Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде көпшілікке ой салар шара болып өтті. Бұл басқосу ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен 2019 жылы 23-ші қазандағы ІІІ Республикалық имамдар форумында қабылданған айрықша тұжырымдамаға байланысты «Жеті рухани қазық» атты рухани кеш еді.
Жиынға зиялы қауым өкілдері мен зейнеткерлер, Қостанай мемлекеттік университеті, сондай – ақ, Қостанай гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты. Кеш басында қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің бас имамы Шоқан Әмірханов барша жұртшылыққа шынайы алғысын білдірді.
Онда сөз зергері, ақын, жазушы, драматург, филология ғылымдардың кандидаты Ақылбек Шаяхмет көпшілікке өз тілегін арнап, өлең оқыды. Жерлестеріміз оны ұйып тыңдады.
Айтулы шарада бірқатар тақырыпта Қостанай қалалық «Жайлаубай атай мешітінің наиб имамдары: Мейрамбек Жетесов, Бақберсін Ізбасаров уағыз-насихат айтып, жиналғандарды дән риза етті.
Жоғарыда аталған мешіттің наиб имамы Нұрлан Сейдагалиев терең білім көрсеткен жамағатқа «Тәпсір тұнығы» деп аталатын құнды еңбегін сыйға тартты.