Жуырда Қостанай облысы Сарыкөл ауданында рухани кеш өтті. Бұл шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Тәжімбет Бахытбек, аудан әкімі Күзембаев Эльдар және көршілес Қарасу мен Алтынсарин аудандарының имамдары қатысты.
Өкіл имам Бақытбек қажы Нұрғабылұлы Алланың мейірімі мен рақымының жер бетіндегі дара өкілі Мұхаммед (ﷺ) пайғамбар туралы, сонымен қатар қазіргі таңдағы бала тәрбиесі, ата-ананы сыйлау, тастанды бала секілді өзекті мәселелермен байланыстыра отырып уағыз айтты.
Бұл кеште айтыс жүлдегері, суырып-салма ақын Ізтілеуов Мамай және Алтынсарин ауданынан арнайы келген қонақ Алпысов Әбіш «Бес парыз» термесін орындады. Сонымен қатар діни шығармалар мен «Салауат шәриф» орындалып, теріс ағымның алдын алу туралы «Діннен адасқандар» атты қойылымды аудан өнерпаздары әсерлі орындап көпшіліктің көңілінен шықты.
Аудан әкімі Күзенбаев Элдар Қонысбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауданның бас имамы Дәулетбай Махмұтұлына Алла жолында қызмет үшін жаңа үлгідегі «Ravon Nexia 3» көлігінің кілтін табыс етті.
Кеш соңында бас имам Дәулетбай қажы осы шараның орындалуына демеушілік жасаған кісілерге және келген қонақтарға алғысын айтып, 7 ғасыр ақыны Имам Бусайридің қасидасымен аяқтады.
Сонымен қатар бұл күні спорт бөлімінің ұйымдастыруымен суға жүзуден, тоғыз құмалақ, асық ату, бес тас ойындары өткізілді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі