Өткен жылдың қазан айында өз жұмысын бастаған Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті жанындағы діни сауат ашу курсы өз мәресіне жетіп, қорытынды кеш ұйымдастырылды.
Білім алушы шәкірттерге мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы, наиб имам Есбол Айтмұханбекұлы және ұстаз Арлан Бауыржанұлы тәлімгерлік етіп, білім нәрімен сусындатты.
Мұндай талапты жастар өткен кезең ішінде тек білім алып қоймай, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында бой сергітер спорттық ойындар және басқа да жарыстарға қатысып, шеберліктерін шыңдады.
Сонымен қатар мешітте өткізілген қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, зейнеткер, мүмкіндігі шектеулі жандардың отбастарында болып, оларға көмектерін көрсетті.
Жақында сынақтан ойдағыдай өтіп, жан-жақты білімдерін дәлелдеген 30 шәкіртке жоғарыда аталған мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев куәліктерді табыс етті.
Оларға шаһардағы аға буын өкілдері, яғни қажы ақсақалдар ақ баталарын беріп, үлкен өмірге қадам басқан түлектерге сәттілік тіледі. Содан кейін дастархан жайылып, ас берілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі