Ханафи мәзһабы бойынша намазда қолды кіндіктің астына байлаймыз. Бірақ мәзһаб ұстанбайтын кейбіреулер: "ханафи мәзһабының бұған байланысты дәлелі әлсіз. Дұрысы қолды көкіректің үстіне қою. Алла елшісінің (с.а.у.) намазда қолды көкірегінің үстіне қойғандығын білдірген сахих хадис бар" деп жүр. Шынымен ханафидің дәлелі әлсіз бе? Ал олардың айтып жүрген сахих хадисі қандай хадис?
Өкінішке орай, бүгінде ханафи мәзһабын терең зерттеп, зерделеместен намаз бен дәреттің төңірегіндегі ұсақ мәселелерді қайта-қайта қазбалап, ханафидің анауы әлсіз, мынауы дәлелсіз деп шүйлігетін кейбір жастар пайда болып, ел арасында іріткі салып жүр. Олар әлдебір ағымдардың бірді-екілі кітаптарының орысша аудармасын оқып алып немесе "көсемдерінің" айтқан уағыздарын тыңдай сала, өздерін ғалым санап, өзгенін бәрін жаппай адасты дейтін тәкаппар догмалық түсінікке ие.
Осы тұста ойға орынды сұрақ оралады. Ғасырлар бойы небір білгір ғалымдар ұстанған ханафи мәзһабының әлсіздігін сол аты әлемге мәшһүр ғұламалар емес, арабша білмейтін, тіпті Құранды да дұрыс оқи алмайтын бұл сауаты шала адамдар қалай ғана дәлелдеп отыр?! Рас, олар дәлелдеп отыр. Бірақ нені дәлелдеп отыр? Қазақтың "дүмше молда дін бұзады" немесе "Атың шықпаса жер өрте" деген мақалының дұрыстығын дәлелдеп отыр. Әйтпесе, ханафи мәзһабының негізсіздігі мен әлсіздігін емес.
Ал енді тақырыпқа оралар болсақ, біріншіден олардың дәлел ретінде келтіріп отырған "Алла елшісі "с.а.у.) намазда қолын көкірегінің үстіне қойды" деген мәндегі хадистері сахих емес. Хадистің толық тізбегі мен мәтіні мынандай:
عن وائل بن حجر قال : « صليت مع رسول الله صلى الله عليه وسلم ، ووضع يده اليمنى على يده اليسرى على صدره »
"Муаууал ибн Исмағил Суфияннан, ал ол Асым ибн Кулаибтан, ал ол әкесінен, ал ол Уайл ибн Хужрдан риуаят етті. Ол былай деді: "Алла елшісімен бірге намаз оқыдым. Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолына, оны көкірегінің үстіне қойды".[1]
Бұл хадис Хузайманың сахихында келген. Хадисті риуаят етушілердің бірі Муаууал ибн Исмағил жайлы Ибн Хажар өзінің "әт-Таһзиб" атты кітабында имам әл-Бұхаридың: "Мүнкарул-хадис" яғни, хадисі қабылданбайды дегенін келтірген. Ал хадистің майталман шебері имам әз-Заһаби: "Ол сүннетке берік, аса шыншыл. Алайда (хадис риуаят еткен кезде) көп қателеседі" десе, Ибн Сағд: "Ол сенімді (өтірік айтпайды). Бірақ көп қателеседі" деп бағалаған. Ал әд-Даруқутни болса: "Сенімді. Бірақ жаттау қабілеті нашар" деген. Сондай-ақ Ибн әт-Түркмани, Абу Хатим, Әбу Зарға секілді хадис білгірлері де Муаууал ибн Исмағилдің көп қателесетіндігін айтқан.
Байқағанымыздай, "Алла елшісімен бірге намаз оқыдым. Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолына, оны көкірегінің үстіне қойды".- деген хадис сахих емес. Өйткені хадисті бізге жеткізген Муаууал ибн Исмағил көп қателесетін әрі жады нашар болғандықтан ондай адамның риуаяты негізге алынбайды.
Муәууал ибн Исмағил риуаятының негізгі мәтіні мазмұны Мұслимнің сахихында, Насаийдің сүнанында, Ахмадтың мүснадында, Тирмизиде, Ибн Мәәжада, әд-Даруқутнида және әл-Байһақида да бар. Бірақ олардың ешқайсысында "қолын көкірегінің үстіне қойды" делінбеген. Тек оң қолын сол қолының үстіне қойды" деумен шектелген. Бұл жайлы Хафиз ибн Хажар әд-Дирая фи тахрижи ахадисил-һидаяда: «...Алла елшісімен бірге намаз оқыдым. Ол ( с.а.у.) оң қолын сол қолына әкеліп, көкірегінің үстіне қойды" деген хадис Ибн Хузаймада келген. Бірақ Муслимде бұл хадистің «көкірегінің үстіне қойды» деген жері жоқ»-деген.[2]
Ендеше, Муәууал ибн Исмағилдің риуаятындағы "қолын көкірегінің үстіне қойды" деген жері "зияда" яғни, "артық". Жоғарыда хадис білгірлері Муәууал ибн Исмағилдің жадының нашар, көп қателесетіндігін айтқан болатын. Олай болса бұл жерде Муәууал ибн Исмағил "қолын көкірегіне қойды" деген сөзді негізгі хадис мәтініне шатасып қосып отыр деуге әбден негіз бар. Хадис ілімінде белгілі бір риуаят өзінен де жоғары дәрежедегі риуаяттарға қайшы келсе, ондай хадис "шәәзз" деп аталады. Ал хадистің сахих болуы үшін "шәәзз" болмауы шарт.
Сондай-ақ, "Алла елшісі (с.а.у.) намазда қолын кеудесінің үстіне қойды" дегенге саятын риуаяттар Әбу Дәуідте және Бәйқаһида да келген. Бірақ екеуі де әлсіз. Әбу Дәуідтегі хадис "Мұрсал". Яғни, тізбегі Алла елшісіне (с.а.у.) жетпегендіктен толық емес. Сондай-ақ риуаят етушілердің ішіндегі Сулайман ибн Мұса туралы хадис білгірлері "өлер алдында көп шатастыратын" еді делінген. Ал Бәйһақидағы риуаятты жеткізушілердің бірі Сағид ибн Абдил-Жаббар жайлы имам әз-Заһаби: "Оның есімі де қандай адам екіндігі де белгісіз" десе, әт-Туркумани: "Ләһул-Манакир" яғни, оның қабылданбайтын хадистері бар деген.
Насруддин Албани "пайғамбар намазының сипаты" атты кітабында Муәууал ибн Исмағилдің осы риуаятын келтіргеннен кейін бұл мағынадағы риуаяттардың бірін Тирмизи "хасан" деген дейді. Алайда Тирмизидің хасан деп бағалаған хадисінде "қолын көкірегіне қойды" деген сөз мүлде жоқ. Тирмизидегі риуаят былай келген: "Алла елшісі бізге имам болушы еді. Оң қолын сол қолына қоятын". Керісінше Имам Тирмизи: "кейбір ғалымдар кіндіктің үстіне қояды десе, енді біреулері кіндіктің астына қояды деген. Мұның бәрі олардың көзқарасында бола береді" деген.[3]
Екіншіден төрт мәзһабтың ешбірінде намазда екі қол көкіректің дәл үстіне қойылады делінген нақты фәтуа жоқ. Ханафи мәзһабында намазда екі қол кіндіктің астына байланады. Ал мәлики мәзһабында имам Мәликтан бұл мәселеге байланысты үш түрлі көзқарас риуаят етілген. Басымырақ көзқарас бойынша парыз намаздарда екі қол екі жаққа бос жіберіледі де, нәпіл намазда көкірек пен кіндіктің ортасына байлауға рұқсат. Шафиғи мәзһабында көкіректің астына байланады[4]. Ал ханбали мәзһабында екі қол кіндіктің астына, кіндіктің дәл үстіне және кіндіктің жоғарғы жағына қойылады деген үш түрлі фәтуа бар.
Ханафи ғалымдары намазда екі қолдың кіндіктің астына байланатындығына байланысты мына хадистерді дәлел ретінде келтірген:
حدثنا وكيع عن موسى بن عمير عن علقمة بن وائل بن حجر عن أبيه قال : رأيت النبي صلى الله عليه وسلم وضع يمينه على شماله في الصلاة تحت السرة
Уакиғ Муса ибн Ъумайрдан, ал ол Ъалқама ибн Уайл ибн Хужрдан, ал ол әкесінен риуаят етті. Алла тағала олардың бәрінен разы болсын.! Әкесі былай деді: «Алла елшісі оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астына байлағанын көрдім»[5]
Тирмизидің жинағына түсіндірме жазған Шәйх Әбут-Таййб: «Бұл хадистің мәтіні де, жеткізу тізбегі де дұрыс. Бұл хадис дәлелге жарайды»[6] деп аталмыш хадистің дәрежесіне жақсы баға берген.[7] Хадистің дәрежесі «сахих».
حدثنا وَكِيعٌ عن رَبِيعٍ عن أبي مَعْشَرٍ عن إبْرَاهِيمَ قال يَضَعُ يَمِينَهُ على شِمَالِهِ في الصَّلاَةِ تَحْتَ السُّرَّةِ
Уакиғдан Рабиғ, ал Рабиғдан Әбу Мағшар, ал ол Ибраһимнен риуаят етті. Ол былай деді: «Ол (пайғамбарымыз) намазда оң қолын сол қолының үстіне кіндіктің астына қоятын.»[8] Хадистің дәрежесі «хасан».
عَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَال إِنَّ مِنْ السُّنَّةِ فِي الصَّلَاةِ وَضْعُ الْأَكُفِّ عَلَى الْأَكُفِّ تَحْتَ السُّرَّةِ
Алиден (р.а.) риуаят етілді: «Қолды қолдың үстіне, оны кіндіктің астына қою намаздың сүннетінен».[9] Ибн Қаййм өзінің «Бадаиъул-фауайд» деген кітабында: «Али (р.а.) былай деді: «Қолды қолдың үстіне, оны кіндіктің астына қою намаздың сүннетінен». Сондай-ақ Амр ибн Маліктен, ол Абил-Жаузадан, ал ол Ибн Аббастан да Алидің тәпсіріне (риуаятына) ұқсасы жеткен. Бірақ дұрысы Алидың риуаяты.[10]- деген. Шынтуайтында, Алиден риуаят етілген бұл хадистің дәрежесіне қатысты ғалымдар түрліше пікір білдірген. Алайда хадисті әлсіз деп бағалағанның өзінде бұл хадистің басқа жолдармен жеткен риуаяттары мен жоғарыда келтірілген қолды кіндіктің астына қоюға қатысты келген өзге хасан, сахих хадистердің барлығын топтастырып, жалпылай қарағанда, Алиден жеткен бұл риуаяттың дәлелге жарайтындай қуаттана түсетіні анық.
Байқағанымыздай, намазда қолды кіндіктің астына байлаудың дұрыстығына қатысты шариғи нақты дәйектер жеткілікті. Басқа мәзһабтарда бұл үкімді жарамсыз ететін ешбір қуатты дәлел жоқ. Сондай-ақ бұл үкім ханафи мәзһабында ғана емес, басқа мәзһабтарда да көзқарас, фәтуа ретінде бар. Сондықтан қайсібір бауырларымыздың намаздарын тып-тыныш оқып жүрген жамағат арасына іріткі салып, «қолды кіндіктің астына байлаудың негізі жоқ немесе әлсіз» деп асығыс «фәтуа» бергендері, әрине, жөн емес.
[1]Мұхаммед ибн Исхақ ибн Хузайма, Сахиху ибн Хузайма 1-том, 243-бет. «әл-Мактабул-ислами» баспасы, Бәйрут, 1970 ж.
[2]Ахмед ибн Али ибн Хажар Асқалани, Әд-Дирая фи тахрижи ахадисил-һидая, 1-том, 128-бет. «Дарул-мағрифа» баспасы, Бәйрут.
[3]Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 2-том, 32-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.
[4]Имам ән-Нәуауи, 3-том, 257-бет. «Дарул-фикр» баспасы, Бәйрут, 1997 ж.
[5]Зафар Ахмад әл-Ъусманиют-Таһанауи, Иғлаус-сунан.1-2-том, 185-бет. «Дарул-кутубул-ғилмия» баспасы, Байрут. 1997 ж.
[6]Зафар Ахмад әл-Ъусманиют-Таһанауи, Иғлаус-сунан.1-2-том, 185-бет. «Дарул-кутубул-ғилмия» баспасы, Байрут. 1997 ж.
[7]Ибн Аби Шайбаның мусаннафында келген бұл хадистің дәрежесіне ешбір хадис білгірі сын айтпаса да, кейінгі кейбір ғалымдар ондағы «кіндіктің астына» деген сөздің хадисті көшіріп жазушының көзі басқа жерге жаңылысып, қателікпен қосылып кетуі мүмкін екендігін айтады. Себебі хадистің кей нұсқаларында «кіндіктің астына» деген тіркестің жоқ екендігін алға тартады. Қараңыз: Мұхаммед Шамсул-хақ ал-Ъазим Аабади, Ъаунул-Маъбуд, 2-том, 323-бет. «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, 1995 ж. Алайда иғлаус-сунанның авторы Зафар Ахмад: «Егер «кіндіктің астына» тіркесі бір ғана нұсқада болғанда, онда көшірушінің көзі жаңылысып, қателікпен қосып жіберген деген уәжбен келісуге болар еді. Бірақ хадистің көптеген негізгі нұсқаларында «кіндіктің астына» деген тіркес сақталғандығын ескерсек, бұл уәждің орынсыз екендігін байқаймыз. Өйткені барлық көшірушінің көздері бірдей басқа жерге жаңылысып қателікпен қосып жіберуі мүмкін емес қой» - деп жауап қайтарған. Толығырақ мағлұмат үшін қараңыз: Зафар Ахмад әл-Ъусманиют-Таһанауи, Иғлаус-сунан.1-2-том, 186-бет. «Дарул-кутубул-ғилмия» баспасы, Байрут. 1997 ж.
[8]Әбу Бәкір Абдиллаһ ибн Мұхаммед ибн Әби Шайба, Мусаннаф ибн Әби Шайба, 1-том, 343-бет. «Мактабатур-рушд» баспасы, Рияд, 1409 ж.
[9]Ахмад ибн Ханбал Әбу Абдиллаһ әш-Шайбани, Муснад Ахмад ибн Ханбал, 1-том, 110-бет.
[10]Мұхаммед ибн Әби Бәкір Әюуб әз-Заръи Әбу Абдиллаһ, Бәдайъул-Фауайд, 3-том, 601-бет.