Аса мейірімді, шексіз қамқор Алла Тағала аптасына бір рет, яғни Жұма күні Жұма намазын оқуды әр мұсылман ерге парыз етті.
Құдайға шүкір, көпшілігіміз Жұма намазының оқылуының жалпы сипатын білеміз. Атап айтқанда, Жұма намазында бірінші азан шақырылғаннан кейін төрт рәкағат сүннет намазы оқылады.
Екінші азан шақырылған соң имам мінберге шығып, екі хұтпа оқиды. Кейіннен қамат түсіріліп, екі рәкағат парыз намазы оқылады. Парыз намазынан кейін тағы төрт рәкағат сүннет намазы оқылады. Алайда, кейбір бауырларымыздың Жұма намазындағы іс-әрекеттері осы күні бізді таңқалдырып жүр.
Мәселен, кей жамағат Жұма намазының парызынан бұрын және кейін оқылатын төрт рәкағат сүннет нәпіл намаздарды оқымастан, тек парызды оқуға ғана келгендей орындарынан қозғалмай отырады. Олардың бірнешеуінен неліктен осылай жасайтындықтарын, қандай негізге сүйенетіндіктерін сұрағанымызда, себебі мен дәлелін айту былай тұрсын, өз ана тілінде екі ауыз сөздің басын біріктіре алмайды, мағыналы, толық сөйлем айта алмайды. Осы орайда дана халқымыздың «Мал жарлылығы – жарлылық, ақылдың жарлылығы - сорлылық» деген қанатты сөзі амалсыз еске түседі.
Қиямет күні ешқандай мал-дүние мен ақша пайда бермейді. Ендеше, көптеген жастарымыздың сауабы мол осындай сүннет нәпіл намаздарды оқымауына нендей нәрсе себеп болды? Мүмкін, олардың осы мәселеге қатысты ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мен саңлақ сахабалардың іс-әрекеттеріне сүйене отырып шығарған мүжтәһид ғалым-ғұламалардың пәтуәларынан хабары жоқ болар. Әрине, бұған діни саутсыздық басты себеп. Егер осы мәселеге қатысты ғалымдардың фиқһ іліміндегі келтірген дәлелдері мен зеттеулеріне зер салып оқыса, мұндай мәселелер туындамаған болар еді әрі жамағат арасында түсініспеушілік те болмас еді.
Енді Жұма намазының парызынан бұрын және кейін сүннет нәпіл намаздың бар екендігін айтқан ғалым-ғұламалардың дәлелдеріне қысқаша тоқталсақ:
Имам Мүслимнің «Сахих Мүслим» кітабында, Абу Дәуіттің «Сунан» кітабында, Тирмизидің «Жамиғ» кітабында, Ибн Мәжәнің «Сунан» кітабында, имам Ахмадтің «муснад» кітабында Абу Һурайрадан риуаят етілген сахих хадисте былай делінген:
حَدَّثَنَا أُمَيَّةُ ابْن بِسْطَامٍ، حَدَّثَنَا يَزِيدُ (يَعْنِي ابْنَ زُرَيْعٍ)، حدثنا رَوْحٌ، عَنْ سُهَيْلٍ، عَنْ أَبِيه. عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ، عَنْ النَّبِي صَلَّى الله عَلَيْهِ و سَلَّم قَال: {مَنِ اغْتَسَلَ، ثُمَّ أَتَى الْجُمْعَةَ فَصَلَّى مَا قُدِّرَ لَهُ، ثُمَّ أَنْصَتَ حَتَّى يَفْرُغَ مِنْ خُطْبَتِهِ، ثُمَّ يُصَلِّي مَعَهُ، غُفِرَ لَهُ مَا بَيْنَهُ وَ بَيْنَ الْجُمْعَةِ الأُخْرَى، وَ فَضْلُ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ}.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім ғұсыл құйынып, содан соң Жұмаға келіп, шама-шарқына қарай (нәпіл) намаз оқыса, сөйтіп, (имам хұтпаға шығып) хұтпаны аяқтағанға дейін, оны мұқият ден қойып тыңдап, одан кейін онымен бірге (жұма) намазын оқыса, ондай адамның осы және өткен жұма арасындағы және тағы да (қосымша) үш күн бойғы (күнәларі) кешіріледі» -деп айтқан.
Һижраның 631-676 жылдары аралығында өмір сүрген атақты, көрнекті ұлы имам Ән-Науауи «Сахих Муслим» жинағына жазған түсіндірмесінде, жоғарыда айтылған хадистің шархына байланысты былай дейді:
و فيه أن التنفل قبل خروج الإمام يوم الجمعة مستحب و هو مذهبنا و مذهب الجمهور. و فيه أن النوافل المطلقة لا حد لها لقوله صلى الله عليه و سلم:{فصلى ما قدر له} و فيه الإنصات للخطبة. و فيه أن الكلام بعد الخطبة قبل الإحرام بالصلاة لا بأس به.
«Осы хадисте, Жұма күні имам хұтпаға шығар алдында, (сүннет) нәпіл намазды оқу мүстахап екендігін көрсететін дәлел бар. Бұл біздің және көпшілік ғалымдардың ұстанатын (жолы) мәзһабы. Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөзінде: «Шама-шарқына қарай (нәпіл) намаз оқыса» деп келгендіктен, сол нәпіл намаздардың нақты мөлшері бекітілмеген. Сондай-ақ, мұнда хұтпаны мұқият, ден қойып тыңдау керектігі айтылған. Алайда, (парыз) намазының ихрам тәкбірінен алдын хұтпадан кейін, сөйлеудің еш оқасы жоқ».
Сол сияқты өзге де ғалымдар жоғарыда айтылған хадиске сүйене отырып, Жұма намазының парызынан бұрын, екінші азанның алдында сүннет (нәпіл) намаздың оқылатындығын айтқан:
فهل ترى أو تظن أن الصحابة كانوا يتركون الصلاة قبل الجمعة بعد ما رغبهم رسول الله صلى الله عليه و سلم فيها
«Аллаһтың елшісі (с.ғ.с) сахабаларды Жұманың алдында оқылатын нәпіл намазға ынталандырып, оған деген қызығушылықтарын арттырғаннан кейін, сахабалар оны оқымай жүрген деп ойлайсың ба?»-деп айтқан.
Әрине, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әрбір айтқан сөзіне құлақ асып, оны бұлжытпай іс жүзінде орындайтын саңлақ сахабалардың Жұманың алдындадағы сүннет нәпіл намаздарды оқымай жүрген деп ойлаудың өзі дұрыс емес. Сахабалардың Жұма намазының парызынан бұрын сүннет нәпіл намаз оқығандықтарын көрсететін дәлелдерге келер болсақ, табиғин әрі фиқһ ілімін жетік меңгерген фақиһ, ұлы ғұлама-ғалым Ибраһим Ән-Нахағи сахабалардың Жұманың алдында төрт рәкағат сүннет нәпіл намаз оқығандықтарын былай деп жеткізген:
و عن إبراهيم النخعي: {كانوا يصلون قبل الجمعة أربعا}
«Сахабалар Жұманың (парызының) алдында төрт рәкағат намаз оқитын еді».
АбуАбдуррахман Әс-Саламиден, Аъто ибн Әс-Сайб, одан Әс-Саури жеткізген хабарда:
أخبرنا: الثورى، عن عطاء بن السائب، عن أبى عبد الرحمان السلمى قال: {كان عبد الله يأمرنا أن نصلى قبل الجمعة أربعا و بعدها لأربعا}. رواه عبد الرزاق فى "مصنفه" كذا فى "نصب الراية" و فى "الدراية": رجاله ثقات. و فى "آثر السنن": إسناده صحيح. و هو موقوف فى حكم المرفوع، فإن الظاهر أنه إنما كان يأمر بهذا لما ثبت عنده من النبي صلى الله عليه و سلم فيه شيء.
«Абдулла (ибн Масғуд) біздерге Жұмадан бұрын және одан кейін төрт рәкағат намаз оқуға бұйыратын еді» деген. Хадисті Абдур Раззақ «Мусаннаф» еңбегінде риуаят еткен. Сол сияқты «Насбур роя», «Ад- дирая», «Әсәрус-сунан» кітаптарында да риуаят етілген. Бұл хадисті риуаят етуші адамдар сенімді, “Тізбегі сахих” болып табылады. Осы хадис үкімі “мауқуф” болғанымен “марфуғтың” үкімінде. Анығында, Абдулла ибн Масғудқа Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен бір дәйек болған соң, осылай жасауға әмір еткен.
Тирмизи риуят еткен хадисте:
روى الترمذي: {أن ابن مسعود كان يصلي قبلها أربعا، و بعدها أربعا}.
«Абдуллаһ ибн Масғуд жұманың алдында және содан кейін төрт ракағат намаз оқитын» -делінген. (Сунан әт-Тирмизи, китәбуль жумға).
Ғалымдардың пайымдауынша:
ومن جملة ما ورد فى ذلك أثر عبد الله بن مسعود، أنه كان يأمر الناس و يعلمهم أن يصلوا قبل الجمعة أربعا و بعدها أربعا، وحمله على مطلق التنفل لا يصح أصلا، فإن مطلق النفل لا يؤمر به و لا يعلم بل يرغب فيه، فكان أمره بها و تعليمه إياها دليل على أن الأربع هذه كانت مؤكدة عنده
«Бір сөзбен айтқанда, жоғарыдағы әсәрда келгеніндей, Абдуллаһ ибн Масғуд Жұма намазының парызынан алдын және кейін төрт ракағат сүннет (нәпіл) намаздарды тастамай оқып, әрі басқа адамдарды сол нәрсеге үйретіп, бұйырғандығына қарағанда, демек, ол сол намаздарды бекітілген сүннет намаздары деп есептеген. Өйткені, жай нәпіл намаздарға тек қана ынталандырылады, бірақ әмір етілмейді. Олай болса, сол намаздарды жай ғана нәпіл ретінде қарастыру дұрыс емес».
Сол сияқты, Әли (р.ғ.) және ибн Аббастан (р.ғ.) хасан тізбегімен риуаят етілген хадисте:
و روى على و ابن عباس عن النبى صلى الله عليه و سلم: أنه كان يصلى قبلها أربعا مرفوعا. و سندهما حسن كما ذكرناه فى المتن.
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Жұманың алдында төрт рәкағат намаз оқитын»-делінген. Осы тәрізді хадисті әлсіз санадпен ибн Масғудтан ат-Табари да риуаят еткен.
Сонымен қатар, «Кәнзул ғуммәл» кітабында ибн Нәджәр риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
{من كان مصليا فليصل قبلها أربعا و بعدها أربعا}. ذكره فى "كنز العمال"
«Кім (Жұманы) оқыса, оның алдында және одан кейін төрт рәкағат намаз оқысын»-деп айтқан.
Әлиден (р.ғ.) жеткен хадисте:
عن على رضى الله عنه، قال: {كان رسول الله صلى الله عليه و سلم يصلى قبل الجمعة أربعا و بعدها أربعا يجعل التسليم فى آخرهن ركعة}. أخرجه الطبرانى فى "الأوصط" ("زيلعى"38:1) و قال الحافظ فى "الفتح" (300:2): و فيه.
«Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) Жұманың алдында және одан кейін төрт рәкағат намаз оқитын және де сәлемді соңғы рәкағатында беретін»-делінген. Хадисті ат-Табари «Әл-аусат», ал әл-Хафиз «Әл-фатх» кітабында келтірген.
Али әл-Қарй «Әл-мирқат» атты еңбегінде былай деген:
و قد جاء بإسناد جيد و قال علي القارئ فى "المرقاة" (116:2): إنه عليه السلام كان يصلى قبلها أربعا كما قال الحافظ العراقى.
«Жақсы иснадпен жеткен, әл-Хафиз әл-Ирақи айтқандай: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жұманың алдында төрт рәкағат намаз оқитын еді».
Ибн Аббас (р.ғ):
عن ابن عباس رضى الله عنهما، قال: {كان رسول الله صلى الله عليه و سلم يركع قبل الجمعة أربعا و بعدها أربعا لا يفصل بينهن}. رواه ابن ماجة، و رواه الطبرانى فى "الكبير".
«Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) Жұманың алдында және одан кейін төрт рәкағат намаз оқитын әрі олардың арасын бөлмейтін»-деп жеткізген. Хадисті ибн Мәджә және ат-Табарани «Әл-кәбир» атты кітабында риуаят етті.
Джәбала ибн Сухайм Абдуллаһ ибн Омар жайлы:
جبلة بن سحيم، عن عبد الله بن عمر: {أنه كان يصلى قبل الجمعة أربعا لا يفصل بينهن بسلام، ثم بعد الجمعة ركعتين ثم أربعا}. رواه الطحاوى (199:1)، و إسناده صحيح كما فى "آثر السنن" (96:2).
«Ол жұмадан алдын төрт рәкағат намазды сәлеммен бөлместен оқитын. Содан соң Жұмадан кейін екі рәкағат, кейін (тағы) төрт рәкағат намаз оқитын еді». Хадисті ат Тахауй риуаят етті. Нафиғтен (р.ғ.) ибн Омар (р.ғ.) жайында: «Расында ол Жұманың алдында намазды ұзақ оқитын еді»-деген. Хадисті Абу Дауд риуаят етіп, Албани сахих деген.
Ғалымдар хадистерге сүйене отырып, Жұманың алдында және одан кейін оқылатын сүннет нәпіл намаздың ең аз мөлшері екі рәкағат деп айтқан. Алайда, тығыз шаруасы болмай, мүмкіншілігі болса толықтай төрт рәкағат оқығанның сауабы әлдеқайда мол екендігін баса айтып өткен. Ибн Ағмр Абдуллаһ ибн Зубәйрден (р.ғ.):
ابن عامر عن عبد الله بن الزبير رضى الله عنه، قال: قال رسول الله صلى الله عليه و سلم: {ما من صلاة مفروضة إلا و بين يديها (آى قبلها) ركعتان}. رواه ابن حبان فى "صحيحه" و صححه، و جاء فى "فتح البارى".
«Аллаһтың елшісі (с.ғ.с): «Қайсы бір парыз намаз болмасын, оның алдында екі рәкағат намаз бар»-дегенін айтқан. Хадисті Ибн Хиббан «Сахих» аты кітабында риуаят етіп, «сахих» деген. Сонымен қатар, бұл «Фатхул бари» кітабында да келген.
Осы мәселеге қатысты бір бауырымыз былай деп сұрақ қоюы мүмкін: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында Біләл (р.ғ.) Жұма күні азан шақырғаннан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хұтпа айтатын еді. Одан кейін қамат түсіріліп, парыз оқитын. Сонда сахабалар қалайша сүннет намазын оқып үлгерген?»
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында Жұма намазы үшін бір рет азан шақырылатын. Содан соң Расулуллуһ (с.ғ.с.) мінберде тұрып хұтпа айтатын. Осы екі аралықта сүннет нәпіл намазын оқуға іс жүзінде уақыт болмайтын. Алайда, кейіннен мұсылмандардың саны көбейіп, адамдардың Жұма намазына кешігу қаупі ұлғайғандықтан, Османның (р.ғ.) халифалық құрған тұсында, Жұма намазының уақыты кіргендігін ескертетін тағы бір азан шақыртуды ұйғарды. Османның (р.ғ) бұл ұйғарымын сол кездегі сахабаларда бір ауыздан құптады. Міне, содан бері Жұма намазына бірінші ескерту азанын шақыру, мұсылмандар үшін сүннет болып қалыптасқан. Осыдан кейін, мұсылмандар мешітте екі азанның ортасында мүмкіндіктеріне қарай сүннет нәпіл намаз оқитын.
Ал енді, Жұма намазының парызынан кейін оқылатын төрт рәкағат сүннет нәпіл намаздың дәлелдеріне келер болсақ:
Имам Мүслимнің «Сахих мүслим» кітабында, Ән-Нәсәй «Сунан» кітабында, Абу Дәуіттің «Сунан» кітабында, Тирмизидің «Жамиғ» кітабында, Ибн Мәжәнің «Сунан» кітабында, имам Ахмадтың «Муснад» кітабында, Әд-Дәримидің «Сунан» кітабында, Абу Һурайрадан риуаят етілген сахих хадисте, Суһайл әкесінен, Абу Һурайрадан:
عن سهيل، عن أبيه، عن أبي هريرة قال: قال رسول الله صلى الله عليه و سلم: {إذا صلى أحدكم الجمعة فليصل بعدها أربعا}.
Аллаһтың елшісі (с.ғ.с): «Сіздердің біреулеріңіз Жұманы оқыса, одан кейін төрт рәкағат намаз оқысын»-деген.
Сол тәрізді тағы да басқа «Сахих муслим» кітабында келген хадистерде: Абдуллаһ ибн Идрис Суһайлден, ол әкесінен, Абу Һурайра жеткізген хадисте:
عبد الله بن إدريس، عن سهيل، عن أبيه، عن أبي هريرة؛ قال: قال رسول الله صلى الله عليه و سلم: {إذا صليتم بعد الجمعة فصلوا أربعا}. زاد عمرو فى روايته: قال ابن إدريس: قال سهيل: {فإن عجل بك شيء فصل ركعتين فى المسجد، و ركعتين إذا رجعت}.
Аллаһтың елшісі (с.ғ.с): «Егер Жұмадан кейін намаз оқысаңыздар, төрт рәкағат оқыңыздар»-деген. Аъмрдың риуаятында қосымша: Ибн Идрис Сүһаилдің: « Егер бір нәрсе сені асықтырса, онда екі рәкағатын мешітте оқы, кейіннен қайтып оралғасын қалған екі рәкағатын оқырсың», - деп айтқанын жеткізген.
Абу Һурайрадан (р.ғ):Аллаһтың елшісі (с.ғ.с) айтты:
عن أبي هريرة؛ قال: قال رسول الله صلى الله عليه و سلم: {من كان منكم مصليا بعد الجمعة فليصل أربعا}
«Сіздердің бірелеріңіз Жұмадан кейін намаз оқыса, төрт рәкағат оқысын».
Шейх Уалиулла Әд Дәһләуй (р.ғ.):
قال الشيخ ولي الله الدهلوي قدس الله روحه: {و إنما سن أربع بعد الجمعة لمن صلاها فى المسجد، و ركعتان بعدها لمن صلاها فى بيته}.
«Әлбетте, мешітте болған адамға Жұмадан кейін төрт рәкағат намаз оқу - сүннет. Ал, үйіне барып оқимын деген адамға екі рәкағат оқу - сүннет»,-деп айтқан.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көбіне төрт рәкағат етіп оқитын. Рас, кейде үйіне барып екі рәкағат қылып та оқитын. Алайда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйі мешіттің қақ іргесінде орналасқан еді.
Жұма намазының парызынан бұрын және кейін оқылатын сүннет нәпіл намаздарын оқу жайында жоғарыда айтып өткен дәлелдерден кейін бұдан тек қана көкрек көзі соқыр, түсінігі төмен, діни білімі жоқ адам ғана бас тартады. Дана халқымыздың: «Өзің білме және білгеннің тілін алма» деген қарғыс сөзі бар. Алла Тағала баршамызды ондай сөзге қалудан сақтап, көзі ашық, көкірегі ояу, тілі орамды, діни сауатты мұсылмандар қатарынан еткей! Әмин!