Рухани келісім күнінде Затобол кентіндегі «Астана» спорт сарайында шағын футболдан жарыс өткізілді. Жарысқа ислам және христиан діні нанымындағы азаматтардан құралған төрт команда қатысты.
Доданың ашылу салтанатында Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Көпжасаров сөз сөйлеп, атаулы күнмен барша қатысушыларды құттықтады.
– Елімізде жүздеген ұлт өкілдері, әртүрлі дін ұстанушылар бар екенін білесіздер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында, барлығымыз татулықта, бірлікте өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ойындарыңыз осы күніміздің айнасы болсын. Бір шаңырақ астында тұратын халық бір команданың ішінде де түсінісіп ойнауға тиіс, – деді Бауыржан Ғалымжанұлы.
Жарысты ұйымдастырушы, Маңдай батыр мешітінің бас имамы Азамат қажы Мұрзақан ережені тағы бір еске салған соң, футбол басталып кетті. Бірінші ойын Қостанай қаласы мешітінің қомандасы және Қостанай ауданының мешіті мен шіркеуінің № 2 құрамасы арасында өтті. Тартысты кездесу соңғысының пайдасына шешілді. Ал, Қостанай облысының құрамасы Қостанай ауданының мешіті мен шіркеуінің № 1 құрамасынан 5:3 есебімен ұтылып қалды. Үшінші орын үшін таласта Қостанай қаласы мешітінің намазхан жігіттері облыстық құраманы 5:4 есебімен жеңіп кетті. Қорытынды көрсеткіштен-ақ ойынның қаншалықты тартысты өткенін бағамдай беріңіз. Финалдың да қызығы драмалық қойылымнан кем түскен жоқ. Қостанай ауданының екі құрамасы да шебер ойын өрнегін көрсете білді. Бірінші таймнан кейін 3:1 болып, № 1 құрама ұтып тұрған, келесі кезеңде олар тіпті жеңіліп қала жаздады. Соңғы минуттарда ғана голдар санын теңестіріп, негізгі уақыт 5:5 болып аяқталды. Кезек пенальтиге келді. Онда да қос құрама біразға дейін беріспеді. Екі қақпашы да тебілген бес доптың біреуін қайтара алды. Төреші қосымша мүмкіндіктерге иек артты. Жетінші мүмкіндікте № 1 құраманың қақпашысы бір допты ұстап қалып, командаластарын қуантты. Айта кетейік, жеңімпаз команданы Маңдай батыр мешітінің бас имамы Азамат қажы Мұрзақан бастап шыққан болатын.
Жарыс соңында қатысушыларға кубок және мақтау қағаздары табыс етілді. № 1 құраманың намысын қорғаған Илья ------------ «жарыстың үздік ойыншысы» атанды.
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ