Бұл күндері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздегі барша дін қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойып отыр.
Ол ең алдымен халықпен тікелей байланыста жұмыс істейтін имамдардың қазіргі уақыт талабыны орай қай жағынан болсын сай болуы. Бұл азаматтардың біліктілігі, адамгершілік қырлары олардың әрбір сөздерінен, жүріс-тұрысынан айқын көрініп тұруға тиіс.
Аталған діни басқарманың облыстағы өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлының мұрындық болуымен жақында Қостанай қаласындағы «Достық» үйінде өңірдегі барша аудан және қала имамдарының қатысуымен «Ислам және зайырлы қоғам» деп аталатын семинар болып өтті.
Осы берері мол басқосуда дін қайраткерлерінің алдағы уақытта күнделікті қызметтерінде басшылыққа алар өзекті мәселелер қозғалып, олар көп жайды көңілдеріне түйді.
Семинарды ашқан облыстың бас имамы Бахытбек Тәжімбет «Дін – насихат» жайлы кеңінен әңгімеледі. Оның ұлағатқа толы сөздерінен барша жиналған қауым ерекше тағылым алды.
Сондай-ақ аталған жиында облыстық дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы Сапарғали Әбдиевтің, Жітіқара ауданы және Рудный қалалық мешіттерінің бас имамдары Сабыржан Есмурзин мен Сейіт Нұрқановтардың қозғаған мазмұнды тақырыптар да көпшілікке жақсы әсер қалдырды.
Осынау семинарда Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалың төрағасы әрі «Зекет» қорының өкілі Жақсылық қажы Ғайсиннің қайырымдылық мәселесі жайлы қозғаған әңгімесі де баршаны терең ойға жетеледі.
Семинардың мақсаты облыс көлеміндегі барлық имамдарға «Ислам және зайырлы қоғам» жайында кеңінен түсіндіріп, алдағы уақытта жергілікті жерлерде де осы іспеттес тақырыпта жұмыстар атқаруларына жол көрсету.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі