Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

Ислам және жергілікті халық дәстүрі мен мәдениеті

Ержан қажы Малғажыұлы

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيم

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاةُ وَالسَّلامُ عَلَي أَشْرَفِ الْمُرْسَلِين وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِين

Жаһандану заманындағы толассыз ақпараттар ағынын адам баласының ой-санасы түгел қамтуы мүмкін емес. Сырттан келген кірме ойлар мен пікірлер, идеялық басқыншылық, жоғары технологияның күн санап қарыштап дамуы адам баласын діні мен ділінің темірқазығынан алыстатып, әу бастағы қалыпты пенделік бағытынан, табиғатынан ауытқытып бара жатқандай.

Расында, адам баласы бүкіл ақпаратты талғамсыз қабылдай беретін компьютер не робот емес, ет пен сүйектен тұратын жаратылыс, Жаратушының ең көркем туындысы.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿لَقَدْ خَلَقْنَا الإنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ﴾

Алла Тағала: «Шын мәнінде, Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық [1] », –дейді.

Ендеше, осындай ақпараттар аласапыраны заманында әрбір адам үшін қандай жағдай болса да, шеңберінен шықпайтын тұрақты таным тұғыры, адамгершілік қағидаттар жүйесі болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, жат ағымның, идеологиялық басқыншылықтың құрбанына айналуы ықтимал. «Ат айналып қазығын табады» дегендей, идеялық басқыншылыққа қарсы тұрарлық иммунитетті қалыптастыратын рухани құндылықтарының қазығы болуы қажет. Ол қазық – адамның өскен ортасынан алған жақсы тәрбиесі, рухани құндылықтары, ұлттық салт-санасы, имандылығы. Ұлттық ділі мен діні толыққанды болған жан сырттан төнген рухани басқыншылыққа төтеп бере алады.

Қазақ ежелден мұсылман халық. Ислам дінімен қауышқанына он екі ғасырдан асты. Сол замандардан бастап ұлттық сана-сезімі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті асыл дініміздің құндылықтарымен бірге дамыды. Бір-бірімен астасып, ажырамас құндылыққа айналды. Ислам діні қазақ хандарының идеологиялық бағыты болды, мемлекеттік дініне айналды.

Біз салт-дәстүр дегенде тек қана мәдени әдет-ғұрыптарымызды ғана емес сонымен бірге ұлттық мінез-құлық қағидаларын, әдептілік ұстындарын, адамгершілік қағидаттарына айналған моральдік принциптерін, тағылымды тәрбие ұстындарын, даналықты, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды айтамыз. Осы мұраларымызды көздің қарашығындай қорғап, кәдеге асырған жағдайда ғана ұлттық болмысымызды сақтап қаларымыз анық.

Қоғамдағы ізгі рухани құндылықтарды сақтап қалу бүкіл әлеуметтің ортақ міндеті. Қоғамда шығып жатқан талай келеңсіз жайттар ең алдымен ата-дәстүрімізден жалғасып келе жатқан ибалық, имандылық, ұяттылық, қарапайымдылық, кішіпейілділік, қанағатшылдық сияқты асыл қасиеттерден, дегдарлық дәстүрімізден айрылып бара жатқандығымызды білдіреді. Біз имандылыққа шақыру дегенде тек құлшылыққа, ғибадатқа шақыруды ғана айтпаймыз, ең алдымен халқымызда бар әдептілікке, жақсы мінез-құлыққа, адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынасқа, мейірімділікке, иманды тәрбиеге шақыруды айтамыз. Пайғамбар (с.ғ.с.) да өзінің адамзатқа елші етіп жіберілуінің ең басты мақсаттарының бірі көркем мінез-құлықты толықтыру екендігін баса айтқан.

قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الْأَخْلاَقِ». رَوَاهُ الْحَاكِمُ.

«Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім [2] ».

Ендеше, халқымыздың асыл қазынасы болып саналатын игі дәстүрлеріміз орнықты болса, имандылығымыз да, дініміз де баянды болмақ. Өйткені қазақ халқындағы дін мен дәстүрді бір-бірінен айырып қарауға келмейді. Мысалы, қанға сіңген қасиетіміз қанағатшылдықтың асылы дінімізде, әйелдеріміздің ибалылығының негізі де, үлкенге құрмет, кішіге ізет, әдептілік те, обал-сауапты білу, аманатқа қиянат жасамау, ешкімге жәбір көрсетпеуге тырысу, жапа шеккен жанның наласынан, жетім-жесірдің ақысын жеуден қорқу сезімі, Құдай Тағаланың қаһарынан қорқу, ағайынгершілік, адал мен арам ұғымы – барлығының негізі дінде жатыр. Сол сияқты туған елге, жерге қатысты отаншылдық, сүйіспеншілік сезімдері де имани сезімдермен астасып жатқан дүние.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған бағыты да ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан діни дәстүрлерімізді жаңғырту, елдің рухани құндылықтарының қайта түлеуіне мұрындық болу болып табылады. Қазақ халқы замана көшінен қалып қойған жұрт емес. Өзіндік мәдениеті, тілі, ділі, салт-дәстүрі, бабалар салып кеткен діни бағыты бар. Ол бағыт Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне негізделген сара жол. Оның ішінде шариғаттағы іс-амал бойынша Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы, ал діни танымдық мектебі Имам әл-Матуриди қалыптастырған тура жол. Осы бағыт діни бірлестіктер туралы заңда да айқын көрсетілді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы алдыңғы Жолдауында былай деген болатын: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек».

Шариғатта «Фиқһул-әуләуиат» деген ұғым бар. Оның мағынасы қазіргі кезде ең өзекті болып тұрған мәселелерге басымдық беру, солардың шешімін көрсетіп беру дегенді білдіреді. Мысалы, қазіргі қазақ қоғамында көкейтесті мәселелердің қатарында қоғамда белең алып бара жатқан індеттер, келеңсіз жайттарға қарсы күресу, жастарды имандылық жолына тарту, қазақтың ізгілік дәстүрлерін қайта жаңғырту, діни сауатсыздықты жою сияқты мәселелер тұр. Ал әлдебір екі оқыған діндардың арасындағы дүрдараздық, пікір қайшылығы ең басты мәселе емес. Осы бір аса маңызды нәрсе көп адамдардың назарынан тыс қалуда.

Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.

Ақиқатында, адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَاخْتِلافُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِكَ لآيَاتٍ لِلْعَالِمِينَ﴾

Алла Тағала былай дейді: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар[3]».

الْعُرْفُ اصْطِلاَحًا: مَا اسْتَقَرَّتِ النُّفُوسُ عَلَيْهِ بِشَهَادَةِ الْعُقُولِ، وَتَلَقَّتْهُ الطَّبَائِعُ بِالْقُبُولِ

«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер [4] ».

Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады әрі шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мәзһабының кейбір өкілдері шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шариғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан. Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар мына аятты алға тартқан.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ﴾

Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал [5] », – деп бұйырған.

Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді.

مَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ حَسَنًا فَهُوَ عِنْدَ اللَّهِ حَسَنٌ وَمَا رَآهُ الْمُسْلِمُونَ سَيِّئًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ سَيِّءٌ

«Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман».

Мұсылман тіршілігіне қатысты сан алуан салалардағы іс-әрекеттердің заңдылық сипатын анықтайтын фиқһ ілімінің негіздерінде العادة محَكَّمة «әл-ъаада мухаккама» деген заңнамалық қағида бар. Мағынасы «әдет-ғұрып – төреші», яғни нақтылы дәлелдер келмеген кейбір мәселелерде адамдар арасында қалыптасқан әдет-ғұрыпқа жүгініп, солардың негізінде үкім шығарылады дегенді білдіреді. Демек, кейбір кезде салт-дәстүр, ғұрыптар заңды дәлел ретінде қарастырылады. Бұл ереже фиқһ ілімі ғұламалары түзген, мақұлдаған аса маңызды қағидалардың бірі болып саналады.

Әдет-ғұрып заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырап, дамып отыратын құбылыс. Сондықтан да фиқһ ғұламалары әр заманға және қалыптасқан әдет-ғұрыпқа сай кейбір тармақты үкімдердің өзгеріп отыратындығын айтқан. Осы себепке байланысты түрлі мәселелерге пәтуә беретін шариғат ғалымынан өзі отырған аймақтың әдет-ғұрпы мен мәдениетінен толыққанды хабардар болуы талап етіледі.

Жаратқан Иеміз еліміздің тәуелсіздігін, тыныштығын баянды етсін. Жан-жақты дамыған, имандылық салтанат құрған іргелі елге айналдырсын!

[1] «Тин» сүресі, 4-6-аяттар
[2] Әл-Хаким
[3] «Рум» сүресі, 22-аят
[4] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 53-бет; Әл-Журжанидің әт-Тағрифат кітабы
[5] «Ағраф» сүресі, 199-аят

алдыңғы мақала
АЛЛАҒА ЕРКЕЛЕСЕМ...
кейінгі мақала
Тұрмыс құрғысы келетіндерге 7 кеңес

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником