Аллаға шүкір, бүгінде өнер адамдары көптеп дінге бет бұрып келеді. Олар дінге бет бұрса, сахна түзеледі. Сахнадағы ән де есерін тастап, естіге ауысады. Әзілдері де ғибратқа айналады. Бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып жүрген Тұрсынбек бауырымыздың кейінгі кейбір әзілдерінен мұны байқамау қиын емес. Қоғамда орын алып жүрген қайсыбір кері әдеттерімізді езу тартқыза отырып әдемі жеткізгенде, риза болмасқа шараң жоқ. Ендеше халыққа өз өнерін өткізе білген жұлдыздарымыздың дінге бет бұруы қуанарлық жайт. Өнерін сүйіп, әрбір іс-әрекетін қалт жібермей еліктеп жүрген жұрт олардың діндарлығына да еліктейтіндігі, соларға ұқсап бағуға тырысары сөзсіз. Жаппай өнерді "харам" - деп одан безінсек, сол бос орынды кімдер иелік ететіндігі айтпаса да түсінікті. Айналамыздағы табиғат біткен иләһи әуен. Жапырақтардың сыбдыры да, аққан судың сылдыры да, жауын тамшысының тырсылы да, құс біткеннің сайрауы да өзінше бір саз, ғажайып әуен. Адам табиғаты әдемі әуенді естуге құмар, жағымды сазды жаны қалайды да тұрады. Олай болса дініміз адамның табиғатында бар осынау қажеттілікті тұмшалап, тамырына балта шауып жоқ қылу үшін емес, реттеу үшін келді. Пайдалысы мен зияндысын ажырату үшін жіберілді. Абай атамыз мұны бір ауыз сөзбен: "Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар" - деп қалай әдемі жеткізген. Айтпағым әрине бұл емес.
Өткенде өнерде жүрген бір ауылдас інім дінге қатысты өзін мазалап жүрген кейбір орынды сұрақтарын маған қойып жатты. Әңгіме барысында: "Қайреке, біз енді халықтың алдында еркелеп жүрген жандармыз. Құлшылық ету бәрімізге парыз. Дұрыс. Бірақ Алланың алдында да еркелеп, бес уақыт намазды оқымай-ақ қойсақ болмай ма?" - деп айды аспаннан бірақ шығарды.
Мен сәл кідірдім де: "Мысалға сен сахнаға шығып өз өнеріңді халыққа көрсеттің. Елдің бәрі өнеріңе тамсана қол шапалақтап, ризашылығын білдіріп жатыр. Тіпті біреулері өнеріңе қайран болғаны соншалық, еріксіз орындарынан тұрып кеткен. Осы сәтте көрермендер арасында бір кісіге көзің түсті. Әлгі адам да ешқандай реакция жоқ. Сен кейіннен оған "өнерім ұнамады ма?" - дейсің. Сонда әлгі адам: "Ұнады. Бірақ саған еркелегендіктен, өнеріңе таң қалмай-ақ қояйын" - деп шештім десе, қандай ақымақ жауап болар еді. Таң қалып, қайран болудың еркелікпен қандай қатысты бар. Адам кез-келген ұнаған нәрсесіне еріксіз түрде тамсанып, таң қалады. Міне, намаз да ең әуелі Алланың аса құдіреті мен құзіретінің, шексіздігі мен шеберлігінің, ұлылығы мен кемелдігінің алдында таң қалып, "Аллаһу әкбар" яғни, " Уа, Аллам! Сен неткен ұлықсың" - деп қайран қалуды білдірудің нақты көрінісі емес пе?
Немесе сен біреуді ажалдан құтқарып қалдың, сосын оны жақсылап киіндіріп, қарнын тойдырып шығарып салдың. Бірақ әлгі адам сенің жасаған жақсылығың үшін алғысын білдіріп, рахметін айтпады. Осының бәріне куә болып тұрған үшінші бір адам әлгіге: "Сен қандай адамсың, мына кісінің осыншама жақсылығын көрдің. Ең болмаса, кетеріңде рахметіңді айтып, ризашылығыңды білдірмейсің бе?" - дейді. Сонда әлгі адам: "Мен еркелегендіктен алғыс айтпай-ақ қояйын" - деп шештім десе, осы жауабы ақылға қонымды жауап бола ма? Әрине жоқ. Себебі жақсылық алдында қарыздарлығыңды сезінуің, сол үшін алғысыңды білдіруің адамгершіліктің белгісі. Оның еркелікпен ешқандай қатысы жоқ. Ал енді Алла адамды жоқтан бар етіп жаратты, көретін көз, сөйлейтін тіл, ойлайтын ақыл берді. Он екі мүшеңді тегін сыйлады. Бойыңа түрлі қабілет берді. Жарығы мен жылуын төгіп тұрған Күнді адам үшін арайлап атырып, алаулап батырып қойды. Құлым жесін деп дәмі тіл үйіретін сан-алуан жеміс-жидекті тарту етті. Етін жеп, сүтін ішсін, жүні мен терісін пайдалансын деп жан-жануарды адамзаттың қызметіне ұсынды. Қысқасы, айналамыздағы барша әлем бізге қызмет етуде. Ендеше, осының бәріне құлшылық арқылы алғысымызды білдірудің еркелікпен қандай қатысы бар" - дедім. Інім еріксіз бас изеп отыр. "Қайреке менің мына сұрағым шынымен де тым ұят екен" - деп қатты қысылып қалды. Келесі бір кездескенімде артыма ұйып намазын оқып жатты. Аллаһу әкбар!
ҚМДБ наиб мүфтиі
Мамбетбаев Қайрат Жолдыбайұлы