Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Мақалалар

«Ақыл - адам көрігі, ақылдың - сабыр серігі»

 М.Әуезов

Адам пенде болған соң өмірінде әрқандай келеңсіздіктерге бой алдырып жатады. Ал, бұл нәрсе адамдар арасындағы қарым-қатынасқа өзара түсінбеушілік туғызады. Мүмкіндігінше әр қиындықты байыппен, сабырмен жеңе білу керек. Адамның осы мінезінің аса бір көркем түрі ол - сабырлық.

«Сабырлы жетер мұратқа, Сабырсыз қалар ұятқа»-демекші ашуға да, қуанышқа да сабырлылық көрсету бұл адамдықтың үлкен белгісі. 

       Сабырлылық таныта білу – өз-өзіңді тәрбиелеу, «менменсіген» нәпсіні құрықтау, бойдағы қайраттылықты нығайту болып табылады. Сабыр – иманды күшейтеді, айналадағы әрбір кереметке, Алла жаратқан әр жаратылысқа сүйсінген көзқараспен қарауға үйретеді, жамандықтан ада етіп, рухани тазалық сыйлайды.

 «Сабыр деген әр іске шыдамдылық, Қатты керек адамға бұл бір қылық.

Қолы жетпей талай жан ызданады, Осыдан көп шығады адамшылық!» - деп жырлаған Шәкәрім Құдайбердіұлының бұл өлең жолынан «сабыр» - дегенді ұстамды болу, шыдамды болу деген сөз екенін түсінеміз. 

        Адамда сабыр болмаса, ол тез ашуланады. Ал, ашуланған адам ашу үстінде асығыстыққа жол береді. Асығып қабылданған шешім барлық уақытта оң нәтиже бермесі анық. Ондай жағдайда ақылға салып, ашуға берілмей - сабыр сақтағанымыз абзал.

Ашулану, ашуға булығу шайтанның айласы. Ашуға бой алдырған адам ақылын жоғалтып, нәпсі деген дұшпанға жол беріп қояды. Жаман сөздер мен дініміз ұнатпайтын жат әрекеттер жасап қоюы әбден мүмкін. Ақырында аузынан шыққан былапыт сөздерді құлағы естімес халге жетеді. Мұндай жағдайда пенде иманын әлсіретіп алады. Сондықтан Хакім Абай:

«Асығыс түбі өкініш, ойланып алмақ сабыр сол» деп айтқан болатын.

        Сабыр – адам баласын кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Құранда Алла Тағала:

يَآأَيُّهَا ٱلَّذِينَ آمَنُواْ ٱسْتَعِينُواْ بِٱلصَّبْرِ وَٱلصَّلٰوةِ إِنَّ ٱللَّهَ مَعَ ٱلصَّابِرِينَ 

 «Ей, иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар. Күмәнсіз Алла сабырлық қылушылармен бірге», (Бақара-153) – деп бұйырады. Атақты ғұлама Ибн Кәсир осы аяттың түйінін былайша тарқатады: «Алла Тағала бізге шүкіршілік жасаумен бірге сабырлы болуды да бұйырып, сабыр мен намаз арқылы көмек сұраудың жолын көрсеткен. Алланың құлы бір жақсылық көрсе, шүкіршілік қылып, ал, қиын жағдайға тап болса, оған сабыр етуі тиіс. Яғни, адам жаны күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан рухани бай адам жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі немесе нәтижесіз аяқталуы Ұлы Жаратушының құзырындағы іс.

        Алла Елшісі бір хадисінде:  «Мұсылман адам не көрсе де әрдайым қанағат етеді. Себебі, Алланың көрсеткенінің бәрін қайырлы деп түсінеді. Егер жақсылық көрсе, шүкіршілік жасап, оны Алланың жасаған жақсылығы деп есептейді. Ал, тауқыметке тап болса, сабыр етіп, оны да өзінің мүддесі үшін қайырлы деп біледі. Ауыртпалыққа қарсы сабырлық танытып, намаз оқып Алладан жәрдем сұрайды. Сондықтан да Алла Тағала «сабыр және намаз оқу арқылы көмек сұраңдар», – деп бұйырған, - дейді.

        Мына фәни тіршілікте кез келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні хақ. Өйткені, өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Бұл - өмірдің өзіндік заңдылығы. Құран Кәрімде:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ ٱلْخَوْفِ وَٱلْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ ٱلأَمَوَالِ وَٱلأَنفُسِ وَٱلثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ ٱلصَّابِرِينَ

«Сөзсіз сендерді қорқынышпен, аштықпен және де малды, жанды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда сабыр етушілерді сүйіншіле!» (Бақара-155) дей келе адам баласын әртүрлі қиындықтармен сынайтындығын баяндайды. Демек, бұл жалғанда кез келген пенде қауіп-қатер, жоқшылық, таршылық, адам және мал шығыны сынды қиын да қайғылы жағдайлармен сыналады. Дегенмен, Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында қиындықтар алдында ұстамды болып, сабыр еткен жандарды зор сауап күтіп тұрғандығын ескертеді.

         Кейде біз қандайда бір қиындыққа тап болсақ, Құдай тағаланың қарғысы деп қабылдап жататынымыз жасырын емес. Сағид бин Әбу Уаққастан жеткен хадисте: «Уа, Алла Елшісі! Қайсы адамға ең қиын сынақ беріледі?– деп сұрадым. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пайғамбарларға, сосын сол секілді, сосын сол іспетті адамдарға. Кісі дініне қарай сыналады. Егер діні берік болса, сынағы қатая түседі. Ал, діні әлсіз болса, иманына байланысты сыналады. Пендені қиыншылық пен пәлекет бойын тазартпайынша, тәрк етпейді»,– деді. Демек, сынақтың мақсаты не екен? Сынақ – мұсылманды шыңдау, шынайы сенім шыңына шығару. Түрлі тауқыметке төзіп, иманы шыңдалған адам нағыз иманның дәмін сезіне бастайды.
       Алла тағала басымызға қиындық келгенде сабыр етіп, сауабын Жаратушыдан үміт ететін ізгі пенделерден болуды нәсіп етсін!

 

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Уәлиев

алдыңғы мақала
«Рухани жаңғыру – білім мен тәрбие кілті

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником