Үстіміздегі жылғы жауын-шашынның дер кезінде болмауынан орын алған қуаңшылық мал өсіріп отырған кейбір аудандардағы ағайындарға оңай соққан жоқ. Осы азаматтық пен іскерлік сыналар шақта «Қиындықта ел бірге» жобасының аясында Қостанай өңіріндегі жанашыр азаматтар да оған өздерінің лайықты үлесін қосты.
Мысалы, облыстағы қолдауға зәру 4 ауданға, көмек беру үшін қыруар жұмыстар атқарылды. Осындай ұйымшылдықтың және ауыз бірліктің нәтижесінде Жангелдин, Жітіқара және Б. Майлин аудандарына 45 тонна 400 келі мал азығы болып табылатын шөп жөнелтілді.
Оған 1 млн 351 мың теңге жұмсалып, қостанайлықтар да қиын кезде жерлестеріне көмек беруге әрқашан дайын екендіктерін көрсетті. Оған облыстық мешіттің жанындағы Зекет және қайырымдылық қоры ұйытқы болды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі