Биыл қазақтың маңдайына біткен бір туар азамат, ақын, жазушы, көрнекті көсем сөзшебері Міржақып Дулатұлына 135 жыл толды. Ол Алаш қайраткерлерінің алдыңғы сапында жүріп, ұлтымыздың сауаттануына, рухани, мәдени тұрғыдан дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Әсіресе, оқу-ағарту саласында сіңірген еңбегі ерекше. Бүкіл саналы ғұмырын ұлтының жарқын болшағына арнады. Осынау дара тұлғаның мерейтойы қарсаңында Рудный қалалық «Нұр» мешіті мектеп оқушылары арасында «Арқаның саңлағы – Міржақып» атты байқау өткізді. Оған 39 оқушы қатысты. 7-10 сыныптардағы шәкірттер арасында ақынның шығармалары жатқа оқылып, мағынасына қарай суреттер салынды. Аталмыш шарада оқушылар көсемсөз шеберінің өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін көрсетті. Балалар өздерінің тиянақты дайындықпен келгендігін танытты.
- Байқаудың негізгі мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беру, көркемсөз оқу жөніндегі шеберлігін дамыту және ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Сонымен қатар, балаларға Міржақып бабамыздың өлмес мұраларымен жан-жақты танысуына мүмкіндік туды -дейді мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев.
Әділ қазылар алқасы оқушылардың білімін сарапқа салып, жеңімпаздарды анықтады. Шығармаларды мәнерлеп оқудан Бас жүлдені Б.Майлин мектебінің оқушысы Жамбыл Тоққажаев, сурет салудан 1-ші орынды Кәрім Рахимов иеленді.
Жүлде қоры 100 мың теңгені құрады. Жалпы 16 оқушыға ақшалай сыйлық пен М.Дулатұлының «Оян, қазақ» атты кітабы тапсырылды. Байқауға «Адлет-Т» ЖШС төрағасы Бақберген Қасымұлы демеушілік етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі