Жақында Қостанай облысы Жангелдин аудандық “Оспанқожа әулие” мешітінің ұйымдастыруымен Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туған күніне арналған “Менің сүйікті – Пайғамбарым” атты діни мерекелік іс – шара ойдағыдай өткізілді.
Оған аудан басшысынан бастап, жергілікті тұрғындар, дін жанашырлары және өмір көрген ақсақалдар мен қажылар қатысты. Алматыдағы Нұр Мүбәрак Египет ислам мәдениет университетінің түлегі Рүстем Исламұлы дүниеден өткен барлық сахабалар мен әулие-әмбиелердің рухтарына Құран бағыштады.
Мерекелік басқосуда Жангелдин ауданының әкімі Асқарбек Кенжеғарин сөз сөйлеп, барша жұртшылықты айтулы Мәуліт күнімен шын жүректен құттықтады.
Содан кейін мешіт шәкірттері Пайғамбарымызға салауат айтты. Жоғарыда аталған мәртебелі жоғары оқу орнының 3-курс студенті Дархан Қосылбаев пен Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Ұлжан Сапан асыл дініміздің ерекшеліктері мен қасиеттерін ұғындырып, “Пайғамбарға махаббат” тақырыбында баяндама жасады.
Діни іс – шара барысында Мәуліт күніне орай әндер шырқалып, тағылымды көрініс көрсетілді. Жангелдин аудандық “Оспанқожа әулие” мешітінің бас имамы Аян Хасенов мұсылман жамағатқа шынайы алғысын білдіріп, мешітке демеушілік жасаған жүрегі жомарт жандарға Алғыс хаттарын табыс етті.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі