Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Біз біргеміз» және биыл жарияланған «Еріктілер жылы» аясындағы қайырымдылық акциясы халық арасында үлкен қолдауға ие болуда.
Өткенде, Әулиекөл ауданы Аманқарағай ауылы «Сабыр молда» намазханасында жүрегі жомарт жеке кәсіпкерлер Ғабит Мұқанов және Абзал Нығметовтердің ұйымдастыруымен көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған 50 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ Әмит ишан мешітінің наиб имамы Әл-Фараби Кенжеғара өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы да қайырымдылық акциясын өткізуге мұрындық болып, қалың жұртшылықтың шынайы алғысына бөленгендігіне тоқталып өтті.
Сауабы мол іс-шарада аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жанай Алтынсарин, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының есеп және статистика бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Дарбаева, Аманқарағай № 2 орта мектебінің директоры Ғалым Ерішев, ұлағатты ұстаздар Самат Рахметов, Серік Біржанов ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Олар азық-түлікті көмекке мұқтаж адамдардың үйлеріне жеткізді. Мешіт имамы Серікбай қажы Испулов астаналық кәсіпкер Гүлнұр Бекмағамбетова тіккен бетперделеді мешітке келгендерге таратып берді.