Жуырда Науырзым ауданы орталығындағы «Жамбыл» орта мектебінің жоғары сынып оқушылары (8 – 11 – сыныптар) арасында тәрбиелік іс – шарасы өткізілді. Оны ұйымдастыруға аталмыш білім ордасы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлан Сағынаев, психолог маман Айкүміс Тасанова және аудандық «Түркебай» мешітінің наиб имамы Кенжеғара Әл- Фараби мұрындық болды.
Бұл жиын тәрбиеге тікелей қатысты болғандықтан ұстаздар оқушылардың мектеп қабырғасында өздерін қалай ұстауы, сөйлеу мәдениетін сақтаулары, күнделікті сабаққа дайындықтары, араларындағы достық-сыйластық қарым-қатынастары, мұғалімге деген құрмет, ата-ананы сыйлау этикалары жөнінде әңгімеледі.
Осынау іс-шараға арнайы шақырылған наиб имам Әл-Фараби де басқосқан оқушыларға ата-анаға, ұстазға, досқа деген құрмет, ізеттілік- инабаттылық туралы ұлағатты уағыз айтты.
Сондай-ақ тәрбиеге қатысты Құран аяттарында, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілгі мен сәлемі болсын) хадистеріне арқау болған ұлық сөздерге тоқтап, оқушылардың ұстаздарын сыйлауда, терең білім алуда, татулықтың, бірліктің, яғни, жалпы айтқанда имандылықтың қаншалықты маңызды екендігін жеткізді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі