Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «2020 жылға дейін діни білім беруді дамыту» тұжырымдамасы негізінде Арқалық қалалық мешіті облыстық деңгейде Құран жарысын өткізді.
Бұл сайыс 30-шы параны және 25 cүрені жатқа, сондай-ақ Құранды мәнерлеп оқу секілді номинациялардан тұрды.
Осынау жарысқа жалпы 60 шәкірт қатысып, бақтарын сынады. Облыстық мешіттің наиб имамы Дархан Манарбекұлы бастаған әділ қазылар тобы қатысушылардың білім деңгейіне ерекше мән беріп, бағалады.
Жарыстың қорытындысы бойынша 30-шы параны жатқа оқуда I-орынды Арқалық қаласының шәкірті, 6-шы сынып оқушысы Дінмұхамед Сәулетұлы, II- орынды қостанайлық Ерсұлтан Аминов, III-орынды арқалықтық Сағидолла Абсадық жеңіп алды.
Сондай-ақ 25 cүрені оқуда бірінші, екінші және үшінші орындарға арқалықтық Әділхан Сұлтанов, қостанайлықтар Зейнолла Оразхан, Хайролла Абылайлар ие болды.
Ал Құранды мәнерлеп оқуда бірінші және екінші орынды арқалықтық Нұралы Әлихан мен Нұрмұхамед Қапеновтер мен қостанайлық Абдрахман Әбілқасым жеңіп алды.
Сонымен қатар осы күні Рамазан айының құрметіне әр-түрлі спорттық ойындар да ұйымдастырылды.
Жеңімпаздарға мешіт атынан қаржылай сыйлықтар мен естелік хадиялар табысталды.
Облыстық мешіттің найб имамы Дархан Манарбекұлы екі күндік сауапты да игі істерді ұйымдастырған Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев бастаған ұжым қызметкерлері мен мешіт ұстазы Арлан Бауыржанұлына шынайы алғысын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі