Еліміздегі төтенше жағдай кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайырымдылық жасауды қолға алуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республикалық «Жүрек жылуы» акциясы бастау алған еді.
Бұған біздің облысымыз да өз үлесін қосып отыр. Карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына облысымыздағы мешіттердің жамағаты, жанашыр демеушілердің көмегімен 350 отбасыға медициналық бетперде, азық-түлік қоры жөнелтілді.
Бұл игі үрдіс аймағымыздың өзінде де жалғасып жатыр. #BizBirgemiz қайырымдылық акциясы аясында облыстық мешіттің бастамасымен кезекті рет Қостанайдағы тұрмысы төмен, көп балалы 100 отбасыға азық-түлік таратылды.
— Төтенше жағдай режимі басталғалы, облысымыздың барлық аудан-қала мешіттері тарапынан осымен 600 отбасыға тамақ және 2740 медициналық бетперде таратылып берілді. Айта кету керек, тігін цехтарына 30 мың бетпердеге тапсырыс жасағанбыз, дайын болғандарын таратып жатырмыз. Бұл науқан шектеу мерзімі аяқталғанша жалғасатын болады.
Індетті болдырмау және сақтық шаралары мақсатында мешітіміздің жамағаты мен өз ықтиярымен келген азаматтар азық-түлікті мұқтаж жандардың мекенжайына дейін апарып беруде. Осы акцияға үн қосып, қаржылай, заттай көмек көрсеткен барша жомарт жандарға айтар алғысымыз шексіз! Халқымыздың осындай жұмылған жұдырықтай береке-бірлігі арқасында барлық қиындықты еңсереміз, — деді Қостанай облысының бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет.