Қасиетті Рамазан айының құрметіне Рудный қалалық «Нұр» мешіті мен «Социум и Я» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кезекті спорт шарасы болып өтті.
Бұл жолы жамағаттың ауыз бірлігін нығайту мақсатында Қостанай облысындағы мешіт жамағаттары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Аталмыш жарыс жоғары деңгейде өтіп, ол көптін есінде қалды. Облысымыздың түрлі өңірлерінен келген мешіт жамағаттары намысты қолдан бермеуге тырысты.
Жарыстың қорытындысы бойынша Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Азамат Серікбайұлы бастаған жамағат жеңіске жетті.
Бірінші орынға ие болған Рудный шаһарының жамағатына мақтау қағазы мен теледидар табыс етілді. Сондай-ақ, екінші және үшінші орындарды иеленген Қашар кенті мен Әулиекөл мешітінің өкілдеріне шаңсорғыш пен мақтау қағаздары берілді.
Спорттық шараның соңында жамағаттар Рудный қаласының кәсіпкері Марат Ахметов мырзаның «Мулима» атты жаңадан ашылған дәмханасындағы жайылған дастарханның басына жиналды.
Жиналған қауымға Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы уағыз айтып, баршаға алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасына ырыс-береке тіледі.
Сондай-ақ әңгімеге арқау болған Рудный қалалық «Нұр» мешіті және де Рудный ішкі істер басқармасының ұйымдастыруымен жастар арасында күрестің дзюдо түрінен де жарыс өткізілді.
Аталмыш шара кеншілер шаһарында орналасқан «Горняк» спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған өңірден келген 10-12 жас аралығындағы 110 спортшы бақтарын сынады.
Жарыс соңында Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Азамат Серікбайұлы мен Рудный ішкі істер басқармасының басшысы Серік Нүртаев өздерін көрсеткен спортшыларға шынайы алғыстарын білдірді. Жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен сыйылықтарды табыс етті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі