Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігі «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің мәжіліс залында «Мешіт – мейірімділік мекені» деп аталатын республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Конференцияны аталмыш жоғары оқу орнының ректоры, география ғылымдарының докторы Сейітбек Қуанышбаев кіріспе сөзбен ашты.
Содан кейін Қостанай облыстық мешітінің найб имамы Әлішер Балахмет қасиетті Құран Кәрімнен аят оқып, онан соң Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев құттықтау сөз сөйледі.
Конференция барысында ҚМДБ Бас мүфтиі кеңесшісі, дін қайраткері Кенжетай Дүйсенбай қостанайлықтарды «Марал ишан» мешітінің 130 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, бабамыздың тағылымды өмірі мен қызметіне тоқталды.
Сондай-ақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес «Қазақ қоғамындағы ишан рухани институты және оның өкілдері», белгілі ақын, жазушы-драматург, филология ғылымдарының кандидаты Ақылбек Шаяхмет «Мешітке ақ тілек», «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда университеті тарих кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Мәулен Жұмаділдаев «Патша үкіметінің отарлау кезеңіндегі қазақ халқының діни ахуалы жане Марал ишан», Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Есімхан Махметов «Марал баба ұрпақтарының мұрағаттары» тақырыптарында тартымды баяндама жасады.
Шара соңында быйыо жарық көрген «Марал ишан атындағы Ақ мешіт» атты танымдық-тағылымдық жағы мол, сырты әсем безендірілген кітап тұсаукесерінен жиналған қауым үлкен әсермен, көп жайды көңілдеріне түйді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі