Қостанай облыстық мешітінің ұйымдастыруымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Қостанай облысы имамдары арасында волейболдан облыстық жарыс өтті. Аталған спорттық шара дін қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бірлік пен ынтымақты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, спорт пен руханияттың өзара сабақтастығына тоқталды.
Ол өз сөзінде:
«Дене саулығы – рухани кемелдіктің кепілі. Салауатты өмір салты – мұсылманның өмірлік ұстанымы болуы тиіс», – деп атап өтті.
Сайысқа облыс бойынша аудан және қала мешіттерінен келген имамдардан құралған командалар қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар әділ бәсекеде өз шеберліктерін сынады.
Турнир қорытындысы бойынша үздік деп танылған командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, белсенділік танытқан қатысушыларға ынталандыру мақсатында грамоталары берілді.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, дін қызметкерлерін рухани ғана емес, физикалық тұрғыдан да шынығып жүруге үндеді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі










