Елбасымыздың ұсынуымен 2019 жылды «Жастар» жылы деп жариялағаны белгілі. Осы орайда «Рудный құрылыс және көлік колледжінде» ата-аналар жиналысы болып, қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы шақырылды.
Аталмыш ата-аналармен басқосудың басты мақсаты - қазіргі кезеңдегі еліміздің болашағы болып табылатын жастардың қоғамдағы орны мен тәлім-тәрбиесіне үлкен мән беру, діни сауаттылықтарына айрықша көңіл бөлу.
Жастар – кез келген қоғамның келешегі және қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білімі мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына әбден байланысты. Жастар — біздің жарқын болашағымыз. Оларға жіті көңіл бөлу, тәрбиелеу — дін қызметкерлері мен басшылардың негізгі міндеттеріне жатады.
Осыған орай, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы жастардың діни сауаттылығына тоқталып, олардың алдағы уақытта басқа ағымдардың жетегінде кетпеуіне, ата-аналардың үлкен жауапкершілік танытулары қажет екендігін айтып өтті.
Сондай-ақ ол сөз барысында қазақтың затына да, дәстүріне де сай келмейтін діни ағымдардан аулақ жүру қажеттігін еске салды. Басқа да өзекті мәселелерді баяндады.
ҚМБД-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі