ғибратты уағызын жұртшылық ұйып тыңдады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, әрдайым игі істің басынан табылып, мешіттің бой көтеруіне ерекше ықпалын тигізген Медет Байзақовтың сіңірген еңбегі орасан. Дін жанашыры бұған дейін де Жамбыл ауылындағы жаңа мешіттің салынуына мұрындық болған еді.
Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Дархан Сыздықов қостомарлықтарға ең ізгі тілегін айта келіп, имамдар атынан жергілікті әріптестері Медет Байзақовқа хадия табыс етті.
Аллаға құлшылық ететін ғибадат орны жамағатқа толы болсын!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жұртшылыққа мәлім, облыс орталығындағы бұрынғы «Марал ишан» мешіті күрделі жөндеуден өткізілді. Жуырда оның пайдалануға берілу рәсімі болып өтті.
Мешіттің ашылу салтанаты Құран оқудан басталып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бата берді.
Содан кейін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұртшылықты осынау айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта да үлкенді-кішілі қауымды имандылыққа ұйытар киелі орын бола беретіндігіне тоқталды.
Елордамыз Астанадан арнайы келген мәртебелі қонақ, көрнекті дін қайраткері, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде жергілікті халықтың қуанышына ортақ екендігін жеткізді. Оның тебірене сөйлеген ұлағатты ой-толғамдарын жерлестеріміз ерекше ықыласпен тыңдады.
Жиында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, дін тақырыбындағы талай айтары мол құнды кітаптардың авторы, белігілі ақын Ақылбек Шаяхмет, ізденімпаз ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы қостанайлықтарға шынайы лебіздерін айтты.
Есте қаларлық бұл басқосуда уағыз айтылып, жұма намазы оқылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітіне келуші жомарт жандардың қолдауының арқасында Молокановка ауылының тұрғыны, көп балалы ана Майра Шахаева үлкен қуанышқа кенелді.
Олар «Жылулық сыйла» қайырымдылық акциясы аясында ардақты ананың үйіне отын түсіріп берді. Шапағатқа бөленген жанұя иесі көмек көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітіне өңіріміздегі Рыспай елді -мекенінің тұрғыны Қамқа Қапсұлтанқызынан өтініш түскен болатын.
Шоқан қажы Әмірханов басқаратын имандылық ордасының ұжымы оның тілегін қабыл алып, дер кезінде қол ұшын берді. Сөйтіп, қыстан қысылмай шығуы үшін пешке жағатын отын ағаштан көмек көрсетті.
Жалпы, «Жылу сыйла» атты қайырымдылық қорына өзінің лайықты үлесін қосқан азаматтар қашанда халықтың шынайы алғысына бөленетіндігі белгілі.
Көп балалы ана қамқорлыққа алынды
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің жанашырлары «Жылулық сыйла» қайырымдылық акциясының тиісті деңгейде өтуіне әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді.
Осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде бір мысал келтіре кетелік. Жақында имандылық ордасындағы жамағаттардың демеушілігімен облысымыздың Айсары елді-мекенінде ғұмыр кешіп жатқан 7 баланың анасы, «Алтын алқа» иесіне қыс айында пешке жағатын көмір мен тамызық боларлық ағаш түсіріп берді.
Қайырымдылық адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Солтүстік өңірде басқа аймақтарға қарағанда ауа-райы суық әрі аязды болатыны белгілі. Сол себептен жамағаттардың қолдауымен ардақты апамызға көмегімізді көрсеттік, - дейді аталмыш мешіттің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы қайырымдылық жасауға ерекше көңіл бөледі. Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтіре кетелік.
Жуырда осы имандылық ордасындағы жамағаттар мен жүрегі жомарт жандардың тікелей қамқорлығының арқасында бір топ көп балалы аналарға өңіріміздегі «Хадия - сыйлық» табыс етілді.
«Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы берік ұстанған азаматтарға Алланың нұры жауа берсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Шоқан қажы Әмірханов басқаратын қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы тағылымы мол шара ұйымдастырды. Бұл кейінгі жастарға өнеге боларлық басқосу Тәуелсіздік күні және Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды.
Аталмыш рухани кешке өңіріміздегі абыз ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, ардақты аналар, дарынды жастар шақырылды.
Көпшілік алдында ұлағатты ұстаз, Қостанай қаласының құрметті азаматы Беген Көпеш, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серікбай Оспанов, ел ағасы Рахымбек Жұмақұлов, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова және басқалар тебірене сөз сөйледі.
Имандылық ордасында Тәуелсіздік жолына өмірін арнаған біртуар тұлғалар жайлы естеліктер айтылып, жыр шумақтары оқылды. Жайылған дастархан басында аруақтарға Құран бағышталып, бата берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Шоқан қажы Әмірханов басқаратын Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде аптаның әр бейсенбісінде жамағаттар мен жастарға ауызашар беру дәстүрге айналды.
Бұл басқосуда қазіргі таңдағы аса өзекті имандылық тақырыбына байланысты мазмұнды насихаттар айтылады. Дастархан басында Шоқан қажы Ғазизұлы халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлік, адамгершілік, жат әдеттерден аулақ болу жайлы әңгімеледі.
Дін қайраткерінің жан дүниеңді байытар уағызын үлкенді-кішілі қауым ұйып тыңдап, дән ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Тәуелсіздік мерекесінің қазақ халқының өмірінде алатын орны ерекше. Осы жарқын заманға жету үшін өткен ғасырларда ата-бабаларымыз бастарын бәйгеге тігіп, қиындықтарды қайсарлықпен жеңе білді.
16 желтоқсан күні Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен кезінде азаттық жолында жапа шеккен арыстарымыздың аруағына Құран бағышталды.
Имандылық ордасында дастархан жайылып, ас берілді. Бұған осында дәріс алып жатқан жастар және аға буын өкілдері қатысты. Тәуелсіздігімізді баянды ету, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді берік қалыптастыру үшін уағыз-насихат айтылды.
Жергілікті жұртшылық алдында беделді Аслан ақсақал бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен өткен Төралқа мәжілісінде өңірлердегі бас имамдар 2022 жыл қорытындысына байланысты есеп берді.
Онда Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет баяндама жасады. Жеті бағыт бойынша атқарылған жұмыстар жан-жақты қамтылды.
Аталған қорытынды Төралқа мәжілісі барысында «Мүфтият үздігі – 2022» номинациясымен марапаттау рәсімі өтті. Бас мүфти «Жылдың қайырымды имамы» атанған облыстық мешіттің найб имамы Бақытжан қажы Икрамға диплом табыс етіп, қызметіне табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі