Арқалық қаласы бойынша биылғы Мәуліт мерекесі қараша айында бастау алған болатын. Шаһардағы және ауылдық мешіттерде шәкірттер мәуліт қасидаларын оқып, салауаттарын айтты.
Жуырда қазақ жасөспірімдер театрында «Әз пайғамбар хақ жолы» рухани кеші болып өтті. Жиын мешіттің шәкірттерінің салауат әнімен басталды.
Қала әкімі Қайрат Тынымбайұлы жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
Одан кейін сөз алған мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Ардақты пайғамбарымыз, сондай-ақ салауат айтудың маңызы туралы және жастар арасындағы тәлім-тәрбие, ұлттық рухани құндылықтар жайында баяндады.
Басқосуда «Ананың қадірі» атты сахналық қойылым көрсетілді. Театр әртістері өз рөлдерін шеберлікпен орындағандықтары соншалықты, көрермендер көздеріне жас алды. Өйткені отбасындағы ынтымақ-бірлік, ерлі-зайыптылар, ене мен келін сыйластығы, анаға деген құрмет хақында сөз болды.
Сонымен қатар күйлер мен жыр-термелер орындалды. Бас имам бірқатар дін қызметкерлеріне алғыс хаттарды табыс етті. Олардың қатарында Жаңақала ауылында ұзақ жыл қызмет еткен Жақсылық Рақманқұлұлы ақсақал, Фурманов елді мекенінде 17 жылдан бері имамдық етіп келе жатқан Нұрхан Асанұлы және қалалық мешіттің ұстаздары Арлан Бауыржанұлы мен Бахытбек Сәндібекұлы бар.
Кеште «Жастар ресурстық орталығының» директоры Аманкелді Ахметжанов «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» жайлы әңгімеледі.
Жиынға үлкенді-кішілі қауым көп келді. Басқосудың соңында Арқалық қалалық «МухтасибӘлмұхаммед» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Мәуліт мерекесін өткізуге белсене атсалысқан демеуші азаматтар мен кеш жүргізушісі, көпке танымал ақын Айбек Қалиевке шынайы алғысын жеткізді.
Мәуліт мерекесінің құрметіне «Сайора» мейрамханасында «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен дастархан жайылды.