Намаздан кейін амандасуға шариғатымызда кесімді түрде тыйым салынбаған. Керісінше ол мұбах яки ұнамды амалдарға жатады. Жалпы мұсылмандардың амандасуы Аллаһ тағаланың ризашылығына, кешіріміне апаратын амалдардың бірі екені сөзсіз.
Оған дәлел, пайғамбарымыз (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Егер екі мұсылман кездесіп, қол алысып амандасса, Аллаһқа мақтау айтып, кешірім тілесе, Аллаһ ол екеуіне кешірім етеді»[1],-деп айтқан. Ал басқа бір хадисте Аллаһ елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай да бір екі мұсылман бір-бірімен жолығып, қол алысып амандасса, Аллаһ ол екеуінің (күнәсін) айырылыспастан бұрын кешіреді»,-деп мұсылмандардың өз-ара қол алысып амандасуының өзі Аллаһтың кешіріміне апаратынын айтқан.
Атақты ғалым имам ән-Науауи өзінің «әл-Мәжмуғ» атты фиқһ ғылыми бойынша ауқымды еңбегінде: «Намаздан бұрын амандасқан адамның, намаздан соң амандасуы – мұбах, ал одан бұрын қол алысып амандаспаса, соңында амандасу – сүннетке жатады»[2],-деген. Олай болса пайғамбарымыздың: «Егер екі мұсылман кездесіп, қол алысып амандасса...» деген хадисін негізге ала отырып, намаздан кейін де амандасуды сүннет амалға жатқызған ғалымдар намаздың соңында немесе шариғатта нақты көрсетіліп айтылмаған жерде қол алысып амандасу – ұнамсыз яки бидғат амал деп үзілді-кесілді айтудың жансақ пікір екенін көрсетеді. Ендеше, мешіт жамағатының арасында бүлік тудырып, іріткі шығармаған жөн. Өйткені мұсылмандардың бір-бірімен қол алысып амандасуы өз-ара бауырмашылықтарын арттырады. Намаздан кейінгі жасалған осы бір әрекет мұсылмандардың арасындағы қарым-қатынасты нығайта түссе, нұр үстіне нұр емес пе?! Дұрысын Аллаһ біледі.