Қостанай облысы орталығынан едәуір жерде жатқан Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің Бас имамы Есенкелді қажы Әжімахантегінің ұйытқы болуымен жергілікті ағайындарға ғибраттық жағы мол талай кештер өткізіліп келеді.
Бұдан бұрын да белгілі дін қайраткерінің іскерлігінің арқасында жұртшылыққа өнегелік жағы ерекше шаралар жүзеге асырылды. Жас өспірімдердің ой-өрісін кеңейту мақсатында еліміздің бірқатар өңірлеріне саяхаттар жасалды.
Ол кезінде баспасөздерде жазылып, оқырмандар хабардан етілген-ді. Жуырда Мәуліт мерекесінің аясында аудан орталығындағы № 2 Ұзынкөл орта мектебінде 9 жас келіншектердің қатысуымен дәстүрге айналған «Келіндер сайысы» болып өтті.
Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет қатысты. Бас имамның ауданға келуі сайыстың мәртебесін арттырды.
Әділқазылар алқасына осы аудандағы ардақты да абзал аналар Бибіжар Бұхметова, Күлтай Қапезқызы, Сара Бағытбайқызы еніп, өздерінің лайықты бағаларын берді.
Жас келіндер сайысы барысында олардың біреуі әуелете ән шырқаса, екіншісі сөздің інжу-маржандарын кестеледі.. Ал енді біреулері би билеп, өзгелері де өнерлерін көрсетті. Бәрі де өздерінің жан-жақты дайындықпен келгендерін танытты.
Олардың ой-өрісін, пайым-парасаттарын тексеру мақсатында түрлі сұрақтар қойылып, қатысушылар тиісті жауаптарын берді. Әйел затына сын боларлық тағам дайындау, ісмерлік таныту және басқа да өнегелі ұлттық салт-дәстүрлеріміз жан-жақты көрсетілді.
Бұл жарыста жұртшылық назарына ұсынылған жайлар, әсіресе, залда отырған бойжеткендер мен бүлдіршін қыздарымызға ерекше әсер етті. Аудандағы ағайындар сайыстың танымдық-тәрбиелік жағынан ұмытылмас ғибрат алды.
Сайыстың қорытындысында облыстың бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы сөз алып, жеңімпаздарға сыйлықтарды табыс етті. Барлық қатысушыларға алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасында қуаныш пен бақытқа кенеле берулеріне тілектес екендігін жеткізді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі