Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Арқалық қалалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің қызметкерлері шаһардағы балалар және жасөспірімдерге арналған мекемесінде болды.
Онда 4 пен 15 жас аралығындағы ата-ана құқығынан айырылған балалар тәрбиеленіп жатыр.
Мешіттің ұстазы А.Нұғыманов пен найб имам Е.Касенов мешіт шәкірттерінің қатысуымен сәбилерге мерекелік кеш өткізді. Ол өте әсерлі өтті.
Бұлар өздерімен бірге базарлығын да ала барды. Он бес сәбиге ойыншықтар мен тәттілер тапсырылды. Сондай-ақ олардың ұғымына сай келерліктей тәрбие жөнінде насихат айтылды. Қызықты қойылымдар қойылып, әсем әндер шырқалды.
Мешіт шәкірттері өздерінің арнайы дайындаған мерекелік бағдарламасын «Көктемнің шуақты күніндей, жауқазындай жайнап, қызғалдақтай құлпырып жүре беріңдер» - деген ең ізгі тілекпен түйіндеді.
Тіршілікте баланың қуанышына не жетуші еді. Өздеріне деген айрықша ықыластан сәбилердің жүздері шаттықтан бал-бұл жанды,- дейді бас имам Бектұрсын Уәлиев.
Кештен кейін бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған мекеме қызметкерлері Бектұрсын Уәлиев бастаған мешіт ұжымына шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі