Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

Асылхан қажы ТҮСІПБЕК: ӘБУ ХАНИФА МӘЗҺАБЫ – ЖҰРТЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕР ЖОЛЫ

Асылхан қажы ТҮСІПБЕК,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы

ӘБУ ХАНИФА МӘЗҺАБЫ – ЖҰРТЫМЫЗДЫҢ ЖҮРЕР ЖОЛЫ

Асыл дініміз Исламның Орта Азия мен қазақ даласына келгеніне он екі ғасырдан аса уақыт өтті. Оның ішінде Орта Азия халықтарының барлығы дерлік Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Еліміз мың жылдан астам уақыттан бері Әбу Ханифа мәзһабының ұстанымдарына амал етіп, ғұмыр кешуде.

Мәзһаб деген не? Оның дін мен ұлт тарихындағы орны қандай? Осы сауалдарға жауап бермес бұрын, мәзһабтың сөздік, тілдік мағынасына үңіліп көрсек.

Мәзһаб туралы түсінік

Мәзһаб сөзі тілдік ұғымда: жол, жүріс, тұрыс, әрекет ету дегенді білдіреді. Шариғат тұрғысынан алғанда: діни ғылым, мектеп, ілім, түсінік деген мағынаны береді. Ислам дінінде сүнниттер болып саналатын төрт мәзһаб бар. Ол Ханафи, Шафи, Малики және Ханбали мәзһабтары. Әр мәзһаб сол діни ғылымның негізін құраушы имамның есімімен аталады. Ханафи мәзһабының негізін салушы – имам Әбу Ханифа Ан Нұғман ибн Сәбит (699-767 милади). Мәзһабымыздың имамы Әбу Ханифаның білімділігін бағалаған ғалымдар оны имам Ағзам (Ұлы имам) деп атаған.

Мәзһаб сахабалардан бастау алады

Әлем бойынша кең тараған мәзһаб – Ханафи мәзһабы. Тоғызыншы ғасырдан бастап, қысқа мерзім ішінде Ханафи мәзһабы Анадолы, Балқан, Солтүстік Кавказ, Еділ аймағы, Орта Азия, Қытай, Үндістан, Ауғанстан төңірегіне және Индонезия аралдарына тараған. Әрі Ханафи мәзһабын Алтын Орда хандары, Ұлы Моғолдар және Осман сұлтандары ұстанған.

Халифа Рашид дәуірінен кейін Ислам әлемі дүние жүзіне таралып көптеген елдер асыл дінімізді қабылдай бастады. Ол елдердің әрқайсысының өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары болған. Бұлардың ішінде Исламға қайшы келетіндері де келмейтіндері де болды. Сондықтан бұларға Ислам діні үкім шығаруға мәжбүр болды. Яғни, үкімді әрбір елдің салт-дәстүріне және күнделікті әрекеттеріне сай етіп шығару керек болды. Бірақ Ислам әлемі барлық елдердің дәстүріне сай етіп үкім шығару қабілетін ие емес еді. Сондықтан, мәзһабтардың пайда болып, қалыптасуы заңдылық.

Мәзһабтың негізі сахабалар дәуірінен бастап қаланды. Мекке тұрғындары пәтуаны тек Абдулла бин Аббастан (р.а.) сұрайтын. Хазіреті Абдулламен бірге Мекке қаласында өзге де сахабалар өмір сүрді. Алайда, олардың ешбірі Абдулланың (р.а.) бұл әрекетін қате деп сынаған жоқ, керісінше құптады. Ал, Ирақ халқы Абдулла бин Масудтың (р.а.) пәтуасымен амал ететін. Бұл сахаба да ел тұрғындарына үкім шығарып, пәтуа берді. Ал, Хижаз өлкесінің мұсылмандары Абдулла бин Омардың (р.а.) пәтуасын басшылыққа алатын. Бұл жайт пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) кейін халифалар дәуірінде көпшілік сахабалардың көзі тірісіндегі құбылыс. Ешбір ғалым сахаба бұл жағдайды дұрыс емес деп бағаламаған.

Әбу Ханифа мәзһабының құндылығы

Исламның төрт құбыласын тең қылып тұрған төрт мәзһаб ішіндегі қарға тамырлы қазақтың жүрегі мен табиғатына, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына жақыны, әрі жалпақ даланы желіп өткен бабаларымыздың ықылым заманда-ақ таңдағаны имам, Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы. Ханафи мәзһабы тұла бойы адамгершілік пен бүкіл адамзатқа ортақ асыл құндылықтарға бай.

Әбу Ханифа мәзһабы өзге діни мектептерімен салыстырғанда, өз жамағатына көп жеңілдік беруімен, әрі демократиялық бағытымен ерекшеленеді. Біздің жартылай көшпелі халқымыздың бұл мәзһабты қабылдауының тағы бір себебі − өз дүние танымы, бітімі мен болмысы, жүрегі мен діліне оның тонның ішкі бауындай жақындығында.

Орта Азияға Ислам дінінің келуі арқылы, осы жердің данышпандары Хақ діннен нәр алып, білімге деген құштарлықтары арқылы, тек Ислам іліміне ғана емес, әлемдік ғылымға үлестерін қосып адамзаттың тарихында өз орындарын алды. Ханафи мәзһабын ұстанған елдер, оның ішінде біздің ата-бабаларымыз да ғылым-білімді терең меңгергендігі белгілі. Ислам дінінің кеңінен қанат жайып, ғылымда, өнерде және мәдениетте әлемдік өркениеттің жоғары сатысына жетуіне баға жетпес үлес қосқандар осы мәзһабтың өкілдері десек, қателеспейміз.

Әл-Фарабидің пәлсафа мен логикаға, ибн Синаның медицинаға, әл-Бирунидің астрономия, математика және географияға, әл-Хорезмидің географияға, әл-Ферғанидің астрономияға қосқан үлестері, ашқан жаналықтары мен жасаған ізденістерінсіз осы ғылымдарды елестету мүмкін емес.

Имам Мухаммад әл-Бухари, Абу Мансур ас-Самарқанди, Әбу Мансур әл-Матуриди, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Яссауи және олардың көптеген замандастары мен ұрпақтары Орта Азияның ғана емес күллі Ислам әлемінің мақтанышына айналды.

Әбу Ханифа мәзһабының тәуелсіз Қазақстандағы маңызы

Қазіргі қоғамдағы ханафи мәзһабының маңыздылығын айқындау, елдегі тұрақты діни ахуалды сақтап, елдің өсіп өркендеуі үшін қажет.

Ел мұсылмандары бір мәзһабта болса, халық біртұтас, ынтымағы мен бірлігі күшті, ұйымшыл болады. Орта Азия мен Қазақстанда қанша ғасырлардан бері діни алауыздықтың болмай, ұрыс-керіс, дау-жанжалдан іргесін аулақ салуының да бірден-бір сыры осында.

Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін Исламды қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», – деген еді.

Қазақстанда жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру және ұлттық ерекшелікті сақтау жолында Имам Ағзам Әбу Ханифаның діни мұрасы ерекше тарихи рөл атқарды. Әбу Ханифа мәзһабы шариғатқа қайшы келмейтін кез келген дәстүрлерімізді ұстануға мүмкіндік беріп отыр. Бұл осымен де құнды. Қазақ халқының көптеген дәстүрлері Исламға дейін де болған, Исламнан кейін де осы хақ діннің аясында жоғалмай сақталып келеді.

Шын мәнісінде, Әбу Ханифа салған сара жолдың мазмұны және маңызы өте терең. Ханафи мәзһабының өзге дін өкілдеріне деген байсалды ұстанымы арқылы Орта Азияның мұсылман халқы мен осы жерлерді мекендеген басқа діндегі тұрғындар бейбіт өмір сүріп келді. Осы жерлерде көнеден бері буддистер мен несториан христиандар ешбір қыспақсыз өз діндеріне сеніп, емін-еркін өмір сүргені тарихтан белгілі. Мәзһабымыздың осы бір құндылығын жамағатқа, жас буынға сіңіріп отыруымыз өте маңызды.

Сондықтан, Әбу Ханифа мәзһабы ең бірінші шариғи амалдардың бір болуына, жат ағымдардан сақтауға, ел бірлігі мен ынтымағын сақтап, мемлекетіміздің өсіп өркендеуіне мүмкіндік беретін даңғыл жол.

Алла Тағала елімізге, жерімізді өз берекетін жаудырып, халқымыздың, мұсылман қауымының бірлігін нығайта бергей.

алдыңғы мақала
ИМАМДАР ФОРУМЫ: Қадам – нық, бағыт – белгілі, жолымыз – айқын
кейінгі мақала
АЛЛАҒА ЕРКЕЛЕСЕМ...

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником